Кеше жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келген Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшының тапсырмаларынан туындайтын біршама ілкімді іс-шаралардың орнықты жүзеге асырылу үдерісіне қатысып, арнайы кеңес өткізді.
Сапар барысында вице-премьер мен облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков Индустрияландыру картасы аясында «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы аумағында құрылған айналмалы крандар мен тығынды арматуралар шығаратын қазақстандық-германиялық бірлескен кәсіпорын – «Бемер Арматура» ЖШС-інде болып, тың үрдіспен жұмыс істейтін өндіріс орнының тыныс-тіршілігімен танысты.
Содан кейін осы кәсіпорында аймақтағы өнеркәсіп саласының қуатын одан әрі дамыту, өндірістік үдерістерді тұрақтандыруды қамтамасыз ету және қазақстандық мазмұн үлесін арттыру секілді өзекті мәселелер бойынша кеңейтілген кеңес өткізілді.
Кеңесті ашу сәтіндегі кіріспе сөзінде облыс әкімі Н.Әбдібеков энергиялық ресурстар бағасының төмендеуіне байланысты өндірістік үдерістерді тұрақтандыру, жұмыскер-қызметкерлердің еңбек құқықтары мен кепілдемелерін қамтамасыз ету мәселесі айрықша маңызды екендігін атап өтті.
– Өндірістік кәсіпорындар молынан орналасып, елдің аса ірі индустриялық орталығы болуы себепті Қарағанды облысы Елбасының ерекше қадағалауында, – деді аймақ басшысы.
Талқыланған тақырыпқа сай толғақты әңгіме қозғаған Б.Сапарбаев өз сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы Жол» – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға қатысты қолға алынған пәрменді шаралар мен олардың нақты нәтижелерін тілге тиек етті.
– Әлемдік деңгейде орын алып отырған геосаяси жағдайлардың алаңдатушылық тудыруы – заңды құбылыс. Соған орай, экономиканы қалыпты жағдайда ұстау және оны бұрынғыдан да ұтымды деңгейде ілгері бастыру, жұмыссыз азаматтардың санын мейлінше шектеу шараларын ширата түсу, ел көлеміндегі өндірістік кәсіпорындардың өзара іскерлік қарым-қатынасын мейлінше кеңейту, жергілікті өнім өндірушілерге қолдау көрсету, қазақстандық мазмұн сапасын арттыру – бүгінгі күннің басты талабы. Байыпты әрекеттердің нәтижесінде, тұрғындардың тұрмыстық әлеуеті тұрақты қалыпта болуы әрі сапасы арта түсуі тиіс. Бұл – Елбасы тарапынан Үкімет пен әр деңгейлі әкімдердің алдына қойылған бірегей міндет. Осынау мерейлі міндетті орнықты іске асыру мақсатында Үкімет арнайы іс-шаралар жоспарын белгіледі. Бүгінгі сапар – сол жоспарлы шараларды нақты қолданысқа енгізудің бастауы, – деді Б.Сапарбаев.
Кеңесте аймақтың өнеркәсіп саласындағы қазір таңдағы ахуалы туралы облыс әкімінің орынбасары Әнуар Ахметжановтың есебі тыңдалды. Аталған сала бойынша облыста айтарлықтай ілгері басу бар. Мәселен, Индустрияландыру картасы бойынша 59 жоба іске қосылса, соның 46-сы жоспарлы қуатына шыққан. Ал, қалғандары 50 пайыздық деңгейді еңсеріп отыр.
Салалық бағытқа басшылық жасайтын жауапты тұлғаға бірқатар сауалдар қойған вице-премьер қалыптасқан жағдайға қанағаттанушылық білдіріп, өндірісті өркендете түсуге, әсіресе, Индустрияландыру картасы мен Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясындағы жұмыстың пәрменділігін арттыруға байланысты нақты тапсырмалар берді.
Кеңес қорытындысында жалпы сомасы 57 млрд. теңгені құрайтын өзара ынтымақтастық туралы 47 меморандумға қол қойылды. Меморандумдар маңызы зор үш бағытты қамтитынын атап өткен жөн. Оның алғашқысы – облыс әкімдігі, жұмыс берушілер және кәсіподақтардың өндірістік үдерістерді тұрақтандыру, жұмысшы-қызметкерлердің жұмысқа орналасуы мен еңбек құқықтарының қамтамасыз етілуіне қатысты өзара түсіністік пен ынтымақтастығы туралы. Екіншісі – облыс әкімдігі мен ұлттық компаниялардың арасындағы жергілікті мазмұнды дамыту мәселесіне қатысты. Үшіншісі – Қарағанды облысындағы отандық өнім өндірушілер мен жүйені құрушы кәсіпорындар арасындағы жергілікті мазмұнды дамыту мәселесін тиянақтайды.
Меморандумдарға қол қоюшылар арасында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС, «Еуразиялық Топ» ЖШС және Қарағанды облысының өнім өндірушілері бар.
Жиын соңында облыс әкімі: «Біз, «жұмылған жұдырықтай» болып, бірлескен қимылдың арқасында экономиканың айрықша кезеңіндегі кедергілерді еңсеретінімізге, халық мүддесі жолындағы жетістіктерді жүйелі етіп, саны мен сапасын арттыра түсетінімізге сенемін» десе, Б.Сапарбаев өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойған кәсіпорындар басшыларына ел Үкіметінің атынан алғыс сезімін білдірді.
– Біздің «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара отырып әрекет етуіміз, өз кезегінде, жұмыс орындарын сақтауға, тауар өндірушілерді қолдауға, тиісінше, облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға игі әсерін тигізеді, – деді вице-премьер сөз түйінінде.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ,
журналист.
ҚАРАҒАНДЫ.