Сұхбат • 30 Қараша, 2024

«Көшпелілер мәдениетінің ұстыны – жауынгерлік өнері»

203 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Елорда төрінде ұйымдастырылған V Дүниежүзілік көшпелілер ойынында өткізілген сайыстың бірі – «Жамбы ату» стилі. Бұған әлемнің 27 мемлекетінен келген 79 спортшы қатысты. Осылардың бірі – ат үстінде садақ атудан әлем чемпионы Алтан Нэргүй атты азамат. Бұл жігіт осы жолғы көшпелілер ойынында да олжалы болды. «Мажар» стилі бойынша өткізілген сайыста күміс медаль жеңіп алды. Таныса келе аңғарғанымыз, А.Нэргүй мырза тек мерген садақшы емес, ежелгі көшпелілер мәдениеті мен жауынгерлік өнерін зерттеп жүрген аса білімдар маман екен. Бұл жігіт 2011 жылы Ұлан-ба­тыр қаласындағы Ұлттық уни­вер­ситетті философия және дін­тану мамандығы бойынша бітірген соң «Намнаа» («Садақ ату») атты клуб ашып, оны көшпелілердің қолданбалы өнері мен соғыс құралдарын зерттейтін академияға айналдырыпты. Өткен жылы ертедегі ғүн-түркі дәуі­рінен бастап, еуразиялық кеңістікте билік жүргізген Шыңғыс қаған ұлысы, одан кейін 1271-1368 жылдары өмір сүрген Юань империясы, 1368-1644 жылдары билік құрған Мин патшалығы, 1644-1912 жылдары ұлыс тізгінін шеңгелдеген Манжу-Цинь империясы тұстарында пайдаланған соғыс құралы – садақтың дамуы, жетілуі, өзгеру сатылары хақында зерттеп, көлемді кітап та жазған. Осы орайда танымал этнограф-зерттеушімен сұхбатты ұсынып отырмыз.

«Көшпелілер мәдениетінің ұстыны – жауынгерлік өнері»

Садақшы-мерген Алтан Нэргүй

– Алтан мырза, байқауымша сіз көшпелілер мәдениетінің жоқ­тау­шысы екенсіз. Бұл іске ден қоюыңыз­ға не себеп?

– Сіз де, мен де ежелгі көшпелілер ұрпағымыз. Біздің ата-бабаларымыз сол мәдениет аясында кем дегенде төрт мың жыл өмір сүрді. Ал сіз екеуміздің отырықшы, яғни еуропалық өмір сүру салтына бой ұрғанымызға ары кетсе бір ғасыр ғана болды. Демек, біздің бойымызда төрт мың жылдық көшпелілер мәдениетінің гендік қасиеті сақтаулы тұр.

Қазіргі жаһандану заманында өр­­кениетке бет бұрған кез келген ха­лық өзінің өткен мұраларын, әсіресе генео­логиялық құндылықтарын жаңғырт­пайынша, байырғы бет-бейнесін таба алмайды. Егер де көшпелілер ұрпағы, мынадай алмағайып заманда өз бет-бейнемізді жоғалтып алмай, әлем этнос­тары алдында мәртебелі орынға шығуды ойласақ, бізді тар жолдан тайдырмай алып шығатын және дұрыс жол сілтейтін дүние – ежелгі мәдениетіміз. Осыны білген адам, түйсінген жан қалайда өзінің байырғы бастауына үңілері хақ.

Екіншіден, көшпелілер мәдениетін­де біз ұялатын ештеңе жоқ. Қайта күллі ғалам алдында біздің абыройымызды кө­теретін дүние – осы. Сондықтан мұ­ны білген адам қалайда бұл іспен шұ­­ғыл­данбай қоймасы анық. Яғни көш­пе­­лілер мәдениетінің ұстыны – оның жа­уын­герлік өнері.

– Сіздің еңбек­теріңізді, әлеуметтік желідегі лек­ция­­ларыңыз бен под­кастарыңызды қарап шықтым. Осы орайда, көшпе­лі­лердің ежелгі атыс қаруы садақтың тарихы туралы не айтасыз?

– Ерте дәуірде өмір сүрген адамзаттың негізгі қаруы садақ болды. Осы орайда әлемдік жауынгерлік өнер тарихын зерттеушілер садақты алғаш кімдер ойлап тапты, қай кезден бас­тап қолданды деген сұраққа ұзақ жыл жауап іздеді.

