Жансарай • 03 Желтоқсан, 2024

Қойлыбайдың қобызы

59 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көш бастаған үлкендердің көбі біз көрмеген жаққа қарай жүріп кеткен. Ортамыздан талай талапты да талантты жастар кетіп жатқаны өкінішті-ақ...

Қойлыбайдың қобызы

«Осы жігіт менен үлкен-ау», әйтпесе «әлі бала ғой» деп айтып көрмеппіз.

Тоқығаны мен оқығаны мол заматтар аман болсын.

Соның ішіндегі мықты достың бірегейі Қойлыбай Асанов.

Анда-санда жолыққанда «Қой­лаш, қалың қалай?» деп сұра­май­мыз-ау осы. Сұрасаң да қазақи реф­­лекспен бірдеме дейтін болармыз.

Ал Қойлыбайға бәрін білуі керек. Әр танысты, туысты, дос-жаранды тү­гелдей, жеңгесін сөзбен аялай, бала­лардың атын атай сұрайтын ғадеті бар.

...Тәуелсіздік таңы атар алдында үлкен ұл үйленді. Брезент шатыр мен киіз үй­де той жасау салтынан соң, үрдіске рес­то­ран­дату кіре бастаған кез. Құдалар Оңтүс­тіктен.

Қонақ болуға шақыру алған жас достарым, Арқаның бір топ сал-сері жігіттері, ымыртта сау ете қалды. Айтбек Нығызбай, екі Ерлан – Төлеу­тай мен Құжиман, Сейіл құлыншақ Аяғанов... Соларға көш бастаған серкедей болып Қойлыбай келген.

Той ертең. Түсте. Көптен көріс­пеген жігіттердің біразы қызды.

Шақырылған қонақ пен келген құданың кім екенін сезбейтіндей болып қалды.

Сонда Қойлыбай: «Аға, тойы­ңызды өзім жүргізіп беремін. Ән мен жырдың, әзіл мен шаттықтың отырысы болады!», деген. Расын, айтсам, сенгенім Қойлыбай емес, екі Ерланның бірі еді.

Ол кезде Қойлыбайды біреу білсе, біреу білмейді. Суырып салма ақын, домбы­ра­ны оркестр қылып жіберетін асқан әуезші, ­сауырын сипатпас сөз жорғасы екенін ешкім бағ­дарлай қоймаған.

Ақындар айтысы енді ғана екпін ала бастаған кез.

Ел мен жер туралы, оны мекен еткен жұрт туралы толғауы сонда туған.

Еншісі бөлінбеген, ортаға кеңес­тердің кірені салынбай тұрған Жаңа­арқа мен Нұраның, Ақмола маңайы­ның сөз түсінетін азаматтары сонда дір еткен.

«Опырым-ай, жап-жас бала осы­ның бә­рін қайдан біліп жүр?» деп, бас шайқаған.

Оның жөні бөлек еді. Шыққан тегі – қазақтың талай ханына ата­лық болып тәрбие берген кешегі «Сайдалы Сары Тоқа» болса, кешегі ақиық ақын Сәкеннің кіндік қаны тамған Жаңаарқаның ұлы болса, қалайша өнерден құралақан болады?

Қарағанды медицина инс­титу­тының ректоры болып ғалым-рент­генолог Мақаш Әлиакпарұлы келді. Ұйымдастырушылық қабі­леті мен ғалым-дәрігерлігі өз алдына, Мақаң қазақ өнерін терең түсінетін, өзі қылқалам шебері деп танылған кесек тұлға еді. Қарағандының жастар газетінде істеп жүрген Қойлыбайды өңірлік «Шипагер» газетіне редактор қылып алды.

Сонда бұл газет не бас­ты? Мақа­­­ла­лар­дың көпшілігі меди­цина­лық тәжірибе мен дәрігерлік кеңес қана емес. Қазақ ғылымы мен өрке­ниетіне үлес қосқан ғалымдар мен қай­раткерлер туралы болатын.

Осы күнге дейін Қойлыбай ақын жүрі­сінен де, шабысынан жаңылған жоқ.

Ақындар айтысында талай көрер­мен­ді өт­кір сөзімен, өтімді пайымымен риза қыл­ды.

Айтыс ақша табудың бизнесі болып кет­­кенде, Қойлыбай үндемей сахнадан сыр­ғып кетті.

Ыңғайы келгенде, жөнсіз сөз бен жаттанды ұйқас естігенде арқасы «қышып» кететіні бар енді.

Қарағанды университетінің шақы­руымен үлкен ұстаздар қатарына қосыл­ған. Кандидаттық, докторлық диссертациялар көз майын жесе де, суырып салма ақындығын жоя алмаған.

Жетпіске қарай ендеп бара жатса да, Қойлыбай ақын әлі сол қалпы.

Ағалармен ініше, інілермен ағаша сөйлесіп жүрген қалпы.

Қазақта қалған көне аңыздың бірінде қо­бызды сарнатқан Қой­лы­бай туралы талай әпсана бар. Қобызының сарыны жет­пеген жерге абыздың саңқылдаған сөзі жетеді екен. Жүйрік тұлпар мәре­сіне жет­песе, Қойлыбайдың қобы­зы шауып жетеді екен.

Біздің Қойлыбайға да сол баба­сы­ның біраз қасиеті жұқ­қан­дай көрінеді.

Ата жұрттан аманатқа алған қа­зақтың ақы­лы мен байсал­ды­лығын, сөз шеберлігі мен оның түп тарихын жете білетін қазақ­тың осындай азаматтары аман болсын.

 

Нұрхан МЫҢБАЙ