Аймақтар • Бүгін, 09:50

Солтүстіктегі келелі кездесулер

15 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары маңызды әлеуметтік нысандарды аралаудан басталды. Президенттің тапсырмаларын іске асыру үшін Үкімет қабылдайтын өзекті мәселелер мен шаралар талқыланды.

Солтүстіктегі келелі кездесулер

Сурет: qarmaqshy-tany.kz

Сапар барысында вице-премьер Петропавлдағы «Бал­дәу­рен» бақшасында болып, мек­тепке дейінгі білім беру мәсе­ле­лері бо­йынша балабақша мең­герушілерімен жиналыс өткізді. Кездесу барысында мектепке де­йінгі білім беру жүйесіндегі өзге­рістер мен ваучерлік қаржы­ландыру жүйесінің енгізілу мәсе­лелері қаралды. Бұл механизм Петропавлда келер жылдың мамыр айында іске қосылуы жос­парланған. Қазіргі таңда қалада 49 балабақша
7 206 балаға қызмет көрсетіп жатыр.

Ваучерлік қаржыландыру жүйесі Таразда сынақтан өтіп, Шым­кент пен Түркістан қаласында қанатқақты жоба ретінде жүзеге асы­рылуда. Келесі жылы бұл жүйе елі­міздің барлық өңірінде енгізі­леді.

Вице-премьер балабақша мен бастауыш сыныптардағы білім беру бағдарламаларын біріздендірудің маңызын атап өтіп, бұл үдерісте балалардың жеке даму карталары рөлінің ерекше екеніне мән берді. Бұл жаңалықтар «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасында қарастырылған.

Мағжан Жұмабаев атындағы IT-мектеп-лицейінде Тамара Дүйсенова «Smart» орталығы, роботтехника кабинеті, қазақ тілі мен әдебиеті этномәдени кабинеті, «Research» орталығы және информатика кабинетімен танысты.

Сонымен қатар білім беру басқармаларының басшылары мен мектеп директорларымен «Мақсатты мектептер» жобасын жүзеге асыру мәселесі бойынша кездесу өтті. Бұл жоба 20 білім ошағын қамтиды, оның қатарында 13-і – ауыл­да. Жоба аясында әдіс­темелік қолдау, педагогтердің біліктілігін арттыру және оқу үдерісін жақсарту көзделген. Қазіргі уақытта әр мектеп үшін жеке даму жоспары әзірленіп, 10 әдіскер-ментор мен 500 мұғалім оқытылған.

Өңір педагогтері жобаны іске асырудың оң нәтижелерін айтты. Мәселен, Возвышенка орта мектебінің директоры Айгүл Мұқанова жоба білім беру меке­ме­сінің ішкі мәселелерін анықтауға және көрсеткіштерді жақсарту бо­йынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуге көмектескенін атап өтті.

«Бастапқыда біздің жобаға көңіліміз толмады, бірақ жұмыс барысында мұғалімдеріміз оның маңызын түсінді. Жоба әлсіз тұстарды анықтауға сеп болды. Жобалау кеңсесімен тиімді жұмыс істеу жолға қойылды, ал жүргізілген сыртқы бағалаулар әдістемелік жұмысты жақсарту үшін жеке жос­пар құруға мүмкіндік берді», деді А.Мұқанова.

Сондай-ақ вице-премьер Сол­түс­тік Қазақстан жоғары құры­лыс-экономикалық коллед­жінде дуалды оқыту жүйесімен таныс­ты. Колледжде сантехникалық, дәнекерлеу, ағаш өңдеу, тас өңдеу және аспаздық мамандықтар бо­йынша оқыту жүргізіледі. Вице-премьер колледждің заманауи құралдармен жабдықталған шеберханаларында оқыту үдерісін көріп, студенттермен әңгімелесті.

Колледжде техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының басшыларымен кездесу өтті. Пре­зи­денттің Жұмысшы маман­дық­тары жылы туралы жария­ла­ғанын ескере отырып, ТжКБ жүйесін реформалауға қатысты мәселелер талқыланды. Т.Дүйсенова колледж­дер өңір үшін кадр даяр­лаудың негізгі базасы болуға тиіс екеніне тоқталды.

Қазіргі таңда облыста 24 колледж бар, оларда 11 мыңнан аса студент білім алуда. 13 колледж жұмысшы мамандықтар бойынша кадрлар даярлайды, колледж­дер мен кәсіпорындар арасында 1 726 келісімшарт жасалған және түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 97%-ды құрайды.

«Білім беру жүйесі өзара байланысты, бірізді және тұлғаны дамытуға арналған көп деңгейлі жүйе болуға тиіс. Бұл үдеріс барысында педагогтеріміздің рөлі зор. Мен олардың еліміздің лайықты азаматтарын тәрбиелеу үшін бар күш-жігерін жұмсайтынына сенім­дімін», деді вице-премьер.

Т.Дүйсенова Петропавл­дағы жаңа үстел теннисі орта­лы­ғында болып, өңірдегі спорт ұйым­дарының басшыларымен кездесті. Онда спорт сала­сын­дағы реформаларға, оның ішінде басқарудың вертикаль мәсе­ле­ле­ріне және өңірдің балалар мен жасөспірімдер спорт мек­тептеріне жан басына шаққан­дағы қаржыландыруды енгізуге басты назар аударылды. Талқылау барысында осы мәселелер бойынша ашық пікір алмасу өтті. Қазіргі уақытта Туризм және спорт министрлігінде сала өкілдерімен консультациялар жүргізетін арнайы жұмыс тобы жұмыс істейді. Айтылған ұсыныстар мен ескертулер түпкілікті құжатты дайындау кезінде ескеріледі.