Өндіріс ошақтары көбейіп келеді
Облыс биылғы егіншілік кезеңінде айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Өңірдің аграршылары орташа өнімділікті 14 ц/га-дан асырып, кейінгі онжылдықта болмаған 6,6 млн тоннадан астам көлемде рекордтық астық жинады. Мұның бәрі қажырлы еңбек, мемлекеттік қолдау мен заманауи агротехнологияларды уақтылы қолданудың нәтижесінде мүмкін болды.
Жыл соңына қарай ауыл шаруашылығы өнімі көлемінде бір трлн теңгеден аса қаражат күтіліп отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, бір жарым есеге көп. Мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі де артып келеді. Биыл Целиноград пен Аршалы аудандарында 3 сүт-тауар фермасы іске қосылды, тағы екеуі – аяқталу сатысында. Өңдеу саласында да оң динамика байқалады. Бұл бағытта өңірде жыл басынан бері 208 млрд теңгеден астам сомаға азық-түлік өндірген. Ет, сүт, майлы және дәнді дақылдарды өңдейтін 67 кәсіпорын жұмыс істейді.
Әкім аграршыларды мемлекеттік қолдау шаралары туралы да айтты. Фермерлер арасында «Кен дала 2» көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы ерекше сұранысқа ие. Ол ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жалақы төлеу үшін айналым қаражатын толықтыруға, сапалы тұқымдарды, минералды тыңайтқыштарды, басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді алдын ала сатып алуға көмектеседі.
Инвестиция – ел ырысы
Жыл басынан бері өңірде 460 млрд теңгеден астам инвестициялық бастаманы іске асыру туралы уағдаластыққа қол жетті. Ірі жобалардың бірі – Атбасар ауданында локомотив өндіретін зауыт салу болды. Ол келешекте жылына 360 бірлік техника шығаратын болады. Сондай-ақ Бурабай мен Зеренді аудандарында екі биогаз зауыттың құрылысы орын тебеді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында біз шетелдік компаниямен астықты терең өңдеу бойынша ірі зауыт салу туралы келісімге қол қойдық. Бұл жоба мың жұмыс орнын құрып қана қоймай, елдің экспорттық әлеуетін кеңейту жолындағы маңызды қадам болады. Еліміздің одан әрі экономикалық өсуі мен халықаралық сауда мен инвестициялық ағындарға интеграциялануы үшін қуатты серпін болады», деп атап өтті облыс әкімі.
Өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында республикалық маңызы бар «Aqmola» индустриялық аймағы құрылды. Инвесторлар пулы осы аумақта өндірісті орналастыруға мүдделі, деректерді өңдеу орталығын, көлік-логистикалық орталықты, ауыл шаруашылығы агрегаттарын өндіру зауытын, т.б. салу жоспарланып жатыр. Оған қоса, елордада «Aqmola Invest» инвестициялар тарту орталығы ашылды. Орталық базасында 50 компаниямен, оның қатарында Мажарстан, Ресей, Түркия, Тәжікстан, Аустралия, Германия, т.б. шетелдік компаниялармен кездесулер өткізілді.
Ауызсу жобасы жүзеге асты
Облыста халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселелері белсенді түрде шешіліп жатыр. «2024 жылы сумен жабдықтау, су бұру желілерін салу мен реконструкциялаудың 68 жобасын іске асыруға 34 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. 30 жоба биыл аяқталады. Ал қалған 38 жобаны 2025 жылы іске асыру жұмыстары жалғасады», деді М.Ахметжанов.
Өңірдің басты жетістіктерінің бірі – Егіндікөл ауданындағы Нұра топтық су құбырын қайта жаңартуды аяқтау. Соның арқасында Қарғалы, Жантеке, Құмкөл, Егіндікөл, Тоғанас елді мекендерінің тұрғындары таза ауызсуға қол жеткізді. Жоба аясында 70 км су құбыры желісі салынды. Үкімет резервінен Егіндікөл және Қорғалжын аудандарындағы басты су жинағыштарды қайта жаңартуға қосымша қаражат бөлінді. Бұл жобалар жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын едәуір жақсартып, ауызсуға үздіксіз қолжетімділігін қамтамасыз етеді.
