Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2024

Павлодардағы 11-қазақ мектебі

100 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Павлодар қаласында тағы бір қазақ мектебі ашылады. «Достық» шағын ауданында тұрғызылып жатқан 1200 орындық жаңа білім ұясы ана тілінде оқытады деп шешілді.

Павлодардағы 11-қазақ мектебі

Сурет: zhas-zhanary.kz

Бүгінде облыс орта­лы­ғындағы 43 мек­­тептің 10-ны ғана қазақ мектебі. Көптеген шағын аудандағы мектептерде орын жетіспеушілігі сақталып отыр.

«Біз жергілікті тұрғындардың тілек­терін ескере отырып, «Дос­тық» шағын ауданында салынып жатқан жаңа жайлы мектеп­те оқыту қазақ тілінде жүр­гізі­ле­тінін хабарлаймыз. Қазір­гі таңда қар­қынды түрде дамып жатқан «Достық» шағын ауда­нында мектеп жасындағы 747 бала тұрады. Олар­дың 80 па­йыз­дан астамы мем­ле­кеттік тілде білім алады, бірақ көрші №21 орта мектепте және Ж.Тәшенов, Б.Момыш­ұлы мек­тептерінде, Ә.Бөкей­хан лицейінде, сондай-ақ шағын ауданнан тыс өзге жер­­лерде оқуға мәжбүр. Жаңа «жай­лы мектеп» бұл балаларға өз үйлеріне жақын жерде білім алуға мүмкіндік беріп, болашақта «Дос­тықтың» жас тұрғында­­ры үшін қолайлы жағдай жасайды», деп ха­бар­лады қалалық білім бөлі­мінің басшысы Қуаныш Қыдырәлин.

Желтоқсан айының соңына дейін бұл ау­мақта қосымша 96 пәтер пайдалануға беріледі. Ал келесі жылы 240 пәтерден тұратын тағы үш тұрғын үй салынады деп күтілуде. Яғни ау­мақ­та балалардың саны бұдан да еселене түсе­тіні анық. Жаңа мектеп есебінен көршілес қазақ сынып­тары бар мектептердің жүкте­месін азай­ту жоспарланып отыр. Мәселен, «Дачный» ша­ғын ауда­нын­дағы 1200 орын­ға арналған №21 мек­тепте қазір 2134 оқушы білім алып жүр. «Дос­­тық­тың» балалары қаты­нап оқитын Кен­же­көл орта мекте­бін­де 1020 орынның орнына шама­­мен 1500 оқушы білім ала­ды, олар­дың 917-сі қазақ тілінде оқиды.

Білім саласындағы сарап­шы­лардың болжамына сүйенсек, өңір мен облыс орталығында қазақ тілінде оқытуға сұраныс тұ­рақты түрде арта бермек. Кейінгі бес жылда екі жаңа мектеп пен үш қосымша ғимарат салынғанымен, жаңа білім нысандары бұл тапшылықты толық жоя алмаған. Олардың ішінде бір мектепте (Ә.Бөкейхан атындағы) ғана білім мемлекеттік тілде жүргізіледі. Қаладағы 43 мектептің 10-ы ғана қазақ тілін­де оқытатынын жоғарыда айттық. 2018 жылдан бері Павлодардағы 15 орыс тілді мек­тепте алғаш рет қазақ сыныптары ашылды, бірақ бұл мәселені шешуге жеткіліксіз болды. Сондықтан ашылғалы отырған жайлы мектеп тек тұрғындардың сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, жас ұрпаққа мемлекеттік тілде білім алуды қолжетімді етуде маңызды қадам болғалы тұр.

Атап өтерлігі, былтыр облыс бо­йынша мектеп табалдырығын аттаған 23,5 мың оқу­шының 43 пайызы қазақ сыныбын таң­даған. Ал биыл 11 мыңға жуық баланың 45 па­йы­зының таңдауы қазақ мектептеріне түсіп отыр. Бұл сәл де болса алға жылжудың бар еке­нін көрсетеді.

Өңірдің білім саласындағы статис­ти­ка­лық деректеріне сөз салып көрейік. 2024–2025 оқу жылында Павлодар облысында 360 жалпы білім мектебі жұмыс істесе, оның ішін­де 137-сі – қазақ тілінде оқытатын мектеп (мек­теп­тердің саны, ара салмағы бойынша 2022 жылғы статистика өзгермеген). Оларда жалпы саны 118 мыңға жуық оқушы оқыса, 50 мыңнан астамы немесе 43 пайызы ғана қазақ тілінде білім алады. Негізінен өңірде аралас мектептерге қатысты мәселе баршылық. Себебі 100 пайыз қазақ тілінде білім беретін мектептерде жаңа оқу жылында 33 мың оқушы білім алса, аралас мектептердегі қазақ сыныптарында оқитын оқушылар саны – небәрі 17,5 мың бала. Ал аралас мектептерде орысша білім алатындар саны – 60 мың оқушы. Яғни аралас мектептердегі әр үш сыныптың екеуі – орысша. Бұл жерде таза орысша оқытатын мектептерді санатқа қосқан жоқпыз. Сондықтан қазақ мектептерінің санын көбейту – өте құптарлық қадам. Ал жалпы облыстағы мектептерде 6 мыңнан астам орын тапшылығы бар. Жеті мектепте оқушылар үш ауысымда білім алып жатыр.

 

ПАВЛОДАР