Маман • 07 Желтоқсан, 2024

Талабы таудай тас қопарар

156 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дидардың кәсіби мамандығы – энергетика инженері. Аядай ғана ауылдан түлеп ұшқан жас жігіт аз уақыттың ішін­де Павлодардың №3 жылу-энергия орталығындағы тәжі­ри­белі мамандар қатарынан берік орын алды. Бүгінде оның рұқ­са­тынсыз кәсіпорындағы жөнделген жабдықтар іске қосыл­май­ды. Табандылығының арқасында энергетика саласының күрделі буын­дарын игеріп отыр.

Талабы таудай тас қопарар

Облыс орталығының бі­раз бөлігін жылу, жа­рық­­пен қамтамасыз етіп тұрған №3 ЖЭО-да кәсіби әрі білік­ті жас мамандардың шо­ғыры өсіп келеді. Осы орайда кәсіп­орын­­дағы тәжірибелі маман­дар қа­та­рына қосылған Дидар Төлеу­ха­­нов­ты айрықша атап өтуге болады. Жас жігіт университетті тәмам­дағ­­ан соң, бірден аталған стансаға жұ­мысқа орналасқан. Биыл еңбек ұйы­мында тұрақтап қалғанына он екі жыл болыпты.

«Қарапайым ауыл баласымын, үйдегі 6 ұлдың кенжесімін. Анам жеке кәсіппен айналысса, әкем ұзақ жыл полицияда еңбек етіп, зейнетке шықты. Мектепте оқып жүрген уақытта физика саласына аса құмартқан едім. Сол себеп болды ма екен, білім ұясын тәмамдаған соң, «Электр энергетикасы» маман­ды­ғы бойынша оқу грантына ие болып, жоғары оқу орнына түс­тім. Отбасымызда бұл салада менен өзге ешкім жұмыс істемейді. Келін­шегім – тарих пәні­нің мұғалімі», дейді білікті маман.

Ол мұнда алғашында электр монтері болып қабылданып, жылдар өте инженер лауазымына сай екенін еңбегімен дәлелдеді. Қа­зір­гі лауазымы – электр цехын­да жоғары вольтті сынақтар жүр­гізу және өлшеу жөніндегі инже­нер. Мін­­деті – күрделі және ағым­да­ғы жөн­деуден өткен кез кел­ген өндіріс­тік жабдықты іске қос­­­пас бұрын сынақтан өткізу. Бұл жаб­­дық­тардың қатарына транс­­форматорлар, генераторлар, 6 квт кабельдік желілер енеді. Со­ны­­­­мен қатар металл байланыс­та­­­­рын, өзге де жабдықтарды тек­се­­реді.

«Еңбекте барлығы тәжірибемен келетінін жылдар өте түсіндім. Қазір үш адамнан тұратын бригада басшысымын. Маңызды жабдықтарды алдын ала тексереміз. Егер жұмысы көңілімізден шық­паса, ақауды іздейміз. Оны тап­қан соң, іске жөндеу бригадасы қосылады. Биыл стансадағы үш бірдей қазандықты сынақтан өткіз­дік. Түтінсорғыш, электр желі­лерін айырғыш, кабельдік желілер, көмір уатқыш жабдықты тексеріп шықтық. Басшылар маған тәжірибелі маман ретінде сенеді. Әрине, қиын кезеңдер болды, бірақ табандылық пен кәсібіме берілгенімнің арқасында барлығын еңсере білдім. Бүгінде 6-разрядты маманмын. Кейінгі жылдары бұл саладағы тарифтердің өске­нінің нәтижесін әлеуметтік тұр­ғыдан сезініп отырмыз. Ең әуелі біз сияқты қарапайым қыз­мет­керлердің жалақысы ұлғайды. Қазір өз замандастарымды бұл қыз­метке ұялмай шақыра аламын. Себебі бұрынғыдай емес, еңбек­ақымыз лайықты, отбасын асырауымызға жетеді», дейді ол.

Жас маман Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдағы жылды «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялағаны қуан­тып отырғанын жеткізді. Оның нәти­же­сінде энергетика саласындағы кадр тапшылығы, еңбекақы мәселесі шеші­ліп, маңызды өзгерістер болады деп үміттенеді.

 

Павлодар облысы