Саясат • 29 Қараша, 2024

Мемлекеттік басқарудың жаңа көкжиектері

188 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құрылғанына – 30 жыл. Оның қалыптасуы мемлекеттік басқарудың бейімділігі, белсенділігі мен сапасына жаңа талаптар қойған жаһандық өзгерістер мен трендтер аясында өтіп жатыр. Бұл кезең, сонымен қатар, осы және басқа да сын-қатерлерге жауап ретінде мемлекеттік басқарудың жаңа доктриналарының пайда болуымен сипатталады.

Мемлекеттік басқарудың жаңа көкжиектері

Фото: Ашық дереккөз

Біздің аймақ елдерінде бұл жаһандық үдерістер тәуелсіздік қайтарылғаннан кейінгі мемлекет рөлінің теңдессіз трансформациясы және терең әлеуметтік-экономикалық реформалармен қатар жүрді. Технологиялардың қарқынды дамуы, азаматтар талаптарының артуы, пандемияның салдары жоғарыда аталған факторларды қоса алғанда тек мемлекеттік басқару жүйелеріне ғана емес, заманауи мемлекет модельдеріне де - үлкен сынақ. Десе де, әр үкімет бірегей әлеуметтік-мәдени және геосаяси ахуалда осы сынақтардан өтіп, тәжірибе жинақтап жатыр. Үкіметтер шешімдерінің сапасы көбіне мемлекеттік қызметшілер біліктілігі мен ынтасы, сондай-ақ ғылыми қолдау дәрежесімен анықталады. Ал ол өз кезегінде мемлекеттік басқару академияларына жаңа талаптар туындатты.

Түрлі тарихи себептерге байланысты біздің аймақ елдерінде мемлекеттік басқару ғылыми пән ретінде салалық ғылымға қарағанда кенжелеп, ондаған жылдар бойы жаһандық трендтер мен озық зерттеулерден қол үзіп қалған еді. Осы орайда, Мемлекеттік қызмет агенттігі мен мемлекеттік басқару академиясын құру мемлекеттік басқару реформаларын институционалдық қамтамасыз ету және сараптамалық сүйемелдеу тұрғысынан маңызды қадам болды. Уақыт бұл шешімнің дұрыстығын дәлелдеді.

1999 жылғы «Мемлекеттік қызмет туралы» заңға сәйкес әзірленген мемлекеттік қызметтің нормативтік-құқықтық және институционалдық базасы халықаралық ұйымдар мен сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Саяси ерік-жігер болған кезде агенттік пен академияның сараптамалық-ғылыми әлеуеті концептуалды актілерді жоғары деңгейде әзірлеп, оларды тиімді іске асыруда пайдалы екендігін уақыт көрсетіп отыр. Бұған мысал ретінде үш құжатты алуға болады: біріншісі, агенттік пен академияның әлеуетіне жүгінбей, жабық түрде әзірлеген «100 қадам - Ұлттық жоспарының» тиісті бөлімі. Онда мемлекеттік қызметтің мансаптық үлгісіне көшу жарияланған еді. Алайда, уақыт өте келе, құжатты әзірлеушілер мансаптық үлгінің тек іріктеу және ілгерлетумен шектелмейтінін толық түсінбегені анықталды. Нәтижесінде 2021 жылы Мемлекеттік басқаруды дамыту тұжырымдамасында лауазымдық үлгіні пайдалану қажеттігі айтылды.

Екінші және үшінші құжаттар - бұл 2021 жылғы мемлекеттік басқаруды дамыту және 2024 жылғы мемлекеттік қызметті дамыту тұжырымдамалары. Олар Президент Әкімшілігі мен Агенттік «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттары мемлекеттік органдардың азаматтармен қарым-қатынасында ғана емес, сонымен қатар сарапшылар қауымдастығымен әріптестікте де тиімді бола алатындығын көрсетті. Бюрократиядан арылту туралы жарлықты дайындау кезінде де осы оң үлгі жүзеге асты. Жоғарыда айтылғандарды және жаһандық проблемалар мен аймақтық ерекшеліктерді ескерсек, мемлекеттік басқару теориясы мен практикасының бірқатар өзекті бағыттарын атауға болады:

Бірінші – жаңа мемлекеттік басқару, Good Governance, неовебериандық, New Public Passion, Stewardship доктриналарын белгілі бір әлеуметтік-мәдени және тарихи жағдайларда қолдану тәжірибесін зерттеу.

Екінші – Бенчмаркинг. Мұнда екі мәселеге назар аударғым келеді, біріншісі, халықаралық индекстердің құрылымы мен объективтілігі. Зерттеулер олардың кейбірінде әдістемелік сипаттағы проблемалар бар екенін көрсетіп отыр. Екіншісі, жеке мемлекеттердің ерекше тәжірибелері. Ғылыми зерттеулерде әдетте назар аударылатын елдермен қатар, Қытай мен Скандинавия елдерінің мемлекеттік басқару жүйелерін тереңірек зерттеу маңызды деп санаймын.

Үшінші – салалық реформалардың саяси және әкімшілік жүйелермен байланысын талдау қажет. Менеджмент тұрғысынан саяси жүйе бүкіл мемлекеттік басқарудың сезімталдығы мен бейімделгіштігін, сондай-ақ институционалдық есептілігін анықтайтыны сөзсіз. Өз кезегінде әкімшілік жүйе институционалдық икемділік пен тиімділікті қамтамасыз етеді.

