Бір-бірін көрмегенсіп, бұқпантайлап, алысырақтағы микрофондарға тақап, кезекпе-кезек күбірлеп сөйлей бастайды.
Анау: «Асығыс кезде сайтандай сап ете қалғанын айтсаңшы. Өзі де бір көк мылжың! Қазір жолықтың бар ғой, кемі отыз минут «тергеп зерттейді». Мұның жанында тергеушінің өзі тері илеп тентіреп қалады. Түу үрім-бұтақты, сонау қырдағы әке-шешені қазбалай сұрап көрмесе де, үйдегі ешкіммен шаруасы жоқ бөпеге дейін барып, «бөтелкеге үйренді ме? Мамасының мамасын сұрап мазасын алмай ма?» деп түу атам заманғы ішінің бұзылғанын сұрап мезі қылады... Өте шықсаң ғой, ертең-ақ: «Анау бастық болғаннан сау ма, көшеде қарсы ұшырасып едік, танауын көтеріп танымады» деген жел сөз сасытып жіберетіні сөзсіз... Өзін суқаным сүймейді. Қарақұрым қалада көше сайын есендесіп, еңіресіп жатады. Танымайтыны жоқ. Қашан көрсең балаға да, шағаға да иіліп сәлем беріп мәймөңкелеп жатқаны... Тағы өзі ұстаса айрылмайды... Осал жерді біледі. Дегенмен шаруасына мығым, қара басының қамына келгенде Қарабайыңа қара көрсетпейді...»
Мынау: «Е, Анау, Әліп пе? Кергіп қалған біреу өзі... Сәлеміңді салғырт алады. Амандасқанымен, хал-жағдай сұрасқанның жөнін білмейді. Тәрбиесі нашар. Көргенсіздің көк езуі! Жақтырмай тұрғанын білсем де бұрылайын. Бұрындары анау шаруаны істеп берерінде иіліп иін ағаш, төселіп төсеніш болғаным бар. Дегенмен амандасуға тұра ма өзі?»
Анау: «Отқа жанбайтын, суға батпайтынның өзі. Пысықайлығы мығым, керегі де боп қалар... Е, көзіміз түйіскен сияқты. Енді бұрылып кету ыңғайсыз».
Мынау: «Көріп қалды, көз тайдырғаным көргендік болмас. Оның үстіне өсуге әлі мүмкіндігі бар деп естігенмін».
* * *
Анау: «Оу, Әлеке, ас-са-лау-маға-лей-күм! Хал-жағдайларыңыз қалай? Үлкен кісілер, үй-іші, бала-шаға, кәрі-құртаң, шортан, ой, то есть, бәрі-бәрі аман-есен бе? Бұлай кездесемін деп кім ойлаған. Өзіңізді сонадайдан көріп бұрылып келдім. Қалай, жеңгей, інішек, айтпақшы, әлгі бұзықтың іші тыйылған болар?»
Мынау: «Аман-есен. Өз жағдай, келін-бала дегендей. Е, өзіңдей інішектерді көргенде бір жасап қаламыз. Қазір сәлем беріп, жағдайыңды сұраған пендеден артық жан жоқ қой... Е, бәрі баяғы көңіл де. Бір-бірімізге бөліп беріп жатқанымыз шамалы, осындай есендесіп, хал-ахуал сұрасқанға не жетсін. Е, өзің секілді естиярлар азайып бара жатыр емес пе. Амандаспақ түгіл, өзіңді иығымен қағып өтіп, жанындағыға: «Анау жаңағы біздің ауылдың көк езуі» деп кекетіп бара жатқанын талай көргенбіз. Ой, өркенің өссін, өзіңді көріп бір жасап, сәлеміңді алып, мың жасап қалдым ғой өзі...»
Анау: «Е, Әлеке, ағасы бардың жағасы бар дегендей, өздеріңізге кезіксек, аталы сөздеріңізді естісек, біз де бір жасап, мәртебеміз өсіп мәңгіріп қаламыз. Тоқтап, қолұшыңызды бергеніңіздің өзі неге тұрады? Сіздің істеген жақсылығыңызды келініңіз көк езуленіп әлі айтып отырады. Қонақ етудің реті келмей қысылыңқырап жүргеніміз».
Мынау: «Оқасы жоқ, үлкендігімізді білдіріп үй көрсету бізден. Амандық болса араласамыз әлі... Шақырысамыз әлі... Шартпа-шұрт боламыз әлі...»
Анау: «Онда жақсы... Хабарласайық, жиі-жиі кездесейік, ретін тауып сұхбаттасайық, шұрқырасайық, құрқұлдасайық».
Мынау: «Әлбетте! Құдай соған жеткізсін. Сау бола ғой...
* * *
Анау: «Дәмесін, кәрі қақпас!.. Қайтер екен десем, «Құдай соған жеткізсін» деуін, сары сайтан! Өзі амандасуды үйренген екен. Е, бізді де бағалай бастағаны болар. Құдай кезіктіргеннен сақтасын. Қызметі өссе, көре жатармыз... Ал әзірге мұндай қызыл көзді түсімде де көрмей-ақ қояйын».
Мынау: «Қызыл сөзді қыздырды-ай кеп. Өзіңізді көрсем мәртебеміз өсіп, бір жасап қаламыз дейді-ай... Қонақ қылмақ ойы бар! Тапқан екен ақымақты! Хабарласқышын! Кездеспекшілін! Сұхбаттасқанда не айтпақ екен, ә? Көрмегенім сен бол! Бір жерден тесіп шығып жатса көре жатармыз... Әзірге сені желкемнің шұқыры көрсін».
Берік САДЫР