Осындай ізденуші-зерттеушінің бірі – танымал археолог әрі этнолог-антро­полог В.А.Шнирельманның пайым­дауынша, Орталық Азия, Оңтүстік Сібір, Алтай, Саян, Қанғай, Кентай тау сілемдерін және Қиыр Шығыстың аңға­рындағы өзен-көлдерді мекен еткен ежелгі тайпалар даланың жабайы аңдарын аулау үшін алғашқы тас дәуірде садақ қолданған.

Уақыт өте келе ежелгі адамдар қола дәуірінің соңы мен темір дәуірінің басында жоғарыдағы аң аулауға арналған құрал – садақ арқылы өздерін сыртқы күштен қорғауға, жауын жасқауға жұмсағаны туралы орыс ғалымы Е.А.Разиннің жазбаларында көрініс тапқан.

Жалпылай алғанда көптеген зерттеу­шілер археологиялық қазба барысында табылған садақтарды ғұн дәуіріне тән жәдігер есебінде қарастырып жүр. Десе де кейбір мамандар «сақ садағы – әуелгі қару түрі, ал ғұн садағы – оның кейінгі жетілдірілген нұсқасы» деген де пайым ұстануда. Бұл сұрақтың нүктесін маман ғалымдар болашақта қоя жатар. Демек, қазіргі таңда барлық зерттеушілер садақтың алғаш пайда болған мекені Азия даласы һәм оны жасаушылар ежелгі көшпелі тайпалар екенін бірауыздан мойындайды.

Жоғарыдағы дереккөздерін негіздей отырып біз ерте тас дәуірінің аяғы немесе орта тас дәуірінде, қазіргі күнтізбе­лік есеппен айтқанда осыдан 12 000 – 7 000 ­жыл бұрын Еуразиялық аумағында ­өмір сүрген көшпелілер садақты ойлап та­уып, қолданды деген пайымға тоқтала­мыз. Сонда көшпелілер садағының он екі мың жылдық тарихы бар деген сөз.

– Біз осылай дегенімізбен, бұған шетелдік зерттеушілер не дейді?

– Ерте дәуірдің әскери-жауынгер­лік өнерін зерттеген еуропалық және ре­сейлік Мелюкова, Черненко, Смирнов, Хазанов, т.б. мамандар еңбектерінде және Оңтүстік Сібір тұрғындарының б.з.б. тұрмыс-тіршілігіне зерттеу жасаған А.М.Кулемзиннің жазбаларында да са­дақты тұңғыш болып Азия құрлығының тұрғындары қолданғаны хақында айтылады. Бұл деректер аталған өл­келерде жүргізілген археологиялық қаз­­ба барысында табылған заттай жәді­гер­лер арқылы да толық дәлелденіп отыр.

Мысалы, ежелгі көшпелілер империя құрған еуразиялық аумақта көне ғұн бабаларымызға тән аса ірі 13 қорған-кешен болса, осылардың 9-ына қазба жұмысы жүргізілген екен. Нәтижесінде, 30 мыңға жуық ірілі-ұсақты артефакті табылса, осылардың ішінен бүтін күйінде сақталған 4-5 садақ табылып отыр. Бұл садақтар апайтөс еуразиялық кеңістікте империя құрған ғұн бабаларымыздан бізге жеткен құнды мұра екені анық.

Археологиялық қазбалардан табыл­ған садақтарға қарап, қарутанушы ға­лымдар осыдан 3 000–2 500 жыл бұрын көш­пелілер мүйіз астарлы құрама садақ пай­­даланғаны туралы тұжырым жасады. Бұл садақты зерттеушілер бірауыз­дан «ғұн садағы» деп атап жүр. Осыдан 25-30 ғасыр бұрын пайда болған осы ғұн са­дағы заманға қарай аздаған форма­лық өзгеріске ұшырағаны болмаса, жаса­лу тәсілі мен құрылымы әлі күнге дейін сол қалпы. Соған қарағанда бұл садақ­тың технологиясы керемет үлгі екені анық.

Садақтың ерекшелігі – сұғы ұзын, екі иіні қысқа болады да, жон дәртесіне (сыртқы қыр арқасына) тарамыс шаптап, ішкі астар бетіне мүйіз жапсырады. Мүйіздің міндеті – садақты ату үшін иіп берсе, тарамыс оны қайтадан серпілтіп, байырғы қалпына келтіретін қасиетке ие. Көшпелі ғұн заманынан бастау алатын құрама садақ әлемге тарап, күні бүгінге дейін өзгермей келе жатыр. Яғни ежелгі көшпелілердің ағаш, мүйіз, тарамыс араластырып жасаған ұзын сұқты садағы Ғұн дәуірінде негізі қаланып, Юань хандығы құлағанға дейін ешқандай өзгеріссіз жалғасты. Уақыттық тұрғыдан межелер болсақ бұл: б.ж.б 209 – б.ж.1368 жыл аралығы екен.