Төртінші – өкілеттік, жауапкершілік және ресурстардың балансын тігінен және көлденеңінен қамтамасыз етуді зерделеу. Мұнда біз басқарудың әр деңгейінің миссиясын және мемлекет функцияларын жүзеге асырудың оңтайлы деңгейлерін нақты анықтау туралы айтып отырмыз. Мысалы, білім беру және денсаулық сақтау мәселелерінде облыс пен аудандар арасында өкілеттіктерді қалай бөлген жөн? Расында, осы салалардағы бүгінгі дисбаланс аудандық деңгейдің жауапкершілігін сақтай отырып, өкілеттіктер мен ресурстарынан айырылуға алып келді.

Бесінші – мемлекеттердің ұзақ мерзімді мүдделері мен саясаткерлердің тез жеңіске жетуге табиғи ұмтылысы арасындағы үйлесімділікті қамтамасыз ету жаһандық сипаттағы үлкен мәселе. Бұған популизмнің өршіп тұрғанын қосақ, онда бұл тақырыптың қазіргі заманғы мемлекеттік модельдер үшін сын-қатер ретінде өзектілігі айқын болады. Бұл тұрғыда стратегиялық басымдықтарды қорғау ісіндегі кәсіби мемлекеттік қызметшілер корпусының, әсіресе аға мемлекеттік қызметтің рөлі басты назарда болуы тиіс.

Алтыншы – бюрократиядан арылуда процессуалдық және технологиялық аспектілермен қоса алғанда институционалдық қолдау назар аударуға тұрарлық мәселе. Мысалы, өкілеттік, жауапкершілік пен ресурстардың дисбалансының, бақылау және есеп беру жүйелерін орталықтандырудың ақпараттық ағындар мен мемлекеттік басқарудың белсенділігіне әсері. Осы ретте шешім қабылдау процестерін қарапайымдату шараларын да бірге қарастырған жөн. Көптеген елдерде бюрократиядан арылту, қарапайымдату мәселелері, сондай-ақ әкімшілік реформаның институционалдық аспектілері Мемлекеттік қызмет агенттігіне ұқсас функциялары бар мемлекеттік органдардың құзыретінде екенін атап өткім келеді. Д.Трамптың Мемлекеттік басқару тиімділігі департаментін құруы, оған басшы ретінде жаңашылдығымен белгілі И.Маскты тартуы осы бағытта жаңа шешімдерге серпін береді деп ойлаймын.

Жетінші – азаматтар талаптарының артуы қоғамдық сенім мәселесін жаңа деңгейге көтерді. Сенім әлеуметтік қана емес, сонымен бірге маңызды әкімшілік капитал. Осыған байланысты саясатты әзірлеу және жүргізу құралдарының арасында «behavioural policy making» деп аталатын құралға назар аудару орынды болар еді.

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы қабырғасында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік басқаруды жетілдіруге бағытталған бірқатар бастамалары халықаралық сарапшылар тарапынан қызығушылық пен қолдауды тауып отырғанын айту орынды. Мәселен, американдық мемлекеттік басқару қауымдастығы конференциясында мемлекеттік басқару ғылымы мен практикасының патриархы, профессор Честер Ньюланд өз елінің саяси жүйесінің проблемаларын айта келе, үлгі ретінде президенттікті бір мерзімімен шектеген Қазақстан тәжірибесін келтірді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Адал азамат» тұжырымдамаларын қоса алғанда, осы бастамалардың мемлекеттік басқаруға ұзақ мерзімді әсері маңызды ғылыми ізденістерге серпін беруі мүмкін деп ойлаймын.

Мемлекеттік басқарудың өзегі – мемлекеттік қызмет. Біз қандай технологиямен қарулансақ та, оны адамзат мүддесі үшін дұрыс, не бұрыс қолдану – мемлекеттік қызметшілердің қолында. Тәжірибе көрсеткендей, технологиялық дамудың жаңа деңгейіне көшу жауапкершіліктің жаңа деңгейін қажет етеді. Сол себепті адами ресурстарды басқару маңыздылығы жаңа деңгейге көтеріліп отыр. Осы ретте Мемлекеттік қызмет агенттігінің корпоративтік мәдениет деңгейін көтеруге бағытталған бастамалары өте өзекті. Енді осы бастамаларды ғылыми сүйемелдеу маңызды. Осыған орай меритократия қағидаттарын қорғай отырып іріктеу процесі ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі дәстүрлі шаралармен қатар, конкурстық іріктеуге сенім деңгейіне әсер ететін факторларды, мүдделер қақтығысының алдын алу және әшкерелеушілерді қорғаудың құралдарын зерттеу өзекті.

Біз мемлекеттік қызмет агенттігімен және Мемлекеттік басқару академиясымен ынтымақтастығымызды жоғары бағалайтынымызды атап өткім келеді. Қазіргі әлемде тәжірибе мен білім алмасу институттары күрделі сынақтарға жауап берудің маңызды факторы.

 

Әлихан БАЙМЕНОВ,

Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитет төрағасы