Айта кету керек, жыл соңына қарай облыс қалаларында сумен қамту деңгейі 99 %-ға, ал ауылдық елді мекендерде 96,1%-ға жетеді. Қосымша 10,5 мың адам ауызсумен қамтамасыз етіледі. Бұл қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі мен осы бағыттағы жұмыстың маңыздылығын растайды.
Жол инфрақұрылымын дамытудың жаңа кезеңі
Көлік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту облыстағы негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. «Республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарды салу мен жөндеу бойынша 130-дан астам жобаны іске асыру үшін 104 млрд теңге қаржы бөлінді. 800 шақырымға жуық жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдар мен елді мекендердің көше-жол желісі салынды және жөнделді», деді облыс әкімі.
Биыл елді мекендердегі жолдарды жөндеуге ерекше назар аударылды. Соның қатарында Астанаға іргелес елді мекендерде бар. Ірі жобаларды жүзеге асыру Қосшы қаласында, Талапкер, Қараөткел, Қоянды, Жібек жолы, Бозайғыр, басқа да көптеген ауылда жалғасты. Көкшетауда Қопа көлі бойындағы аумақты абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Демеуші қаражаты есебінен жарықтандырылған жоғары деңгейлі автожол салынды. Ол қала аудандары арасындағы көлік байланысын жақсартып қана қоймай, орталық көшелердегі жүктемені жеңілдетеді.
Жол құрылысынан басқа, газбен жабдықтау жобаларына ерекше назар аударылады. Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерді іске асыру шеңберінде елордалық елді мекендерді, атап айтқанда, Целиноград пен Аршалы аудандарын газбен жабдықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде 407 км газ желілері салынды, Жібек жолы ауылында құрылыс аяқталды. Сондай-ақ «Нұрлы» ӨК, Қоянды мен Шұбар елді мекендерінде жұмыс жалғасып отыр.
Орталық газбен жабдықтауға өңірдің 23 мың тұрғыны қол жеткізе алады. 2025 жылы 68 мың адамды қамтитын 6 елді мекен газбен қамтылады. Осы жобаларды іске асыру халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және заманауи инфрақұрылымды құруға ықпал етеді.
Баспана – басты мәселе
Өңірдегі әлеуметтік саясаттың басым бағытының бірі – тұрғын үй құрылысы. Жалпы, биыл облыста 530 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 5 мыңнан аса ақмолалықтың тұрғын үй жағдайын жақсартты. Бюджет қаражаты есебінен 9 көппәтерлі тұрғын үй тұрғызылды. Жыл соңына дейін тағы 16 тұрғын үй пайдалануға беріледі.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтары дайын пәтерлерді сатып алу арқылы баспанамен қамтамасыз етіледі. Таңдау талаптары күшейтілді. Белгілі бір жайлылық класы мен қажетті инфрақұрылымы бар тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік бар. Бұл тетік көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға және азаматтардың басқа да санаттарына арналған тұрғын үй мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік береді. Барлық шара кешені 2 мыңға жуық отбасының тұрғын үй жағдайын жақсартады. Ең бастысы – тұрғын үйге кезекті қысқартуға мүмкіндік береді», деді М.Ахметжанов.
Биыл ХӘОТ санатындағы азаматтар үшін 736 жайлы пәтер сатып алынды. Жыл соңына дейін Атбасар, Астрахан, Бурабай мен Қорғалжын аудандарында тағы 104 пәтер сатып алынады. Айтарлығы, болашақта бұл үйлер жекешелендіруге жатады. Бұл механизм алғаш рет Ақмоладан бастау алды. Сондай-ақ биыл Көкшетауда тұрғын үй қорын жаңарту бағдарламасы басталды. Облыс орталығында ескі үйлер сырылып, орнына 11 заманауи тұрғын үй кешені салынады.