– Сіз көшпелілердің мергендік өнері туралы дерек жинау барысында қандай мәліметтерді негізге алдыңыз?

– Ортағасырлық көшпелілердің мергендік өнері хақында қытай тілінде жазылған негізгі екі дерек бар. Бірін­шісі Сүн империясының елшісі Чжао Хунның 1221 жылдар шамасында атақты қолбасшы Мұқалайдың ордасына барған сапары кезінде көрген-білгенін хатқа түсірген «Мэнда бэйлү» («Татарлар хақында толық жазба») атты еңбегі. Осы жазбада: «Көшпелілер аттың жалында туып, аттың жалында ер жетеді. Жауынгерлік өнерді туғаннан бастап үйренеді. Олардың басты жұмысы – садақ атуды толық меңгеру. Ол үшін аң аулайды, сайысқа қатысады. Оларда жаяу сарбаз деген болмайды», деп жазады.

Екінші дерек, 1236 жылы жарық көрген Пэн Дая, Сюй Тин атты автор­лардың «Хэйда шилюэ» («Қара татарлар хақында») атты жазбасы. Онда: «Татарлар (көшпелілер) ұл баласын үш жасқа толған сәтінен бастап, оны ерге отырғызады да, ат үстінде шауып кетуге жаттықтырады. Бес жасқа толғанда қысқа садақ ұстатып, мергендікке баулиды. Ал ержеткен соң олар аттың үстінде құс сияқты еркін самғайды» десе, ағылшын тарихшысы Джон Энтони Гарнет Мэн (John Anthony Garnet Man): «Ерте орта ғасырда еуразиялық аумақта өмір сүрген көшпелілер әскери-жауынгерлік өнердің бір түрі садақ қолдану арқылы ғаламдық соғыс тарихына өлшеусіз өзгеріс әкелді» деген пайым айтады.

Жалпы садақ ату – ерте заманда еура­зиялық көшпелілердің төл өнері болғаны туралы бұлардан басқа да араб және мысырлық ғалымдар жазған деректер баршылық. Олар:

  • 1368 жылы жазылып, бүгінге жеткен мәмлүктердің «Kitab fi ilm an-nussab» («Жасөспірімдерге арналған мергендік тәлім») атты туындысы;
  • 1470 жылы жарық көрген «Мәмлүк сарбаздарының жауынгерлік өнері» атты еңбек;
  • 1500 жылдары жарық көрген «Arab fhchery An Arabic manuscript of about» атты араб қолжазбасы;
  • XVII ғасырда жазылған қытай зерт­теушісі Гао Иннің «Садақ атудың жолы мен ізі» атты жазбасы, т.б.

Сонымен қатар ежелгі мәмлүктер­дің әскери жауынгерлік тарихын жаз­ған Меңлібұға ноян: «Қыпшақ – түркі­лердің қолындағы садақ тек солар үшін жаратылған сияқты. Cадақ ату шебер­ліктері теңдессіз» деп жазады.

– Жоғарыда еуразиялық аумақта орналасқан көшпелілерге тән қорған-оба­лардан бірнеше бүтін садақ табылды де­діңіз. Осы туралы мәлімет бере кет­сеңіз?

– Жуық жылдары Байқал өлкесі­нің (Забайкалье) күнгейіндегі Хилок (Хилго) өзені сағасындағы Зугмара-1 қорға­ны­нан тағы бір көне садақ табылды. Бұл садақтың ұзындығы 120 см. Ең бастысы, садақтың астарында (ішкі бауырында) ұзындығы – 18 см, ені 2,5-2,7 см болатын мүйіз жапсырма бар.

Мұндай мүйіз жапсырмалы көне садақ үлгілері Забайкалье өлкесінде орна­ласқан Малая Кулинда, Точкин, Чиндант, Бегул, Усть-Талькин қатар­лы қорған-обаларға жүргізілген архео­логиялық қазба жұмыстары кезінде де табылған. Атақты археолог-этногаф А.П.Окладников Сібір даласына жүр­гізген қазба жұмыстары кезінде Байқал көлі маңынан ұзындығы 100-150 см мүйіз жапсырмалы құрама садақ тапқан. Жәдігерге ғалымдар 3 000 жылдың мұрасы деген тұжырым жасапты. Бұл садақтың ұзындығы 140-160 см екен.

