Қоғам • 05 Желтоқсан, 2024

«Волонтерлер күні» өзгеге қол ұшын беретін ізгі жандардың мерекесі - министр

125 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аталған күнге орай Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева еріктілерді құттықтап, Facebook парақшасында жазба  арнады, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Волонтерлер күні» өзгеге қол ұшын беретін ізгі жандардың мерекесі - министр

фото: Akorda.kz

1985 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан бекітілген «Волонтерлер күні» 5 желтоқсанда әлем бойынша атап өтіледі.

«Бұл күн – мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, тілектестік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетіп, өзгеге қол ұшын беретін ізгі жандардың мерекесі. Кейінгі он бес жылда елімізде волонтерлік қозғалыс қарқын алып, жалпыхалықтық сипат алды. Президенттің мемлекеттік қолдау шараларын күшейту мен волонтерлікті ынталандыруға бағытталған бастамалары бұл саланы дамытуға үлкен серпін берді»,  деп жазды министр.

Еске салайық, 2020 жыл Қазақстанда «Волонтерлер жылы» деп жарияланды. 2024-2026 жылдарға арналған волонтерлікті дамыту және қолдау жөніндегі жаңа Жол картасы бекітілді.

Министр жазбасында Мемлекет басшысының бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды «Орнықты даму мақсатында халықаралық еріктілер жылы» деп жариялаған қарарды қабылдағанын, Мемлекеттік органдар жыл сайын волонтерлік қауымдастықпен бірлесіп, экология, әлеуметтік және мәдени салалар, денсаулық сақтау, төтенше жағдайлар, спорт және басқа да бағыттар бойынша 50-ден астам жобаны іске асырғанына тоқталған.

«Қазақстанда волонтерлік ұйымдардың саны тұрақты түрде өсіп келеді. 2020 жылдан бері олардың саны үш есе артып, 740-қа жетті. Белсенді волонтерлер саны 5 есе өсіп, 132 мың адамға жетті. Сондай-ақ, 1 800-ден астам бастамашыл волонтерлік топ жұмыс істейді. 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында 65 мыңға жуық іс-шара мен акция өткізіліп, 132 мыңнан астам отандастарымызды қамтыды. 680 мың адамға көмек көрсетілді. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш әлі де көптеген игілікті істермен толығары анық», деп жазған Аида Балаева.

Министрдің сөзінше Қазақстан Халықаралық қайырымдылық рейтингінде 119 елдің ішінде 40-шы орынға көтерілді. Бұл – патриотизмнің, қайырымдылық пен қамқорлықтың жарқын көрінісі болған волонтерлердің ел үшін атқарған ерен еңбегінің лайықты нәтижесі.