Суретте: былыққа батқан базар.
Аталған жағдайға байланысты Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіхановтың тапсырмасымен мониторингтік топ құрылды. Оның құрамы ветеринарлық инспекция, зертхана, жер қатынастары, кәсіпкерлік және ішкі саясат бөлімінің мамандарымен толықты.
Сенбі күндері бұл базарда жәрмеңке ұйымдастырылады. Сауда қыза түсетін осы күні мониторингтік топ базар жұмысын жіті бақылап, бірнеше кемшіліктің барын анықтады.
Айталық, алдымен «Алға» базары демалыс күндері жәрмеңке өткізу орыны ретінде жергілікті атқарушы органмен бекітілмеген. Алайда, базар басшылығы бұл фактіні теріске шығарды.
Екіншіден, ірі қара малдың еті (өкпе-бауыр, қарын майы, сирақтар), шұжықтар, сүт өнімдері ашық аспан астында сатылған. Бұл санитарлық нормаларға сәйкес келмейді.
Үшіншіден, мерзімі өткен шұжықтар мен түрлі тәттілерді, азық-түліктерді «үй жануарларына арналған тағам» ретінде сату деректері тіркелді. Сондай-ақ ветеринарлық анықтамасы жоқ 2 сатушыға айыппұл салынған. Сатылымдағы құс еттері мен жұмыртқалардың тиісті құжаттары да болмаған. Сынамалар зертханаларға жіберіліп, нәтижесі анықталатын болады.
«Мониторингтік топ базар басшылығына қатысты тұрақ санының жеткіліксіздігі, сатушыларға жағдай жасалмағаны, жабық павильондардың жоқтығы, базар аумағы стандарттарға сәйкес келмейтіні (қатты жабынмен жабылуы тиіс) туралы ұйғарым шығарды. Мониторингтік топтың бұл ақпараты ары қарай шаралар қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жіберіледі. Сонымен қатар әкімдік бұл нысанды талаптарға сәйкестендіру үшін бірқатар шараларды қолға алмақ», дейді Қонаев қаласы әкімдігінің баспасөз қазметі.
Айта кетерлігі, базар тұрған жер 11 учаскеге бөлінген, иелері де әртүрлі. Қысқы маусымда сенбі күнгі жәрмеңкеде 100-120 орында сауда жасалады. Жаздың күні бұл көрсеткіш 150-ге жетеді. Сатушылардың көбі Алатау қаласынан, Талғар ауданынан келеді. Арасында қалалықтар да бар. Апта сайын жәрмеңкеге 40 тонна картоп, 50 тонна жуа, 20 тонна сәбіз, 20 тонна қырыққабат әкелінеді.
Алматы облысы,
Қонаев қаласы