Сондай-ақ тек моңғол даласынан ХІІІ-ХІV ғасырларға тән төрт-бес дана садақ табылып отыр. Соның бірі Өмнегоби аймағы «Эке Баян» үңгірінен табылған көлемі 110 х 4 см х 1 см шамасында бүп-бүтін садақ. Бұл жәдігер туралы археолог мамандар ХІІІ ғасыр мұрасы деген па­йым айтады. Құрамына тоқталсақ: ағаш, мүйіз, тарамыс, тоз, бояу және шикі тері пайдаланған. Яғни садақтың сұғы мен тұтқасын құрамалап, таңдайлап сұғындырып жасаған. Сыртын қайыңның тозымен қаптап, сұғының ұңғысына табиғи бояу жаққан. Садақтың ішкі астарына мүйіз шаптап, оны жұқа, жіңішке қайыспен орап байлапты (1-сурет).

  пр

 

Келесі бүтін садақ Баян-Қонғыр аума­ғында орналасқан «Муруй» ат­ты сайдың аузынан табылып отыр. Бұл садақтың өлшемі нақты емес, өйткені жәдігер тарамдалып бүлінген, тек табылған бөлшектерін құрастырып көруге болды. Аталған садақ уақыттық тұрғы­дан ХІІІ-ХІV ғ.ғ. тән дейді зерттеушілер. Бұл да мүйіз, тарамыс, ағаш, тоз, т.б. заттар қосылып жасалған күрделі құрама садақ есебіндегі бұйым. Бір ерекшелігі, садақтың сұғына байланған адырна жібі сақталып қалған (2-сурет).

 ро

 

Ал үшінші көне садақ – Бай-Өлке аймағы Алтынсөгсе сұмынының Қақ­ты (Хагт) тауынан табылған. Бұл сол ХІІІ-­ХІV ғ.ғ. тән жәдігер екен. Әдеттегідей ­құра­мы: мүйіз, тарамыс, ағаш, тоз, т.б. материалдардан құрастырылып жасалған. Бір сұғы 32 см болса, екінші 30 см ұзын. Иілген астарының бірі – 31см, екіншісі ­
­32 см, тұтқасы 13 см екен (3-сурет).

 дд

 

Төртінші садақ – Өбірқанғай аймағы Боғда сұмын жеріндегі «Шаған жар­тас» («Цагаан хад») деген жерден табыл­ған. Бұл сол ХІІІ-ХІV ғ.ғ. мұрасы. Көлемі белгілі: 130,8 см х 19 см х 5 см. Садақтың құ­рамы: ағаш, мүйіз, тарамыс, бояу және түсті металл пайдаланған. Садақ­тың адыр­насы ажыратылмаған. Екі бас сұғы­ның ішкі астарына алтын жалатып ою салынған (4-сурет).

 жж

 

– Сіз кезекті лекцияңызда көшпелі­лер садағы ерте дәуірден бастап, отты қару пайда болған бертінгі ғасырларға дейін пайдаланғаны туралы айттыңыз. Демек, бұл атыс қаруы заман өзгерген сайын жетіліп, сапаланып отырды деп түсінуге негіз бар шығар?

– Әрине, бар. Көшпелілер садағы­ның құрылымдық һәм жауынгерлік сипаты өзгеріп жетілген тұсы Ежен хан заманы (Цинь хандығы). Бұл кезде ежелгі дәстүрлі садақтың тобыршығы өзгерді де, садақтың тұлабойы ұзарды. Садақ ұзын болғандықтан, атқан кезде адырнаның бауы мергеннің кеуде тұсы­на дейін тартылып, оқты бас бармақтың үстіне жайғап нысаналайтын тәсіл де пайда болды. Кеңес заманында біздің елдің (моңғол) дәстүрлі садақшылары оқты көздеп атқанда сұқ саусағының қырын пайдаланып, жақтың адырнасын құлақтың астыңғы түбіне жеткізіп тартатын осы әдісті қолданды.

