Ертіс өзенінде қараша айының соңынан бері су деңгейінің көтерілуі байқалады. Өзеннің ойпаң тұстарында су арнасынан шығып, жайылмаларға жайылған. Бұл жағдай ауылдағы мал баққан жұрттың шөбін қыстақтарға жеткізуіне қиындық тудырып отыр.
Ақтоғай ауданындағы «Ғибрат» шаруа қожалығының басшысы Азамат Қожмағамбетов су күннен-күнге көбейіп, жайылмалардағы жыраларда гүрілдеп ағып жатқанын айтады. Салдарынан тоғай маңында шабылып, оралып қойған шөптерді ауылға жеткізу мұңға айналған.
– Кеше түнде ғана жайылмаға барып, шабындық жаққа өтудің мүмкіндігін қарап келдім. Техника өте алмайды, себебі су өзен арнасынан шығып, қатты екпінмен жыраларға құйылып жатыр. Өзімнің және «Елдос» шаруа қожалығының жалпы көлемі 200-дей шөп орамасы қалып қойды. Қыс болса келді, алда күн суытып, аяз түседі дейді ауа райын болжаушылар. Егер шөпті жеткізе алмасақ, қораға кірген малымыз қырылатыны анық. Мұндай жағдай біздің өңірде болып көрмеген, алғашқы рет кезігіп отырмыз. Тек біздің Жаңабет аулында ғана емес, төңіректегі өзге елді мекендердің халқына да қиын болып тұр, – деп мұңын шақты фермер.
«Қазгидромет» мекемесінің мамандары Ертіс өзенінде соңғы он күнде су деңгейі көтерілгенін растады. Бұған Шығыс Қазақстандағы каскадты су қоймаларынан судың мол көлемде босатылғаны себеп болған көрінеді.
– Ол су біздің өңірге 10-15 күнде келіп жетті. Соның әсерінен өзеннің кей тұстарында деңгейі артты. Мәселен, Павлодарда 82 сантиметрге дейін, ал Абай облысымен шекаралас тұста 1,5 метрге дейін көтерілген. Су деңгейінің артуы өзен арнасының кеңдігіне, ағынға байланысты өзгеріп отырады. Оның үстіне өзенде мұз қату үдерісі әлі жүріп жатыр. Кей жерлерде әлі толық қатып үлгерген жоқ. Судың күрт көтерілуіне мұздың да әсері болды. Қазір деңгейі төмендеп, өз арнасына түсті. Елді мекендер мен жайылмаларға қауіп жоқ. Алдағы уақытта қалыпты деңгей сақталады, – деді «Қазгидромет» РМК Павлодар облыстық филиалының инженер-гидрологі Марина Минчакевич.
Су ресурстары комитетінің су ресурстарын пайдалану және қорғау жөніндегі «Ертіс» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Елеусіз Қамбаров Үлбі су қоймасынан мол судың жіберілгені мәжбүрлі қадам дейді. Жауын-шашын мен қалың жауған қар салдарынан қоймада су көбейіп кеткен.
– Шығыс Қазақстанның жоғары жағында Бұқтырма су қоймасы тұр. Одан бері Шүлбі су қоймасы орналасқан. Ертіс өзеніне жіберілетін судың барлығы Шүлбіден шығады. Негізі су қоймасынан өзенге жыл он екі ай бойы су жіберіліп жатады. Қыста оның орташа көлемі секундына 650 текше метр. Бұл көлемнің ешқандай қаупі жоқ. Қараша айында қоймада су мөлшерден тыс көбейіп кетіп, көбірек су босатуға мәжбүр болдық. Әрі қойманы алдағы көктемде келетін мол суға дайындауымыз керек. Биыл қыста мұндай су енді болмайды. «Қазгидромет» мекемесі ауа райына, жауын-шашынға байланысты ұзақ мерзімге болжам жасай алмайды, себебі ол өзін ақтамай қалады. Синоптиктер қаңтар мен ақпан айында қар көп жауады деп болжап отыр. Соған орай су көп болуы мүмкін. Алдағы уақытта су режімін реттеу жалғаса береді, бірақ мұндай күрт көбею болмайды деп ойлаймыз, – деді Е.Қамбаров.
Жергілікті мамандардың пікірінше, Ертіс өзеніндегі судың көлемі мен сапасы жеткілікті бақыланбай отыр. Өзен Шығыс Қазақстаннан облысымызға кіргеннен бері қарай 250 шақырым жерде бірде-бір гидробекет жоқ. Облыс көлемінде аталған өзенді бақылайтын небәрі 5 бекет бар екен. Оның екеуі – облыс орталығында, өзгесі Тереңкөл, Ертіс, Железин аудандарында орналасқан.
«Бірінші гидрологиялық бекет – қала аумағында орналасқан Павлодар гидрологиялық бекеті (затон), ал облысқа кіреберістен шамамен 250 км қашықтықта бірде-бір гидрологиялық бекет жоқ. Сәйкесінше, гидрологиялық режім бақылауға алынбаған. Осыған байланысты біздің филиалымыз Аққулы ауданында гидрологиялық бекет ашу туралы ұсынысты «Қазгидромет» РМК қарауына жолдады. Бір ғана бекет арқылы судың 48 түрлі көрсеткішін бақылай аламыз», дейді «Қазгидромет» РМК Павлодар облыстық филиалының басшысы Галина Шпак.
Павлодар облысы аумағынан ағып өтетін Ертіс өзенінің ұзындығы – 720 шақырым. Арнаның орташа ені 600 метр болса, кей жерлерде ол 3,5 шақырымнан асады. Өзеннің су жинау алаңы – 260 мың текше шақырым, орташа тереңдігі – 3-4 метр. Шығыс Қазақстандағы бөлігі бөгендер каскадымен бөгелген. Өзен бойында технологиясы соған тәуелді ондаған үлкен кәсіпорын, электр стансалары орналасқан.
Павлодар облысы