Өнер • 04 Желтоқсан, 2024

Ән мен күй әуелеген кеш

48 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халқымыздың мәдениет кеңістігінде өзіндік орны бар өнер ордасы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрылғанына биыл 80 жыл толып отыр. Өнер ордасының мерейтойлық жылы Республика сарайында өткен гала-концертте қорытындыланды.

Ән мен күй әуелеген кеш

Мерейтойлық гала-концерт шымылдығы симфониялық ор­кестрдің сиқырлы үнімен ашылып, көрермен қауым Жүсіпбек Елебековтің алтын қорда сақталған жарқын бейнесімен қауышты. Жиында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева  өнер орда­сының ұжымына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді.

«Бұл – еліміздің рухани өмі­ріндегі мерейлі белес. Іргелі білім ордасы осы кезеңде төл мә­дениетіміздің алтын діңгегіне ай­налды. Ұлттық музыкамыздың бі­регей дәстүрі бар ұстаханасы ретінде танылды. Қазақтың ән-күй өнерін жаңа деңгейге көтеріп, оның ғылыми негізін қалып­тастырды. Консерватория – да­рынды жас­тарға классикалық музы­каның қыр-сырын үйретіп, кәсіби музы­канттар даярлайтын алғаш­қы жоғары оқу орны. Өрке­­ниетіміздің өрісін кеңей­тіп, оны жер жүзіне танытқан көптеген майталман маман осы қара шаңырақтан қанат қақты. Аға буын салған сара жолды кейінгі ұрпақ лайықты жалғастырып келеді. Олар еліміздің шығарма­шылық ұйымдарында табысты еңбек етіп жүр. Осы орайда ұлттық өнерімізді жан-жақты дәріп­теп, руханиятымызды дамы­туға зор үлес қосқаны үшін консер­ватория ұжымына шынайы ризашы­лығымды білдіремін» де­лін­ген Президенттің құттықтау хатында.

Аида Ғалымқызы елдегі же­тек­ші музыкалық оқу орнында Қазақстан өнерінің бүтін бір тарихы жасалғанын, мұнда білім алған елімізге танымал компо­зиторлар, орындаушылар ұлты­мыздың мақтанышына айналып, елімізді әлемдік музыкалық аренада даңққа бөлегенін атап, оқу орнының 13 қызметкеріне «Үздік педагог» төсбелгісін тақты.

Салтанатты іс-шараға еліміз­дің мәдени қазынасына өлшеусіз үлес қосқан өнер майталмандары қатысты. Олардың қатарында Асанәлі Әшімов, Әлібек Дінішев, Жәмиля Баспақова, Роза Рым­баева, Үмітжан Жұмақова, Марьям Қожамқұлова, Алмас Алма­тов, Серік Еркімбеков, Карима Сахар­баева, Дүйсен Қасейінов, Алтынбек Қоразбаев, басқа да өнер қай­раткерлері бар.

Консерватория студентте­ріне елімізге және әлемге таны­мал орындаушылар шебер­лік са­бақтарын дәстүрлі түрде өткі­­зіп келеді. Олардың ішін­де атақ­ты скрип­кашылар Ай­ман Мұ­са­ход­жаева, Марат Бисен­ғалиев, ре­сейлік скрипкашы Назар Ко­жухарь, дирижерлер Алан Бөрі­баев пен Абзал Мұхитдинов, пианист Нұрлан Измайлов, әнші Тал­ғат Мұсабаев, Айгүл Үлкен­баева секілді талант иелері бар.

«Қазақ ұлттық консервато­риясының Құрманғазы атауын алып жүруінің өзінде үлкен мән бар. Кез келген қазаққа Құр­ман­ғазы – күй өнерінің эталоны, шеберліктің шыңы. Жаһандану дәуірінде халық өзінің болмысын тек мәдениет арқылы, өнер арқылы сақтап қалады. Өйткені ұлттың дамуына үлес қосып, жастарды тектілікке тәрбиелеп отырған осындай өнер ордалары деп білемін»,  дейді дәстүрлі әнші А.Үлкенбаева.

Ұлттық ән-күй қорымыздың інжу-маржан мұраларымен қатар әлемдік жауһарға балана­тын даңқты туындылар асқақ­таған айрықша думанды көрер­мен үш сағат бойы тапжылмай тамашалады. Концерт жүргізушілері мерейлі кешке қатысқан өнер­паздар Құрманғазы атындағы консерваторияны туған үйіндей көретін, қайта-қайта оралып, жас­тықтың және шабыттың қуатын сезінгісі келетін әртістердің аз ғана бөлігі екенін айтып, көрерменмен қимай қоштасты.

 

АЛМАТЫ