Ежелгі моңғол шапқыншылығы ту­ралы жазылған жылнамаларының бірі «Жамиғ ат-тауарих» («Сборник лето­­пи­­сей») атты кітапта, Шыңғыс қа­ған 1225 жылы Хорезм елін толық бағын­дыр­­ғаннан кейін ондағы күллі қол­өнер­ші шеберлерді Қарақорымға айдап әкел­гені хақында айтылады. Осы қол­өнер ше­берлері моңғол әскерінің соғыс қа­руы, со­ның ішінде садақты айрықша жетіл­дір­гені анық. Жоғарыда біз сөз етіп отыр­ған садақтар осының жемісі. Бұл жәді­гердің сапасын ІХ-Х ғасыр жер астында жатса да бүлінбегенінен аңға­руға болады.

Сол сияқты тарихшы Рашид-ад-дин­нің жазбасында, бір жатжерлік адам Өгедей ханға өзі жасаған екі садағын көрсетіп, «мен садақ жасайтын шебер едім, бірақ мойнымда жетпіс ділдә қарызым бар. Сіз осы қарызымды төлеп берсеңіз, мен сізге жыл сайын садақтың мың оғын жасап берейін» дегені туралы дерек бар. Хан шеберге жетпіс емес, жүз ділдә бергізіп оқ жондырған екен.

Мысалы, Мин империясы шекара бақылау ісінің әскери қолбасшысы 1545-1549 жылдары «И-Юи» атты («Сыртқы қауіп туралы жазба») еңбегінде ежелгі көшпелілердің ату қаруы садақ пен жебесі туралы былай деп жазады: «Көш­пелілер садақтың жебесін темір немесе мүйізден жасайды. Оғына қауырсын жапсырып сәндейді. Қауырсынды оқ ауытқымай дөп тиеді. Жақсы садақтың бағасы – бір жылқы. Сиыр мүйізімен астарланған садақтың бағасы – бір сиыр».

– Сіз жазған «Намнаа» атты кітап­та Сауд Арабиясының Мәдина қала­сының музейінде қыпшақ-мәмлүк са­дағы тұрғаны туралы оқыдық. Осы садақ­тың ежелгі ғұн садағынан айырмасы бар ма екен?

– Қыпшақ-мәмлүк садағының құ­ры­лымы мен жасалу тәсілі ежелгі азия­­лық көшпелілер садағына ұқсас екен. Осындай бір садақ мұсылман ба­уыр­лар қасиетті санайтын һәм Мұхамед пайғамбардың қабірі мен ме­шіті орналасқан Мәдина қаласының му­зейінде тұр. Бұл садақ кәдімгідей мү­йіз астарлы, тарамыс дәртелі дәл ежел­­гі ғұн садағының көшірмесі екен. Дей тұрғанмен бөлшектерін құрас­тырғанда V (аша) сына пайдаланып, садақтың ағаш тұлғасы, тұтқасы мен сұғын жалғаған. Осы садақтар орта ғасырда қыпшақ-мәм­лүктер қолданған садақтан аумайтыны – зерттеушілердің назарын айрықша аударуда.

Мәдина садағы ат үстінен атуға ың­ғайланғандықтан, моңғол садағына қара­ғанда пошымы шағын. Шамамен 45 инч (inch) маңайында. Садақтың сұғы ежел­гі ғұн садағына қарағанда, қысқалау әрі сұғында «кассан» дейтін арнайы бөлігі бар. Яғни Мәдина музейінде тұрған қыпшақ садағы тұтқасы, жалпы корпусы, кассан және сұғы қатарлы төрт бөліктен тұрады екен. Садақ тұтқасы Азия садағынан өзгешелеу, алға қарай қарынсал шығыңқы пішінде жасалған. Оның сыртында жұмыр емес жалпақтау пошымды. Бұл қарудың басты ерекшелігі – өте қуатты, тек мықты мергендер ғана тарта алатындай. Мысалы, осы садақты пайдаланған Оттоман мемлекеті (Түркі-Оспан империясы) алты ғасыр (1299-1922) әлемді аузына қаратты.

Бір қызығы, осы қыпшақ садағы – отты қару толық қолданысқа енгенге дейін Шығыс Азия, Кіші Азия же­рінде жауынгерлік қарудың басты атри­буты ретінде қызмет атқарды. Мәдина­дағы қыпшақ садағын әлемдік қару танушылардың пайымы бойынша «татар садағы» тобына жатқызуға болады. Өйткені татар садағының тұтқасы түрік садағы сияқты алдына қарай шығыңқы жасалады.

 

Әңгімелескен –

Бекен Қайратұлы,

«Egemen Qazaqstan»