Облыстық полиция қызметкерлері ҚР ІІМ арнайы бөлімшесінің көмегімен Жарма ауданындағы шахта аумағынан құрамында алтыны бар кенді ұрлауға әрекет жасаған топты тоқтатты.
Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері қылмыстық топтың ізіне түсіп, төрт ер адамды ұстады. Олардың жанынан металл іздегіштер, респираторлар, кен тасуға арналған қаптар және шамамен құрамында 3 келі алтыны бар кен табылып, тәркіленді.
Келтірілген жалпы шығын 3 миллион теңгеден асты. Аса ірі көлемдегі ұрлық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды.