Руханият • 10 Желтоқсан, 2024

Ономастика – ұлттық таным көрінісі

62 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Орал қаласында «Батыс Қазақстан облысының топонимикасы: ұлттық ономастика – ұлт айнасы, ұлттық таным мен болмыстың көрінісі» атты семинар өтті. Бұл жиынды облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырды.

Ономастика – ұлттық таным көрінісі

Суретті түсірген – Рафхат ХАЛЕЛОВ

Батыс Қазақстан облысы – еліміздің батыс қақпасы. Ресей Федерациясының 5 облысымен шектесіп жатқан өңірде тәуелсіздік жылдары ономастика саласында біраз оң өзгеріс болды. Облыстық басқарманың тілдерді дамыту және ономастика бөлімі басшысы Света Ғаниеваның айтуынша, егемендік алғалы бері облыста идеологиялық тұрғыдан ескірген немесе мән-мағынасын жоғалтқан 5 ауданның, 109 елді мекеннің, 1 854 көшенің атауы өзгерген екен.

Патшалы Ресей кезінде қазақ жеріне ағылған «қарашекпендердің», одан беріде тың игеру секілді саяси науқандарды басынан кешірген Ақжайық өңірінде жат тіл, бөтен ұғымдағы жер-су атаулары аз болмады. Әрине, оларды өзгерту кезінде ең алдымен тарихи атауларға басымдық берілуге тиіс. Сондықтан да семинардың төріне Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры Ғабит Хасанов, филология ғылымдарының кандидаты Ұлдай Ержанова, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық уни­вер­ситетінің қауымдастырылған профессоры Марат Әжіғалиев сынды ғалымдар шықты. Жиынның модераторы, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Медхат Қамбетов болса, «Ономастикалық атауларға ерекше мән беру керек. Елді мекендердің тарихи негізіне сүйеніп, қазақша атауға ие болуына ықпал етуіміз қажет. Өйткені мемлекеттік тіл бәріне ортақ», деп ұстамды пікір айтты.

Ақжайық жұртына танымал ономаст ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Ұлдай Ержанованың 2001 жылы «Арыс» баспасынан шыққан «Ақжайық өңірінің топонимиясы» атты монографиясы осы саладағы бірден-бір ғылыми еңбек болатын. Жақында облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының тапсырысымен осы монография толықтырылып, қайта жарық көрді. Бұған қоса Шымкент қаласындағы Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Райхан Досжанның «Батыс Қазақстан облысының жер-су атаулары» атты монографиясы да оқырман қолына тиіп жатыр.

«Ұлттық ономастиканың бір сала­сы топонимика ұлттың тарихымен ты­ғыз байланысты, тарихи жадының тіл­дік бірліктер арқылы сақталған рухани қоймасы ретінде бүгінгі ұрпақ үшін аса құнды. Тарихи топонимикада ұлтымыздың жүріп өткен сан ға­сыр­лық жолы, ұлттық танымы мен түсінігі, дүниенің тілдік бейнесі сақ­талған. Сондықтан да ұлтымыздың топо­ни­микалық жүйесін «тіл-сана-ұлт» сынды үш таған ауқымында ұлты­мыздың жинақталған таным тәжі­рибесі тұр­ғысынан зерттеп, бүгінгі жас ұрпаққа ұсынып отырудың маңызы зор», дейді облыстық басқарма басшысы Қуанышбек Мұқанғалиев.

Дәл осы ойды семинарға қатысқан ғалымдар да, облыстық ономастика комиссиясының мүшелері де айтып өтті.

Айта кетейік, БҚО әкімдігі жанынан құрылған облыстық ономастика комиссиясы нәтижелі жұмыс істеп келеді. Мәселен, өткен жылы ғана Теректі ауданының Новопавловка ауы­лы­ – Құмақсай, Бәйтерек ауданының Трекин ауылы – Байқоныс, Карпово ауылы – Тыңдала, Бөрлі ауданының Тихонов ауы­лы – Қарақұдық, Бәйтерек ауданының Красный Свет ауылы – Ақбидай, Теректі ауданының Донецк ауылы – Тақсай, Социализм ауылы – Кемер, Федоровка ауылы – Теректі деп байырғы атауларын қайтарды. Мұның бәрі жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Дәл осы семинарға облыс орталығы маңындағы Бәйтерек, Теректі ауданына қарасты ауылдық округ әкімдері де қатысқан болатын. Жиын барысында олар да сөз алып, ономастика саласындағы оң өзгерістерді жергілікті халықпен келісе отырып жүргізудің мүмкіндігі мен қиындығына тоқталды. Шын мәнінде нақты тарихи дәйек, ғылыми негіз болса, өзгерісті өткізу қиын емес. Ендеше, төл топырақтың тарихын шертетін топонимиялық атаулар қайта жаңғыра берері сөзсіз.

 

Батыс Қазақстан облысы