23 Маусым, 2010

ҰРПАҚ БЕРЕР ЕСІМІҢІЗ – АТАҚАЗАҚ

531 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қос палаталы Парламентіміздің Елбасы биік атағын заңдастыруға құлшынысын қуана құптағандар­дың бірі едім. Демек, бұл атау халқымыздың ертеден көкейінде жүргендігінің айғағы еді. Ал осы халқыңыздың шын көңілінен шыққан ықыласы мен құрметін қабылдаудан бас тартқаныңыз, құр­метті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің қарапайымдылығыңыздың жарқын көрінісі болса керек. Ауыл қазағының отбасында тәрбиеленіп, салт-дәстүрді берік ұстап өскен ұл ғана осылай істей алады. Бірақ біздің ұғымымызда Сіз бәрібір Ұлт көшбасшысы болып қалыптасып үлгерген болатынсыз. Енді халқы­мыздың ыстық ықыласына сай, Конституциялық заңды газеттерден көріп, қуана құптап отырмын. Қазақ елінің қазіргі бастан ке­шіп жатқан өмірі аса күрделі оқи­ға­ларға толы. Тәуелсіздікке ие бол­ған кездің алғашқы жылдарының ішінде-ақ таңқаларлық табыстарға қол жеткізіп, әлемдегі ең жоғары дамыған өркениетті елдердің наза­рын өзіне аудара білсе, бұл, әрине, Нұрсұлтан Әбішұлы Сіздің көреген саясатыңыздың жемісі. Қазақ­стан­ның көпэтносты халқының зор се­німіне ие болып, дәйекті реформа­тор, болашақты болжағыш биік бе­делді саясаткер екеніңізді көрсете білдіңіз. Мен сонау 1991 жылғы Пре­зи­дент сайлауынан кейін, құрметті Нұр-Аға, Сіз ант қабылдаған Жоғар­ғы Кеңестің салтанатты сессиясына Маңғыстау халқының өкілінің бірі ретінде қатысқанымды мақтан етемін. Ол менің өмірімдегі ең ұмытылмайтын тарихи сәттердің бірегейі болып есептеледі. Тәуелсіз Қазақ елінің Тұңғыш Президентін таққа отырғызу рәсімі маған сар­қыл­майтын шабыт берді. Елді ны­ғайтуға қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей болса да жырыммен өз үлесімді қосуым керек деп түсіндім. Сондықтан да “Қазақстан-2030” стратегиялық бағдарламасын ха­лық­қа кеңінен түсіндіретін жалын­ды публицистикалар мен көркем­дігі жоғары “Барыс мінез халық­пыз”, Каспий қайраңын игеру инвестициясы туралы “Каспийдің түбі – алтын түп” топтама өлеңде­рін және бірнеше насихаттық мақалалар жаздым. “Қарашүңгіл – қаракөзім тұңғиық” атты Қазақстан мұнайының 100 жылдығына арнал­ған кітабыма “Атақазақ” атты бөлім енгіздім. Өзіңіз қайта құрған Маңғыстау облысына тәуелсіз еліміздің Тұң­ғыш Президенті ретінде 1994 жыл­дың жазында келгеніңізде қуаныш­та шек жоқ болатын. Сол кездегі құшақ жайып қарсы алған маң­ғыс­таулықтар ықыласын айна-қатесіз беруге ұмтылған екі өлеңімнің бірін – “Атақазақ”, екіншісін “Ақбоз ат мінген Елбасы” деп атаған едім. Там­шалы атты Маңғыстау таби­ғаты­ның көрікті жерінде ақбоз атқа мінген бойда дархан дала төсінде құйғытып шаба жөнелгеніңіз әлі көз алдымызда. Ал сол тәуелсіз­ді­гі­міздің алғашқы жылдарында жа­зылған “Атақазақ” өлеңіндегі ой-тұ­жырымдарымның қазір дәл кел­геніне әрі таңданамын, әрі қуа­намын. Айтуар ӨТЕГЕНОВ,  ақын, еңбек ардагері. АҚТАУ. АТАҚАЗАҚ Бір шыңырау және онда жалғыз қауға. Құтым болған түссе де сансыз дауға. Әрқашанда қамқор боп қол созасыз, 360 әулиелі Маңғыстауға... Әлемді көсемдікпен ұйыттыңыз, Қайда да қошемет мол сүйікті Ұлға, Таныттыңыз Қазақ деген халық барын, Ғасырда дара туған биік Тұлға. Қоғамдағы талдайсыз әр ізді Сіз, Ел алдында ұғынып парызды Сіз. Қазақ ұлтын топаннан сақтап қалу, Жолын білер Нұх пайғамбар тәріздісіз... Аз көрген жоқ өмірден атам азап, Басталады енді өмір өте ғажап. Жасай берсін Нұрсұлтан Назарбаев, Ұрпақ берер есімі – Атақазақ!!! ЕЛ МҮДДЕСІ БӘРІНЕН БИІК Мен жергілікті телевизияда жұмыс істеп жүргенде Тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше рет кездесіп, сұхбат алған едім. Сол 90-шы жылдардың күрмеуі қиын кезеңінде-ақ Мемлекет басшысы сарабдал саясаткер екенін дүйім елге қапысыз таныта білді. Қазақстанды кемел даму жолына бастап, тығырықтан алып шығатынына берік сенген жандардың бірі мен едім. Бүгін ақсақал жасына жетіп отырсам да, Елбасының әрбір әрекеті, іс-қимылы көз алдымда. Шүкіршілік дейік, әлемдік аренадағы саяси кемел көшбасшы екеніне бәріміздің көзіміз жетті. Төрткүл дүниеге танылмақ түгілі дұрыс ел басқара алмай отырған талай басшыны көріп жүр­ген жоқпыз ба? Бүгінде Қазақ елін әлем таниды, сана­сады, құрмет тұтады. Мұның өзі әрбір қазақстандық үшін зор мәртебе, үлкен мақтаныш болса керек. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының атақ-абыройы мен зор беделін бәріміз арқа тұтамыз. Осындайда басшы қалай болса, қосшы солай” деген аталы сөз ойға оралады. Тарих үшін қас-қағым қысқа ғана уақытта Қазақстан үлкен даму жолынан өтіп, экономикалық табыстарға жетті. Қай саланы алсақ та, ілгерілеу бар. Әлемдік қаржы дағдарысына да мойымай қиын кезеңнен аман-сау өте білдік. Халықтың әл-ауқаты артып, тұрмысы жақсара түсті. Еліміз дүниежүзілік картадан өз орнын тауып, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарынан орын алуға бет түзеді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәртебемізді одан сайын асқақтата түсті. Бір сөзбен айтқанда, аз ғана жылдар ішінде халықаралық деңгейде мойындалып, іргелі елдердің өзі санасатын дәрежеге жетуіміздің сыры кемел тұлға, сұңғыла саясаткер Н.Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. “Қараша қаласа, хан түйесін сояды” демекші, үш жоғары лауазым иелерінің қол қоюларымен Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының өкі­леттігін кеңейтуге қатысты заңнамалық актілердің қолданысқа енуін бірден-бір дұрыс шешім деп санай­мын. Еліміздің кемел келешегін ойласақ, өркениетті мемлекет құрамыз десек, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі мен өкілеттігін арттырудан ұтарымыз көп. Өйткені, бәріміз Қазақстан мемлекеттілігінің бастауында тұрған және демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде елімізді дамытуға орасан үлес қосқан Нұрсұлтан Әбішұлының тура жолдан адастырмайтынына шүбәсіз сенеміз. Мүтәләп ҚАНҒОЖИН, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.