Ерекше қажеттіліктері бар балаларды білім ұйымдарына интеграциялау – әлемнің кез келген елінде білім беру жүйесін дамытудың заңды кезеңі оған дамыған елдер, соның ішінде Қазақстан да қатысады. Инклюзивті білім беру, қарапайым тілде «білім баршаға» бағдарламасы барлық балаға мектепке дейінгі мекемелерде және мектепте осы оқу ошақтарының өміріне белсене араласуға мүмкіндік береді. Бұл бағдарламаны Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы мақұлдап, БҰҰ Конвенциясына 2006 жылдың 13 желтоқсанында енгізілді. Осыған орай барша деңгейдегі тәрбие мен білім беру мекемелеріне арналған инклюзивті оқыту әдістері мен тәсілдері негізінде білім беру бағдарламалары әзірленіп, қажеттілігіне қарай қолданылып келеді.
Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Біздікі баршаға ортақ мәселеден бәрі хабардар болса екен деген ой. Шын мәнінде, өмір тәжірибесінен көріп жүргеніміздей, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды тәрбиелеу мен оқыту жүйесі бір ізге түссе де мұны іс жүзінде жан-жақты қолдау мен қабылдау мәселесі бар. Осы тұрғыда педагогтерге ата-аналардың көмегі ауадай қажет екенін айтқым келеді. Себебі дамуында кешеуілдеуі бар, бұған қоса физикалық жағынан көп нәрсеге икемі келе бермейтін қатарласын қабылдау қалыпты дамыған балаға, ал өзінен әлдеқайда озық баламен бір ортаға түсу ерекше балаға да оңай емес.
Иә, екі типтегі баланың ата-анасына да мұндай оқыту түрін бірден қабылдау қиынға соғатыны түсінікті, сондықтан бұл жерде тіпті қолдау туралы айтудың өзі ыңғайсыздау көрінуі мүмкін. Бірақ біз барлық бала, «Білім туралы» заңда жазылғандай, қандай да бір ерекшелігіне қарамастан, сапалы білім алуға құқылы екенін естен шығармауға тиіспіз. Демек, әр ата-ана өзге баланың еш кедергісіз білім алуына жасалған жағдайдың бәрін өз баласына берілген мүмкіндіктей қараса, көп мәселенің шешімі табылары сөзсіз.
Гүлсім БАЙЖАНОВА,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы»
филиалының облыс бойынша Кәсіби
даму институтының аға оқытушысы
ҚЫЗЫЛОРДА
Тәні саудың – жаны сау
«Жақсыны көрмек үшін» деген. Жақында Сарыағаш ауданына қарасты Көктерек ауылындағы «Керуен» шипажайымен танысудың сәті түскен. Мұндағы қалыптасқан дағды бойынша, келушілер ең алдымен, ультрадыбыстық тексеруден өтетін көрінеді. Одан кейін қан қысымын өлшетіп, қажетті ем шараларын белгілетіп алады екен. Барған адамның өз қалауы бойынша невропатолог және уролог дәрігерлеріне де көрінуіне болатынын білдік.
Бір кездері жұмысын ыңғайластырылған шағын ғана нысаннан бастаған шипажайдың қазіргі таңда қанатын кеңге жайып, нарықтың биік талабына бейімделе түскені байқалады. Ескі жайын жалға беріп, жаңадан алған жер теліміне зәулім ғимарат салып, пайдалануға беріпті. Жүріп-тұруы қиын мүгедек жандарға арналған екі қабатты нысанда оларға мүмкіндігінше қолайлы жағдайлар қарастырылғанын көріп, көңіліміз өсті.
Емделушілер қатарының артуына байланысты биылғы көктемде тағы да жоғары талаптарға жауап беретін үш қабатты қосымша корпус салынып, ел игілігіне ұсынылыпты. Осының нәтижесінде, кезінде жүз шақты ғана адам қабылдайтын сауықтыру орны бүгінде екі жүздің үстінде азаматтар қабылдауға мүмкіндік алып отыр екен.
Келушілердің минералды ванна, парафин қолдану, асқазан шаю, тұзды бөлме, балшықпен, электр қуатымен емдеу секілді ем-шараларға жиі жүгінетіні де назарымыздан тыс қалмады. Түрлі жаттығулар жасататын, сенбі, жексенбі күндері Түркістан, Ташкент, Самарқанд қалаларына саяхат ұйымдастыратын қыздарға да алғысымыз шексіз. Біз – осы маңның қазағымыз, ал алыстан келгендерге бұл саяхаттың әсері зор болатыны сөзсіз.
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
еңбек ардагері
Түркістан облысы
Жарнама жалықтырып жіберді
Бұрындары қолымыздан көбінесе газет-журнал түспейтін. Барлық керегімізді солардан табатынбыз. Қазір де жақсы жарияланымдарды шама-шарқымызша қалт жібермеуге тырысамыз. Бірақ өкінішке қарай, бүгінде мерзімдік басылымдарға көп шұқшиюға көз жанарымыз мүмкіндік бере бермейді. Сондықтан біз секілді зейнеттегі адамдардың немереден қол босаған кездегі бірінші ермегі теледидар болып қалды.
Құдайға шүкір, қазіргі кезде телеарна дегенің де жетіп артылады. Әйтеуір бірінде болмаса екіншісінен көңіліңе қонымды бір бағдарламаны тауып ала қоясың. Кейбір ток-шоулардың көрсетілетін уақыттарына дейін жатқа білетініміз де рас. Әрине, бірінші кезекте еліміз бен шетелдердегі жаңалықтар мен елең еткізер оқиғаларға көз тігеміз. Содан кейінгі кезек рет-ретімен басқа бағдарламаларға тиіп жатады. Әсіресе көбіміз желісі шым-шытырық оқиғаларға толы сериалдарды жібермей тамашалауға бақұлмыз.
Осы арада негізгі айтайын дегенім, теледидардан жақсы бір дүние көріп отырғаныңда, бағдарламаны шорт үзе салып ұзақ-сонар жарнамаларға кезек берілетіні жүйкені әбден жұқартып болды. Қазіргі кезде жарнамалар тіпті жаңалықтардың арасына да сыналап кіргізіліп, біршама уақытты алатын болып жүр. Жасымыз біразға келген адамдармыз, жарнама айтарын айтып, көрсетерін көрсетіп болғанша кейде не тамашалап отырғанымызды білмей қаламыз.
Қысқасы, жарнама шіркін шаршатты! Тіпті мезі етіп жіберді! Бұрындары олар қысқалау ғана қайырылатын сияқты еді, қазір кез келген бағдарлама уақытының кем дегенде тең жартысы жарнамаға бұйыратын болып жүр десем, еш артық айтқандығым емес. Мәселен, бір жарым сағаттық кино екі жарым-үш сағатқа созылады. Басқа бағдарламалар да дәл солай ұзарып шыға келеді. Ал жарнама жүріп жатқан кезде не істеріңді білмей сансырайсың да қаласың.
Жарнаманы қаншалықты сауда-саттықтың қозғаушы күші десек те осы мәселені жөнге келтіретін уақыттың жеткені анық. Мүмкін оларды белгілі бір уақыттарда немесе арнайы ашылған бір арнадан ғана беріп отыру керек шығар.
Бекет ТІЛЕУБЕРГЕН,
зейнеткер
АҚТӨБЕ