Әлемнің талантты шығармашылық тұлғаларының бірлескен еңбегінің нәтижесінде дүниеге келген жаңа ұлттық операда сезім мен көңілге қозғау салған әсердің барлығы театр әртістері мен балет бишілерінің, хор мен симфониялық оркестрдің жанды орындауы арқылы, сахнаның трансформациялық декорациялары, жарық эффектілері мен бейнепроекциялардың арқасында жүзеге асып, бұл технологиялық шешімдер әр көрерменді қойылымның басты кейіпкеріндей сезіндірді.
Қойылым туралы сөзге кіріспес бұрын, жаңа премьера алдында ұйымдастырылған ауқымды баспасөз мәслихатында театр директоры және идея авторы Айнұр Көпбасарованың операға қатысты бірталай жайттан мағлұмат бергенін айта кеткен жөн. «Хан Сұлтан» операсын сахналауға әлемдік деңгейдегі танымал режиссер Давиде Ливермор Италиядан арнайы шақырылған. Оның есімі қазақ көрерменіне Түркістан сазды-драма театрының сахнасында қойылған «Бөрте», «Мағжан» спектакльдері арқылы жақсы таныс. «Италияның режиссері Испанияға барып немесе испан режиссері Италияға келіп спектакль дайындайтыны өнерде қалыптасқан белгілі жағдай. Мен де Қазақстан театрларымен тығыз байланыста жұмыс істей жүріп, қазақ халқының тарихына құрметім арта түсті», дейді Ливермор. Хан Сұлтан, Жошы хан, Шыңғыс хан, Бөрте, Түркен-қатын, Шағатай, Берке, Бату, Тайшы, Қайша, Орда Ежен, Сархан-қатын, Бектеміш, Құнан ноян, Жасауыл бегі сияқты сүйекті кейіпкерлердің образын кейіптейтін әртістер үш құрамға бөлініп ойнайды. Ақылына көркі сай, сұлу, қайсар мінез Хан Сұлтанның рөлінде Зарина Алтынбаева, Венера Алпысбаева, Әйгерім Шәріпбек сынды сопрано дауысты белгілі әртістер ойнайды. Сонымен бірге Талғат Күзембаев, Гүлзат Дәуірбаева, Дулат Тоқанов, Евгений Шагаров, Мақсат Саматов, Жәмилә Баспақова бастаған театрдағы талантты әртістердің үлкен шоғыры көрінеді.
Екі бөлімнен тұратын тарихи драманың композиторы – Хамит Шаңғалиев, дирижер-қоюшысы – Нұржан Байбосынов. Жас композитор кейіпкерлердің өмірі туралы кітаптарды ақтарып, көп ізденіп, Вагнерден бастап М.Төлебаевқа дейінгі композиторлардың шығармашылық әлемін зерттеп, либреттоға музыканы алты ай отырып жазғанын айтты. Айтуынша, бұл классикалық және заманауи музыканың синтезі секілді әртүрлі аралас жанрдағы әуенді біріктірген өзгеше туынды. Мұнда драматизм де, лиризм де бар.
Сондай-ақ костюм жөніндегі бас суретші Айнұр Ерімбетова спектакльдің хор әртістері қатысқан және көпшілік сахнасына құрылған өте ауқымды қойылым екенін жеткізді. Бас суретшінің дерегіне қарағанда, тарихи қойылымның киім үлгілері классикалық стиль мен заманауи көзқарасты етене үйлестіріп, арнайы түстер таңдалған. «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсына арнайы 173 сахналық костюм тігілген. Сонымен қатар солистер, оркестр, хор, балет топтары, тағы басқа қатысушыларды қоса есептегенде, 300-ге жуық өнерпаз сахнада бас қосады.
