Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Күміс жас» жобасы 2022 жылы 50 жастан асқандардың «екі қолына бір күрек тауып беру» мақсатында алғаш рет қолға алынды. Әлеуметтік бағдарлама шеңберінде жұмыспен қамтылған азаматтарға төленетін жалақының 60-70 %-ын мемлекет субсидиялайды. Мысалы, 56 жастағы әйел адам «Күміс жас» жобасымен жұмысқа орналасса, үш жыл бойы жалақысының 70%-ы мемлекет есебінен, қалған 30%-ын жұмыс беруші төлейді. Жобаға қатысу мерзімі аяқталған соң зейнет жасына толғанға дейін 1 немесе 2 жыл жұмыс беруші тұрақты жұмыспен қамтып, жалақысын төлеуге міндетті болады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Түркістан облысында 55-64 жас аралығында жұмыссыз 7 197 адам бар. Оның ішінде ерлер – 4 225, әйелдер – 2 972 адам. Жалпы, зейнет жасына таяғандар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші жөнінен Алматы қаласы да алдыңғы лекте тұр. 55-64 жас аралығындағы жұмыссыз алматылықтардың саны – 4 150, оның ішінде ерлер – 1655, әйелдер – 2495 адам.
Игі бастама негізінде жұмысқа орналастыру жөнінен Түркістан облысы алда: биыл 2 441 адамға жұмыс табылған. Одан кейін Жамбыл облысының көрсеткіші жоғары – 1845 адам қамтылған. Алматы облысында биылдың өзінде 1442 адам жобаның игілігін көріп отыр. Ілкімді жобаны қарқынды жүзеге асыру Шығыс Қазақстан (1 202 адам), Ақтөбе (1 285 адам) облыстарында да байқалады. Ал Ақмола (267 адам), Батыс Қазақстан (326 адам), Солтүстік Қазақстан (332 адам) облыстарында, Алматы қаласында (289 адам) нәтиже көңіл көншітерлік емес.
Жобаға қатысушылар арасында әйелдердің үлесі басым: 54% (8,6 мың адам). Жалпы, жобада ауыл тұрғандары көбірек қамтылған. Биыл 9,3 мың (59,8%) адам жұмысқа орналасыпты. «Күміс жастың» орташа жалақы мөлшері – 136,2 мың теңге. Ең жоғары жалақы Шығыс Қазақстан облысында төленеді. Бұл өңірде жоба аясында жұмысқа орналасқандардың алды 200,3 мың теңге көлемінде жалақы алады. Одан кейін Қызылорда облысы тұр, жобаның шарапатын көрген қызылордалықтар 180 мың теңгеге дейін алады. Үшінші сатыда – Астана қаласы. Елордалықтарға «Күміс жаспен» жұмысқа орналасса, 177,7 мың теңгеге дейін жалақы беріледі. Ең төменгі жалақы Батыс Қазақстан облысы (100 мың) мен Алматы қаласында (98,8 мың теңге) төленіп отыр.
Жобаның жұмысын еңбек мобильділігі орталығы үйлестіреді. Жұмыс берушінің еңбекке тартқан жұмыссыздарға төлеген жалақысының алғашқы жылы – 70%-ын, екінші жылы – 65%-ын, үшінші жылы 60%-ын субсидиялайды. Экологиялық үстемеақы төлемдері, салық, міндетті әлеуметтік аударымдар, еңбек демалысы, өтемақы, банк қызметтері ескеріледі. Субсидия сомасы 30 айлық есептік көрсеткіштен аспауға тиіс.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Аяулым Берекенова зейнеткерлікке таяған азаматтарды жұмысқа орналастыру мақсатына қолға алынған жобаның игілігі мол екенін, жер ортасы жасындағы жұмыссыз жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетіп, экономикалық әлеуетін нығайтуға серпін беретін «Күміс жастың» шарапаты талай жанға тигенін айтады.
