Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2024

Жетісулық халық қалаулылары бір шаңырақ астында бас қосты

362 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл облыстық мәслихаттың құрылғанына – 30 жыл. Халықпен қатар жасап келе жатқан жергілікті атқарушы биліктің осы күнге дейін істеген жұмысы көл-көсір. Осыған орай Талдықорғанда үлкен шара өтіп, халық қалаулылары бір шаңырақ астында бас қосты.

Жетісулық халық қалаулылары бір шаңырақ астында бас қосты

Әуелі қоғам алдында жүрген ел азаматтары мәслихаттың 30 жылдығына орай 30 түп ағаш отырғызды. Одан кейін Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында өткен конференция Жетісу облысы мәслихатының тарихы туралы бейнефильммен бастау алды. Онда Тәуелсіздік жылында қалыптасқан мәслихаттың тарихи орны мен маңызы, мазмұнды жұмыстары мен әр жылдары мәслихат хатшысы, төрағасы болған тұлғалардың пікірі, өздері атқарған іс пен ел үшін жасаған еңбектері баяндалды.

Жиынның алғашқы сөзін алған облыс әкімінің міндетін атқарушы Әлібек Жақанбаев көпшілікті мерейлі сәтпен құттықтап, облыстағы атқарылған істерге, аймақ экономикасы мен әл-ауқаты жайлы баяндады.

Сонымен қатар Әлібек Әскербекұлы, Жомартқали Баясылұлы, Ермек Әбілмәжінұлы мен облыстық мәслихаттың төрағасы Гүлнар Тойлыбаева «Қазақстан Республикасы мәслихаттарының  құрылғанына 30 жыл» толуына арналған кітаптың тұсаукесу рәсімін атқарды.

Тарих пен таным сабақтасқан шара барысында ардагер депутаттар мен мәслихат депутаттары марапатталды. Атап айтқанда, Ермек Келемсейіт ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, Римма Салықова ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталса, Руслан Валишанов «Құрметті құрылысшы» төсбелгісін өңіріне тақты. Ал, Секенбай Шенгелбаев пен Қамбарбек Сайранбеков «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен, Арыстанғали Арын, Ермек Егінбаев, Қанат Сатанов облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Бекет Бласов облыс әкімінің Алғыс хатымен мерейленді.

Өз кезегінде Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сұлтан Дүйсембинов, «Мемлекеттік және жергілікті басқару институты» коммерциялық емес білім беретін мекеме ректоры Әбікен Тоқтыбеков, ардагер депутат Ермек Келемсейіт сөз алып, мәслихаттың 30 жылдығымен көпшілікті құттықтады. 

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін белсенді депутаттар мен мемлекеттік қызметшілерді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтің Құрмет грамотасы, Алғыс хаттарымен ҚР Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сұлтан Мырзабекұлы марапаттады.