Бюджет • 29 Қараша, 2024

Бюджет қаражатын үнемдейтін сервис

73 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік мүлікті қайта бөлу мен бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында «Tapsyru» сервисі іске қосылды. Әзірге қанатқақты режімде жұмыс істейді.

Бюджет қаражатын үнемдейтін сервис

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Платформа ұйымдарға баланстан балансқа жету рәсімін сәтті жүргізеді. Бірлескен шарт­тар тетігін одан әрі же­ңіл­детіп, талап етілмеген мү­лік­тің бірыңғай тізілімін қа­лып­тастырады. Қазір «Tap­syru» сервисіне 700-ден астам қа­тысушы, 313 мың актив тірке­ліп үлгерген. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің сөзінше, осындай маңызды салалардың цифрлануы – бюджет қаража­тын ұтымды жоспарлауға кө­мектеседі. Әрі көлеңкелі экономиканы әлсіретіп, жояды.

Оған қоса келер жылы «Кә­сіпкердің бірыңғай жеке ка­бинеті» порталын іске қосу жос­парда тұр. Ол мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлердің өзара іс-қимылын жеңілдетеді. Нәтижесінде, салықтық, кеден­дік әкімшілендірудің тиімділігі артып, бюджет қаржысы ұтым­ды жұмсалмақ. Сонымен қатар бизнес-жағдайларды басқару­ды оңтайландырып, мемлекет­тік органдар мен кәсіпкер­лер арасындағы өзара іс-қимыл үдерістерін ұтымды етпек.

Жалпы, қаржы саласын цифрландыру бір ізге түскендей. Жоғарыда айтқан бастамалардан бөлек, Қар­жы министрлігі «Онлайн бюд­жеттік мониторинг» жобасын іске асырып жатыр. Ол мем­лекеттік бюджеттің орындалуын қадағалап, қаражатты тиімді жоспарлап, жұмсалуын бақылайды. Мысалы, бұрын тексерулер «қолмен басқару режімінде» жүргізілетін еді. Қазір жүйеде 150 млн-нан астам төлем автоматты түрде өңделіп жатыр. Түсіндірер болсақ, Ішкі мемлекеттік аудит комитеті төлемдер бөлігінде тәуекелдің алдын алуды талдайды. Осының арқасында бюджетке 4 млрд теңге қаражат қайтарылды.

Дамыған елдер әлдеқашан осындай сервистерді пайдалану арқылы айтарлықтай пайдаға кенелген. Мәселен, АҚШ-та «OpenGov» платформасының арқасында кейбір штаттар әкімшілік шығындарды 20%-ға дейін азайтқан. Германия болса, «SAP Public Sector» жү­йесі арқылы бюджетті жос­пар­лау уақытын қысқартып, жылына миллиондаған еуро үнемдеген. Егер аталған жобалар қолданысқа сәтті енер болса, біз де осы көшке ілесіп қалармыз.