
Суретті түсірген – ЕДмитрий ЕРОФЕЕВ
Өзен су арнасының тасуы елімізде қалыпты жағдайға айналып барады. Қарғын судан жиналған артық суды тасқынға айналдырмай, егінге сақтап қалуды жан-жақты ойластырған жөн. Оның үстіне одан электр жарығын өңдірсек халық та тиімділігін көрер еді. Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл облыста 6 өзен жағалаулары нығайтылды. Алдымен Панфилов ауданына қарасты Бұрақожыр өзенінің жағалауы жасалса, қазір Текелі қаласындағы Қора, Қаратал өзендерінің жағалауларын нықтау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Текелі қаласы – таулы аймақ. Сондықтан, төтенше жағдайлар саласы мамандарының айтуынша, Текелінің су тасқынына қатысты қауіптілігі жоғары саналады. Қаланың ішімен үш өзен – Қора, Шажа, Текелі ағып өтіп, үшеуінің түйіскен жерінен ары қарай Қаратал өзені жалғасады. Мұндағы су тасқынының алдын алу жұмыстары «Жетісу облысын дамытудың 2021–2025 жылдарға арналған жоспарына» енгізіліп, қазір жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр.
Текелі қаласы әкімі аппаратының басшысы Қуандық Байсақовтың айтуынша, аталған жұмыстарға облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, қазір құрылыс 4 учаскеде, жалпы ұзындығы 705 метр жерде атқарылып жатыр.
«Қаладағы су тасқынының алдын алуда бұл жобаның маңызы зор. Қора, Қаратал өзендерінің жағалауын нығайту төрт учаскеге бөлінген, соның екеуінде жұмыстар аяқталып, құрылыс ауқымының 62 %-ы атқарылды, яғни 440 метрдей жер жасалды. Биыл жобаны аяқтауымыз керек. Бұл жұмыстар төтенше жағдай қаупін болдырмауға ықпал етеді», дейді Қ.Байсақов.
«Жаз бойы гобион конструкцияларын құрып, қажетті материалдар әкеліп дайындадық. Енді сол конструкцияның ішіне тас салып, нығайту жұмыстарын атқарып жатырмыз. Шынжыр табан экскаватор, КамАЗ, манипулятор сияқты барлық қажетті техникаларды жұмылдырдық. Жұмыс кестеге сәйкес жүргізіліп келеді», деді мердігер компанияның өкілі Ералы Құсманов.
Жалпы, облыс көлемінде су тасқынының алдын алу барысында 5,2 км су бұру арналары орнатылып, тазартылды, 400 метр қорғаныс бөгеттері салынып, жөнделді, 4,6 шақырым өзен арналары мен каналдарға механикалық тазарту жасалды, 5,6 шақырым өзендердің арналары тереңдетіліп, түзетіліп, жағалаулар нығайтылды. Сол сияқты 241 шақырым арық желісі, 215 шақырым каналдар, автожолдарда 2826 су өткізу құбырлары тазартылды. Су тасқыны кезеңіндегі төтенше жағдайларға жедел ден қою мақсатында аудан мен қала әкімдіктері инертті материалдар, жанармай қоры мен қаптар дайындады. Одан бөлек, 913 бірлік жеке құрам күші мен құралы, 235 техника, 108 мотопомпа әзірленді.
Келер жылы облысты дамыту жоспарының аясында Панфилов ауданына қарасты Сүптай ауылында Тышқан өзенінің, Талдықорған қаласы Қаратал өзенінің жағалаулары, Ескелді ауданына қарасты өзендер де нығайтылады. Оған себеп – алдағы уақытта су электр стансалары салынады. Бүгінде облыста қуаттылығы 210,5 МВт құрайтын, жаңартылған энергия көздерін өндіретін 15 нысан бар. Келер жылы Ескелдіде тағы бір нысанның құрылысы басталады. Құрылыс орны Талдықорғаннан батысқа қарай 41 шақырым, Алматыдан шығысқа қарай 250 шақырым, жақын маңдағы Талапты ауылынан 3 шақырым жерде орналасады. ГЭС-тің белгіленген қуаты 16,6 МВт-ты құрайды. ГЭС арқылы секундына аз дегенде 15 текше метр су жіберіледі. Судың болжамды шығыны секундына 37 текше метр. Электр энергиясының орташа жылдық өндірісі 117 млн кВт/сағ. Станса тәулік бойы жұмыс істейтін болады.
Электр энергиясының негізгі тұтынушылары – Жетісу облысының ГЭС-ке іргелес аудандарының тұрғындары мен компаниялары. Станса өңірлік желілердегі тәуліктік жүктеме кестесін жабуға қатысады. ГЭС құрылысы 2025 жылғы наурыздан бастап, 20 айға созылады. 2026 жылғы қарашада аяқталады деп күтіліп отыр. Технологиялық жабдықтың кепілдік мерзімі оны іске қосқан сәттен бастап 40 жылды құрайды. Құрылыс кезінде қажетті электр энергиясын дизель генераторы өндіреді. Өңірде 2026 жылға дейін белгіленген қуаттылығы 84,7 МВт болатын тағы 8 нысанды іске асыру жоспарланып отыр.
Жетісу облысы