Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2024

Ұлтқа қызмет адалдықтың айнасы болуы керек

1 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекеттік қызмет мінсіз болу керек. Ал оның қызметкері кәсіби, адал, әділ, қарапайым болуға міндетті. Өйткені мінсіз істі құратын – осы адамдар. Жалпы, әлемде мемлекеттік қызметтің адалдығы қалай, қайдан көрінеді?

Ұлтқа қызмет адалдықтың айнасы болуы керек

Сурет: ile-tany.kz

«Мемлекеттік қызмет мін­сіз болсын десек, ең алдымен, халық­тың мұң-мұқтажына, талап-ті­легіне сезімтал болуы керек», дейді Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменов. Бұл бағытта сөзсіз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаларын жүзеге асырып, оны әрі қарай дамыту қажет. Осыны басшылыққа алған жауаптылар елдің мемлекеттік қызметіне реформалар енгізіп, бірқатар іс тындырды. Мәселен, 2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен шенеуніктер қызметтік көліктерін тапсырып, оған кететін шығынды біршама азайтты. Жылына бюджеттен бір ғана автомобильге орташа есеппен 6 млн теңгеден аса қаржы жұмсалатын.

Осы орайда шет елдердің тәжі­ри­белерін де мысалға келтіру­ге болады. Қытай билігі биыл 21 провинцияның әкімшіліктері қызметтік көліктерге бюджет­терін қысқартатынын мәлімдеді. Гуйчжоу провинциясының губернаторы өз әкімшілігінің шы­ғын­дарын 15 пайызға қысқар­ту­ға уәде берді. Сондай-ақ ҚХР Қаржы министрлігі мемлекет­тік органдарды шығындарды бақы­лауды күшейту арқылы қар­жысын мұқият бақылауға алатын нұсқаулық шығарған. Мыса­лы, шенеуніктер шетелдік сапар­ларға, автокөліктерге және ресми қабылдауларға байланыс­ты шығындарды шектеуі іскерлік кездесулерді онлайн режімінде өткізуге тырысу және жиындар өткізуге коммерциялық алаңдарды емес, мемлекеттік мекемелерді пайдалану керек деген қағида шығарды.

Германияда мемлекеттік қызмет үлкен мәртебе, қызмет­шілері мемлекет пен қоғамға қызмет етеді. Олар бейтарап позицияны, тәуелсіздікті сақтап, қоғамның демократиялық негіз­деріне қызмет етуге тиіс. Мем­лекеттік қызметшілер сот-құқық­тық жүйеде, полицияда, министр­ліктерде, мектептерде жұмыс істейді. Бір қызығы, соңғы зерттеулерге сәйкес, бұл елде мемлекеттік қызмет жастар арасында сұранысқа ие бола бастаған. Мәселен, студенттердің 40 пайыздан астамы мемлекетке жұмыс істегісі келетінін айт­қан. «Ernst&Young» халықаралық консалтингтік компаниясының сарапшылары мұны жастардың тұрақтылыққа ұмтылуымен байланыстырады. «Ernst&Young» зерт­теушілері атап өткендей, неміс жастары болашаққа деген сенімді мемлекеттік қызметпен байла­ныстырады. Германияда мемлекет­тік қызметшілердің бастапқы жалақысы – экономиканың бар­лық саласы бойынша орташа деңгейден төмен, жылына шамамен 37,500 еуро. Олардың жеке сектор қызметкерлерінен тағы бір айырмашылығы шенеунік­тер жалақы (Gehalt) алмайды, оларға төлемақы (Besoldung) төле­неді. Бұл – қызметкер өзін толы­ғымен жұмысына арнап, алаң­сыз қызмет етуіне жасалған жағдай. Төлемақының мөлшері арнайы заңмен реттеледі және қызметкердің дәрежесіне байланысты. Санаты неғұрлым жоғары болса, соғұрлым көп төлем алады. Мемлекеттік қызметші мәртебесін алуға қызметкер үш жыл сынақ мерзімінен өтуге тиіс. Бірақ кейбір жағдайларда мемлекеттік қызметші тең құқылы қызметті есептеп, сынақ мерзімін бір жылға дейін қысқарта алады. Ал егер берілген уақыт шенеунік мәртебесіне ие болуға жеткіліксіз болса, сынақ мерзімі ұзартылады.

