
Сурет: 24.kz
Дарынды балаларды қолдау мақсатындағы бастамалар 2021 жылы қолға алынған. Мәжіліс депутаттарының ұсынысымен мемлекет халықаралық олимпиада жеңімпаздарын университеттерге грантпен қабылдау және ақшалай сыйақы беру туралы шешім қабылдаған. Бұл шешім дарынды балалардың еңбегін бағалаудағы алғашқы қадам болды. Алайда халықаралық ғылыми жарыстарда жеңіске жеткен жеткіншектер мұндай мүмкіндіктен қалыс қалған еді. Депутат Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, олардың да жетістігі бағалануы керек деген бастаманы үкімет қолдамаған. «Сол жылы халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздарын қолдауды енгізу туралы норманы келісу процедурасынан өткізе алмадық. Әлемдік роботтехника чемпионаттарында және басқа да ғылыми байқауларда жеңіске жеткен балалардың неге осындай қолдау алмайтынын түсіндіру қаншалықты қиын болғаны әлі есімде», деп жазды А.Аймағамбетов әлеуметтік желі парақшасында.
Дегенмен табанды жұмыстың арқасында ұсыныс қабылданды. Енді халықаралық ғылыми жарыстардың жеңімпаздары олимпиада жеңімпаздарымен тең дәрежеде гранттарға ие болады. Бұл қадам дарынды балалардың сенімін арттырып, олардың жетістіктеріне лайықты баға беру мақсатында жасалып отыр.
«Келесі қадам – балаларға ақшалай сыйақылар беру нормасын енгізу. Біз осы мәселені шешіп, 5 миллион теңгеге дейінгі сыйақыны олардың да алуы үшін жұмыс істейтін боламыз. 2019 жылдан бастап мемлекет дарынды балаларды қолдау үшін көп нәрсе жасады. Ашығын айтқанда, бұл мәселелер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке ұстанымы мен қолдауының арқасында шешіліп келеді. Енді меценаттардың да осы дарынды балаларға назар аударуы қажет. Меценаттар тек спортшыларды ғана емес, сонымен қатар жас ғалымдар мен таланттарды қолдаса екен деймін, себебі дәл осы балалар еліміздің болашағын қалыптастырады», дейді депутат.
Бұл бастамалар дарынды жастардың білім алуына жол ашып қана қоймай, олардың ғылыми-зерттеушілік жұмыстарын одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Дарынды балалардың жетістігін бағалап, қолдау көрсету – ұлт болашағына салынған ұтымды инвестиция екені сөзсіз.