«Осы операны қоюды алғаш режиссерге ұсынғанда, тарихын тереңнен тартқан Жошының ұлысын, бай салт-дәстүрімізді, халқымызға тән қасиеттерді, адами құндылықтарды, отбасы тәрбиесін, әйелдің қоғамдағы рөлін баса көрсетуді ұсындым. Мысалы, Хан Сұлтан сонау Шыңғыс хан билеп-төстеген заманда қуатты қағанаттың қызына тән батылдығымен, еркіндігімен, Ресей князьдерімен дипломатиялық қарым-қатынас жүргізген қабілетімен тарихта аты қалған. Осындай түркі әлемінің аналарын бүгінгі ұрпаққа насихаттау үшін, бір жағы, оларға әділ баға беру үшін, біз Ұлы даланың қайсар қыздарын сахналауды жалғастыра беруіміз керек деп ойлаймын, дейді Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының директоры Айнұр Көпбасарова.
Операға келген қарапайым көрерменді ең алдымен «Хан Сұлтан кім?» деген сұрақтың ойландыратыны, өзіне беймәлім кейіпкердің болмысын тануға құштар болып келетіні хақ. Хан Сұлтан – Алтын Орданы билеген ұлы қағандардың бірі Берке ханның анасы. Ұлыстың негізін қалаған Жошы ханның үшінші әйелі. Хорезм шахы ІІ Ала-ад-Дин Мұхамедтің үлкен қызы. Әйгілі Жәлел-әд-Диннің туған қарындасы.
Шыңғыс ханның Хорезмді жаулаған кезеңінен басталып, Орданың алғаш қалыптаса бастаған кезімен аяқталатын либреттоның алғашқы актісі сахнада аса ауыр көрініспен ашылады. Сахнаның орталық нысанында өмір өзегінің рәмізі ретінде алынған тораңғыл ағашы, бұтағы сынған, жапырағы тоналған, жансыз, нәрсіз қу томарға айналған. Сахна ортасында өліктер үйіліп жатыр. Өлексе аңдыған қара құзғындарды қолымен жасқап, қуып-үркіткен болып, сарбаздар қан сасыған даланы мәйіттерден тазалап жүр. Кенет аяқ алып жүре алмайтын өліктер арасынан әлдебіреу қозғалғандай болып, шашы ұйпа-тұйпа, бет-аузы сатпақ, киімі шоқпыт бір әйел көтеріліп келе жатады. Тарғыл дауыспен жоқтау айтып, сыңсып салған зарлы әнінен әйелдің тегін адам емес, текті әулеттің қызы екені аян болады. Шыңғыс хан 1221 жылы Хорезмнің астанасы Үргенішті бағындырады. Хорезм шахы Жалел-әд-Дин Мангуберді бас сауғалап қашып кетеді де, Хан Сұлтанның әжесі, атақты Түркен-қатынның Шыңғыс ханның тұтқынына түскен беті екен. Тұтқынға түскен Түркен-қатын Шыңғыс қағанға дат айтқанда: «Сұңқар едім қондым, саған пенде болдым... Тағы бір өтінішім: Ай десе, аузы бар, Қырық қызға татитын, Немерем бар – Хан Сұлтан, Сол ботамды тауып бер, Сарайыңа сән берер...» дейді. Хан Сұлтанға іздеу салынып, диуана болып, дала кезіп жүрген жерінен Тайшы мен әйелі Қайша тауып алып, хан ордасына әкеледі. Сөйтіп, Шағатай мен Жошының арасындағы олжа бөлісі кезінде Хан Сұлтан Жошының еншісіне бұйырады.
Хорезм шахының қызы ретінде Хан Сұлтанның бәсі жоғары болатыны түсінікті еді. Оның басқа емес, Жошыға қосылуында да көп мән бар. Жошы Шыңғыс ханның ең алғыр ұлы ғана емес, қағанның тақ мұрагері ретінде аталып жүрген уақыт. Хан Сұлтан Жошымен отасқан алты жыл ішінде Берке, Беркешар, Бөрі Мұхамед атты үш ұлды өмірге әкеледі. Жаудан түскен олжа ретінде ғана емес, шахтың қызы ретінде сарай ішіндегі тартыстарда ықтимал бәсекелес ретінде Жошының өзінен бұрынғы әйелдері мен өзге де ықпалды әйелдер тарапынан шетқақпай көргені анық. Су ағысы астындағы аңдысқан сөз, бір-бірін қыжыртқан қақтығыс Жошының аяқасты өлімінен кейін тіпті тереңдей түседі. Берке әлі жас бала, одан соңғы екі ұл тіпті сәби.
