Ауқымды іс-шара аясында Аналар кеңесінің бүгінге дейін атқарылған жұмыстары қорытындыланып, бала тәрбиесі, әке мен ананың отбасындағы рөлі жөнінде ой-пікірлер ортаға салынды. Форумға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысып, Аналар кеңесінің қоғамдағы мәселелерді шешуге жұмыла атсалысып жүргеніне тоқталды.
– Аналар кеңесі қоғамдағы ұлттық тәрбиені жандандыру мен ұлттық рухты нығайту мақсатында отбасы құндылықтарын, жас ұрпақты тәрбиелеу, құқық бұзушылықтың алдын алу, әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру, басқа да әлеуметтік маңызы бар мәселелерді басты назарда ұстайды. Бұл бағытта бірнеше мекемемен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Ұйым мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қосып, оны шешуге белсенді қатысады. Оның ішінде құқықтық тәрбие беру мәселесі де бар. Кейінгі кездері жастар арасында құқық бұзушылық көбейді, вандализм, зорлық-зомбылық, балаларға қатысты қылмыстардың артуы алаңдатады. Осы мәселелердің алдын алып, адал ұрпақ тәрбиелеу жолында бірлесіп еңбек етуіміз керек, – деді Айгүл Қайыртасқызы.
Аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи кеңестің бүгінге дейін атқарылған жұмыстарын баяндап, қазіргі уақытта жүзеге асып жатқан ауқымды жобалардың бірі – «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасының маңыздылығын атап өтті.
– «Аналар кеңесі» орталығының құрылғанына – 10 жыл. Бүгінде 14 мыңнан астам ананың басын біріктіріп отырған консультативтік кеңесші орган ауылдарда да бар. 2021 жылдан бері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасын жүзеге асырып келеміз. Жобаның мақсаты – отбасылық құндылықтарды, ұлттық дәстүрлерді сақтап, өскелең ұрпақты сол рухта тәрбиелеу, – деді Н.Шанаи.
Жиын барысында «Ана үйі» қоғамдық қорымен меморандумға қол қою рәсімі өтіп, Аналар кеңесінің бірнеше мүшесі мен серіктестері Алғыс хатпен марапатталды.
ПАВЛОДАР