Осындай қарапайым қадам­дармен шенеуніктер мемлекеттік қызметке деген адалдығын көр­сетсе керек. Жалпы, мем­лекеттік қыз­мет­тегі адалдық адами ресурс­тар­ды дұрыс қолдану, яғни мем­лекет­тік қызметке іріктеу және лауазым­мен жоғарылатуды заңда көр­сетіл­ген рәсімдермен ғана ашық өт­кізумен көрінеді деген пікір­ді Астана мемлекеттік қыз­мет хабы басқарушы комитет төр­аға­сы Әлихан Байменов алға тартты.

– Конкурстық іріктеуге сенімді арттыру үшін жеңімпаз адамды алдын ала анықтап қоюға тыры­сатын әрекеттермен күресу қажет. Мысалы, зат не қызмет сатып алу конкурсының нәтижесіне ық­пал жасаған лауазым иесі қалай жауапқа тартылса, одан да маңыз­ды конкурс сол қаржының барлы­ғына иелік жасайтын мемлекет­тік қызметке іріктеу конкурсы­ның нәтижесіне заңсыз ықпал жаса­ған басшы да солай жазаға тар­тылуы керек. Бұл ретте кон­курс­­тық іріктеуге араласуды қыл­мыс деп тану қажет. Конкурс нәти­жесін­е араласатын басшылар қатаң жаза­лануға тиіс, – деді Ә.Байменов.

Оның айтуынша, орта, корпоративтік мәдениет және көшбасшылық қабілет те үлкен рөл атқарады. Бұл бағытта бір­неше фактор маңызды. Мем­лекеттік қызметке келгенде не нәрсеге үміт артады? Біріншіден, тұрақты жұмыс орны. Екіншіден, ашық конкурс арқылы кіріп, сатылап жоғарылау. Үшіншіден, өзінің білімі, білігі, күш-қуатын мемлекетінің дамуына, елдің жағдайын жақсартуға жұмсау мүмкіндігі. Егер осы мүмкіндік­тер шектелсе, онда мемлекет­тік қызметші екі ұдай сезімде болады, көңілі қалады. Керісінше, қызметкерлердің білімі мен білігі қажетке жарап, оны басшылар ескеретін болса, онда олардың ішкі қанағаттану сезімі артып, адалдығы да жоғары болады.

Сондай-ақ мемлекеттік қыз­мет­шілерді пенделіктен сақтан­дыру жүйесі – маңызды нәрсенің бірі. Бұл істе Ә.Байменов бірқатар ұсынысын айтты: ақпарат, қаржы айналымдарының жариялығы, салық, инвестиция, орталық игіліктерді (жер телімдері, пәтер, т.б.) бөлуде блокчейн пайдалану, «мүд­делер қақтығысы туралы», «жем­қорлықты әшкерелеушілерді қорғау туралы» заң қабылдау, ше­шім қабылдау рәсімдерін қарапа­йымдату, әр деңгейде өкілеттілік, жауапкершілік және ресурстар балансын қамтамасыз ету маңызды.

Қазір әлемде үкіметтер мем­лекеттік қызметті тартымды қылуға назар аударып жатыр. Себебі мемлекеттік қызмет жұмыс орны ретінде тартымды болса, оған жақсы мамандар келетіні сөзсіз. Ал оған біріншіден, конкурстық іріктеудің жариялылығын және әділдігін қамтамасыз ету қажет. Екіншіден, лауазыммен сатылап жоғарылағанда әділ­дік­ті қам­тамасыз етіп, ынта­лан­дыру жүйесін енгізу маңыз­ды. Соны­мен қатар ішкі корпора­тив­тік мәдениетке мән беріп, әсіресе басшылардың жеке үлгісінің маңызын ескеру қажет. Одан соң мемлекеттік кәсіби қызметшілердің ұзақмерзімді ұлт мүддесін қорғайтынын және стратегиялық басымдықтарды жүзеге асыруда арнайы жоғары лауазымдар тобының (кезінде Қазақстанда А корпусы деп аталған) маңызын ескеру керек. Бұл топқа іріктеуді арнайы жолмен жария жүзеге асырып, сол лауазымға тағайындалғандарға 4-5 жыл келісімшартпен жұмыс істеу мүмкіндігін беруге жағдай жасаған жөн. Сондай-ақ жаңа буынның жұмысқа қызығушылық танытып жатқанын ескеріп, адамның хақы, жеке уақыты мен жұмыс арасындағы тепе-тең­дікті, балансты сақтау қажет. Түп­теп келгенде, мемлекеттік орган­дағы әр басшы қызметшінің уақы­тын, еңбегін, абыройын құр­меттейтін болса, мемлекеттік қызмет те тиімді болады. Осының барлығының негізінде адал азамат қағидасы жатыр.