Осындай қиын кезеңде Хан Сұлтан өзінің ақылымен, мінезімен және арыдан ойлайтын сұңғылалығымен өзін де, ұлдарын да қатарға қосады. Жошыдан кейінгі Алтын Орданың атақты қағаны Батудың кіші шешесі ретінде оның құрметін иеленіп үлгерген Хан Сұлтан балаларының көп ханзаданың бірі болып қалмауы үшін барын салады. Ақыры, өзінің үлкен ұлы Беркенің ат жалын тартып мініп, алғашқы жорыққа шығып, атаққа жете бастаған кезінде қайтыс болады.
Либретто осы бір тарихтан мәлім де беймәлім Хан Сұлтанның бейнесін ашады, қазақ хандарының атасы саналатын Жошы бабамыздың заманын, даңқты тарихын жырлайды. Либреттода даңқты Бөрте, тарихтан белгілі Бектеміш бастаған бірнеше әйелдің бейнесі сомдалады.
Жас қаламгер Алмас Нүсіптің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» драмалық шығармасының желісімен жазылған либреттоның авторы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Маралтай Ыбыраев әуелде жаңа туындының үш нұсқасын әзірлеген. Алайда классикалық шығармаға, әсіресе музыкаға қойылатын талапқа сай үйлесімді мәтін жазып шығу үшін ақын аз тер төкпеген. «Хан Сұлтан» операсы да картина іспетті. Кім не көргісі келеді, нені танығысы келеді – көңіл қалауын табады. Көңілі тасып барған, ертеңнен үміт іздеген адам елдіктің, мемлекеттіліктің болашағына бойлай алады. Ал жүрегі қарайған адам тамыры солып, қурап қалған қу томарды ғана көріп қайтады» дейді либреттоның авторы Маралтай ақын.
«Хан Сұлтан» – тың тақырыптағы қойылым. Жасампаз тұлғаларды дәріптейтін жаңалығы бар кәсіби қолтаңбамен қазақ елінің мәдени өміріне қанат қақты. Музыка өнерінде бүркеулі жатқан беймәлім тақырып шымырлығымен, шынайылығымен ұмытылмас әсер қалдырады. Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ұлы тұлғалардың дәстүрін сақтап қана қоймай Қазақстанның жас талантты музыканттарына жаңа мүмкіндіктер мен шабыт сыйлады.
Қойылым демеушісі, бизнесмен Тимур Турлов пікірін білдірді. «Біздің холдинг үшін Алматының әлеуметтік-мәдени әлеуетін дамытатын жобаларды қолдау өте маңызды. Асқан ұқыптылықпен қараймыз. Ал Абай атындағы опера және балет театрын қайта қалпына келтіру тіптен маңызды. Мұнда ашылатын музейге де көмектесіп жатырмыз. Бұл театрға республикамыздан ғана емес, көрші елдерден, түркі әлемінен көптеген көрермен келеді. Сондықтан біз театрдың ұзақмерзімді серіктесі болатынымызға толық сенімдімін», деді ол өз сөзінде.
«Хан Сұлтан. Алтын Орда» қойылымы шарықтап келіп, түйінделер тұста декорация жүгін арқалап тұрған қу қаңқа болып қурап қалған қара ағаш жапырағы жайқалған мәуелі бәйтерекке айналып, төбесіне көктен қалықтап келген қыран бүркіт қонады. «Алтын Орда дәуірінің алақандай жұрнағы, ұлы қағандық пен ұлы ұлыстың бүгінгі заңды мұрагері Қазақ елі жаһандық көшке жалғасып, келешек кеңістігінде тұғыры жылжымақ емес» деген ишара ой көңілді еріксіз иітті. Түркі әлемінің түп тамыры – Алтын Орданың саяси сахнасында маңызды рөл атқарған Хан Сұлтанның бейнесі – қазақ өнеріндегі аналар мен арулар галереясын парасатымен толықтыратын жаңа образ.
АЛМАТЫ