Фото: Ведомство
Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметінің мәлім етуінше аталған ведомство мен Франция даму агенттігі (AFD) және Францияның геологиялық және тау-кен бюросы (BRGM) ынтымақтастық туралы үшжақты келісімге қол қойды. Министрлік тарапынан келісімге қол қою рәсіміне бірінші вице-министр Болат Бекнияз қатысты. Құжаттың негізгі мақсаты – Балқаш көлін сақтау бағытында ынтымақтастықты дамыту.
Келісім Су ресурстары және ирригация министрлігіне Балқаш көлінің су ресурстарын басқаруды дамытуға 1,35 млн еуро көлемінде грант бөлуді көздейді. Француз тарапы көл бассейніне ауқымды зерттеу жүргізеді, оның нәтижесі бойынша 2040 жылға дейін ұзақ мерзімді бас жоспар әзірленеді. Құжатта су айдынының ішкі суларын сақтау іс-шаралары жазылады.
Сонымен қатар министрлік BRGM-мен су ресурстары туралы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Құжат осы саладағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуды көздейді.
«AFD және BRGM-мен үшжақты келісім Балқаш көлі бассейніндегі суды тұрақты басқаруға және зерттеуге бағытталған. Құжат судың жай-күйін өлшеу, талдау, климаттық-антропогендік әсерлерді модельдеу, сондай-ақ 2040 жылға дейін су балансын болжауды қарастырады. Жобаның мақсаттарының бірі – Балқаш көлінің деңгейін тұрақтандыру үшін Қапшағай су қоймасының жұмыс тәртібін оңтайландыру. Зерттеу нәтижесі бойынша өзендерді тазарту, топырақтың тозуын және судың ластануын болдырмау, балық шаруашылығы мен экологиялық туризмді дамыту, сондай-ақ көлді қорғау үшін нормативтік-құқықтық база құру жөніндегі іс-шаралар жүргізіледі», деді сала министрі Нұржан Нұржігітов.