Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына «Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі Диляра Даминовадан хат келді, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Хат авторы өзінің 1999 жылы АҚШ-тағы Рочестер технологиялық институтының магистратурасын «туризм және қонақжайлық» мамандығы бойынша үздік бітіргенін айтады.
Қазақстанға келген соң Д.Даминова алған білімін тәжірибе жүзінде қолданып, бірқатар мекемелерде жұмыс істейді, ал 2008 жылы кандидаттық диссертациясын қорғайды. Онда қорықтар мен ұлттық саябақтардағы туризмді ұйымдастыруға арналған ұсынымдар көрініс тапқан. Қазіргі уақытта ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қонақүй менеджменті және туризм пәнінен ағылшын тілінде сабақ береді.
«Біз 1998 жылы Сізге елімізді өркендету үшін бар күш-жігерімізді жұмсауға уәде бердік. Сіздің бастамаларыңыз, атап айтқанда, «Болашақ» бағдарламасы жастарды дамыту мен қолдау тұрғысынан дұрыстығын әрі көрегендікті танытатынын айтқым келеді. Ал біз «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты мен Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуін көздейтін «2050» Стратегиясын жүзеге асыруға үлес қоса беретін боламыз», – делінген хатта.
Соңында автор Мемлекет басшысына денсаулық және табыс тілей отырып, өзінің еліміздегі туризмді дамыту саласындағы ғылыми-зерттеулерін жалғастыратынын атап көрсеткен.