Суреттерді түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ
«Әбіш Кекілбаев әлемі» атты көрмеге қаламгердің қолжазбалары, публицистикалық мақалалары, кітаптары, зиялылардың жазушы туралы айтқан естеліктері, ой-толғаулары, мақалалар, халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдарынан 150-ге жуық еңбек, сондай-ақ жазушының түрік, шетел тілдеріне аударылған жинақтары, шығармашылық жолын бейнелейтін 20-дан астам фотосурет қойылды.
«Мазмұндама» баспасынан жарық көрген «Дәурен кешкен» кітабына бұрын-соңды жарияланбаған және баспасөзде жарық көргенімен ешбір жинағына енбеген өлеңдер мен балладалары еніп отыр. Шығармалары жазушының жеке мұрағатында сақталған. Маңғыстаулық әбіштанушылар құрастырып шыққан бұл еңбекті ақынның үшінші жыр жинағы деуге болады. Ал түрік тілінде жарық көрген «KUY» кітабын аударған – Ашур Өздемир.
Тұсаукесер рәсіміне қаламгердің туыстары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Конференция барысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды.
«Әбіш Кекілбаевтың өнегелі өмірі тек жазушылықпен шектелмейді. Ол – мемлекетшіл қайраткер, ел болашағына адал қызмет еткен саясаткер, парасаттылық пен жауапкершіліктің символы. Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушылардың қатарында тұрып, ол өз бойындағы асқақ рух пен терең білімді ел игілігі үшін сарп етті. Әбіш Кекілбаев бізге болмысы биік тұлғаның қандай болуы керектігін көрсетті. Оның қалдырған өнегесі – мәңгілік. Ендігі міндет – осы мұраны сақтап, дамыту, Әбіш әлемін жаңа заманмен үйлестіру», делінген құттықтау хатта.
Заңғар тұлғаның қай қырын алып қарасақ та, шеберліктің шыңын көреміз. Классик жазушы, мемлекетшіл азаматтығынан бөлек үлкен жүрегінен төгіліп жатқан мейірім мен кең пейілінде шек жоқ. Конференцияның тізгінін ұстаған қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов абыз адамның қазаққа берген өлшеусіз еңбегіне тоқталды.
«Кейде қиялға ерік берсек, Әбіш есімді данышпанды қазақ халқы осындай да ұл таба алатынын айдай әлемге айшықтай дәлелдеу үшін туғандай көрінеді. Халқымыз Әбіштей перзентін бір адамның бойына кісіліктің де, кішіліктің де, даналықтың да, даралықтың да, саралықтың да, шешендіктің де, көсемдіктің де қатарынан біте алатынын, бір адамның әрі жазушы, әрі ақын, әрі драматург, әрі аудармашы, әрі философ, әрі тарихшы, әрі әдебиеттанушы, әрі өнертанушы, әрі әлеуметтанушы, әрі публицист, әрі саясаттанушы, әрі саясаткер, әрі мемлекеттік қайраткер бола алатынын дәлелдеу үшін, солардың бәрінде де бір адамның кемелдікке жете алатынын көрсету үшін дүниеге әкелгендей әсер қалдырады. Сол үшін де Әбіштей перзентті туған айналайын халқыма тағзым етеміз», деді Сауытбек Абдрахманов.
Сондай-ақ ол Әбіш әлемінің ендігі ғұмыры қалай жалғасатынын атап өтті.
«Сынақ дегеннің өзі екі жақты. Қоғам адамды сынаққа салады. Бұл – қалыпты жай. Қоғамды сынаққа салатын адамдар да болады. Кекілбаев сондай адам. Қаламгер жазарын жазып, айтарын айтып кетті. Соңына байтақ мұра қалдырды. Сол мұра қалай игеріледі? Бұл оңай сұрақ емес. Бұл оңай сынақ емес. Енді біз Әбіш сынағына жауап беруге дайындалуға тиіспіз. Ол сынақ – Әбіштей абызды ардақтай алу, Әбіштей ойшылды тани алу, Әбіштей суреткерді зерттей алу, Әбіштей адамды үлгі тұта алу, Әбіштей ұлт мақтанышын әлемдік ауқымда насихаттай алу. Кекілбаев кемеңгерлігін дүниелік деңгейге көтеріп шығу. Осы арқылы жаһан алдында жұртымыздың жалын күдірейту, халқымыздың рухын асқақтату. Сөйтіп ұлт ретінде өсу», дейді модератор.
Сөз кезегін алған Халық жазушысы Төлен Әбдік көрнекті қаламгердің әдебиет әлеміндегі тамырын тереңнен тартқан таным, телегей-теңіз білім, бай мұрасы туралы баяндады.
«Әбішпен студент кезден дос болдық. Сол уақыттың өзінде оның әдебиетші секілді аты шықты. Әбіштің «Бір шөкім бұлт» деген алғашқы жинағын мен бір үлкен құбылыс деп айта алмаймын. Өйткені ол кезде әлі дайындық үстінде болатын. Әбіш үлкен эпикалық кең тынысты қаламгер еді. Үлкен идеяларды басында пісіріп жүрген. Сондықтан оған көсіліп шығатын кеңістік қажет болды. Бұндай кеңістікте туған шығармалары қазақ әдебиетіне ғана емес, әлемдік әдебиетке де қосылған классикалық туындылар дейміз. 1969 жылы «Жалын» журналында жүрген кезімде Әбекеңнің «Шыңырауын» алғаш рет оқыдым. Сонда шын мәнінде әлемдік деңгейдегі туындының өмірге келгеніне көзім жетті. Тақырып мүлдем тың, бас кейіпкердің бойындағы барлық образға сіңірілген философиялық ойлар, ұлттық көріністер таңғалдырады», деді Төлен Әбдік.
Жиын барысында әбіштануды екі тілде насихаттап жүрген белгілі жазушы-драматург Ермек Аманшаев, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Түркиядан арнайы онлайн қосылған аудармашы Ашур Өздемир, басқа да қоғам қайраткерлері мен әдебиетшілер баяндама оқып, абыз Әбіш туралы тереңнен толғады.
Айта кетейік, мерейтойлық конференция заңғар жазушының әдебиет әлеміндегі алар орнын, білімдарлығы мен азаматтық болмысын айшықтау мақсатында ұйымдастырылып отыр.
«Дәурен кешкен» жыр жинағының құрастырушысы Әділет Қабылов жаңа кітаптың дайындалу барысын баяндады.
«Біз Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыру жобасы аясында өлеңдерін жинастырып, жаңа кітап қылып ұсынып отырмыз. Бұл жұмыстарға жазушының немересі, көркем мұраларының жанашыры Абыл Кекілбаев бауырымыз көп көмектесті», дейді ол.
Конференция соңында көпшілікке Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық театры Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау» әңгімесінің желісімен қойылған спектакльді ұсынды.
Айта кетсек, биыл еліміздің әр түкпірінде заңғар жазушының мерейтойына арналған кешенді іс-шаралар өткізіліп жатыр. Кейінгі төрт айдың өзінде әдеби кештер, кеңейтілген кітап көрмесі, әдеби сағаттар, басқа да 40-тан астам іс-шара ұйымдастырылған.