«Жобаны жүзеге асыруда жұмыс беруші мен еңбек мобильділігі орталығы арасында шарт жасалады. Соған сәйкес жұмыс берушілер өздерінің тұрақты штатынан тыс жұмыскер қабылдайды. Яғни жасы елуден асқан азамат пен жұмыс беруші үш жылға дейін еңбек келісімшартын жасасады», дейді А.Берекенова.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, елімізде 55-64 жас аралығындағы жұмыссыз азаматтардың саны 73 мыңнан асады. Әлеуметтік бастама мұны қаншалықты қамтиды деген сұрақтың туындайтыны заңды. Жұмыссыздардың жобаға қатысу уақыты олардың еңбек өтіліне жазылады. Бірақ жұмыс берушілер «Күміс жаспен» келгендерді өздерінің штатынан тыс қабылдайтындықтан, олардың жұмыссыз деген мәртебесі жойылмайды. Өйткені жобаға қатысушылар тұрақты жұмысқа орналасқандар санатына енбейді. Десе де мемлекеттің жұмыссыздарға қолдау көрсету мақсатында іске қосылған жобаның шарапаты тиіп, жұмыс тапқандардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Мәселен, 2022 жылы 3 080 адам ғана «Күміс жаспен» жұмысқа орналасса, былтыр 15 166 адам қамтылған. Ал биыл жыл соңына дейін 19 060 адамды жұмысқа орналастыру көзделген. Қараша айына дейінгі нәтиже бойынша 18 847 адам еңбекке араласып отыр. А.Берекенова биыл жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 17,3 миллиард теңге бөлініп, 1 қазанға дейін 14,8 миллиард теңгесі игерілгенін, келесі жылы «Күміс жаспен» 23 825 адам қамтылып, қазынадан 22,4 миллиард теңге бөлу жоспарланғанын жеткізді.
Жұмыспен қамтылғандар арасында аспаз (1 151 адам), сатушы (1 095 адам), автокөлік жүргізушісі (697 адам), тігінші (692 адам), санитар (875 адам), кассир (564 адам), бухгалтер (308 адам), кондитер (142 адам) мамандары басым. Бұдан бөлек, медицина, білім саласының да кадрлары жұмыспен қамтылып отыр.
Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданындағы «Простор» фермерлік шаруашылығының механизаторы Жексенбай Балтабаев «Күміс жастың» игілігін көрген жанның бірі. 2022 жылдың сәуір айында халықты жұмыспен қамту орталығына барып осы жоба бойынша жұмысқа орналасқан. «Күміс жаспен» шаруашылықта жемісті еңбек етіп, биыл қаңтар айында зейнеткерлікке шықты. Ж.Балтабаев бірқатар қатарласының да осы жобаның игілігін көріп, тұрақты жұмысқа тұрғанын айтты. «Мені ауылдастарым механизатор деп қана білмейді. Инженер, күзет басшысы да болдым, балық шаруашылығында, құрылыста қызмет атқардым. Ауылда қандай жұмыс бар, таңдау жасағам жоқ. «Екі қолға бір күрек» табылса болды, шаруаның ауырлығынан қашпадым. Бірақ кейін денсаулығым сыр беріп, бірнеше жыл емделдім. Екі жыл бұрын «Күміс жас» жобасы туралы ауылдық әкімдіктің мамандары құлағдар етті. Жай-жапсарын түсіндірді, солардың бағыттауымен аудандық жұмыспен қамту орталығына бардым. «Простор» фермерлік шаруашылығына механизатор болып жұмысқа орналастым. Өзім білетін, үйренген салам, шаруаны ақсатпадым. Осы шаруашылықта тынбай еңбек етіп, биыл қаңтар айында зейнеткерлікке шықтым», дейді Ж.Балтабаев.
Шымкенттен Астана қаласына қоныс аударған Жақсыгүл Өтешова да елордада «Күміс жаспен» жұмысқа орналасқанын жеткізді. «Мамандығым тігінші болғандықтан жеңіл өнеркәсіп саласында қызмет еттім. Кейін Астанаға қоныс аударған соң мамандық бойынша еңбек етсем дедім. Халықты жұмыспен қамту орталығына өтініш жаздым, көп өтпей жұмыс орнын ұсынды. Қазір шеберханада еңбек етемін», дейді Ж. Өтешова.
«Күміс жас» жобасының мақсаты – зейнет жасына жақындап қалған жандарды қолдау және еңбекпен қамту. Сөз жоқ, бүгінде зейнетке әлі шықпаған егде жастағы адамдардың жұмыс табуы өте қиын. Жұмыссыздардың көпшілігі түрлі себептермен кәсібінен қол үзіп қалғандар немесе еңбек ету мүмкіндігінен айырылғандар. Сол тұрғыда 50 жастан асқан кез келген жұмыссыз адамның бағдарлама аясында жұмысқа орналасуға мүмкіндіктері бар. Толыққанды ақпарат алу үшін тұрғылықты жеріндегі мансап орталығына хабарласуы керек.