Айбын • 11 Желтоқсан, 2024

Қауіпсіздік қалқаны

49 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ішкі әскерлердің арнайы мақсаттағы бөлім­ше­ле­рінің құрылу тарихы 1987 жылдан басталады. Бұл санаттағы бөлімшелер­дің еліміздегі алғашқы қар­лығашы деп Алматы қа­ласы маңындағы Камен­ка кентінде құрылған 5-жедел бригаданы, яғни сол кездегі оқу-жаттығу ротасын айтуға болады.

Қауіпсіздік қалқаны

Алғашқы аяқалыс

Бұрынғы алып одақ тарқар тұстағы заман аса күрделі болға­ны баршаға аян. Саяси саладағы жүйесіздік, ел аумағында бірне­ше «отты нүктенің» пайда болуы, т.б. ­ел ішін әбден әбігерге салған кез. ­Сол кезде қақтығыс аймақтарын­дағы жанжалды ауыздықтауға ар­найы мақсаттағы оқу роталары да тартылған еді. Сондай-ақ олар 90-жылдары терроризмге қар­­сы операцияларға, аса қауіпті қылмыскерлерді құрықтауға, қыл­мыстық топтарды жоюға және бас­қа да арнайы операцияларды жүр­гізуге қатысып, жауынгерлік және кәсіби тәжірибе жинақтады. Оқу-жаттығу ротасының сарбаздары тәжік-ауған шекарасындағы қазақстандық батальон құрамында жауынгерлік қызмет атқарғанын айрықша атап өткен жөн.

1999 жылы 11 желтоқсанда Ішкі әскерлердің арнайы күштерін «Бүркіт» жасағы етіп қайта құру туралы Ішкі істер министрінің бұй­рығы шықты. Сол кезден бері 11 желтоқсан – бұрынғы Ішкі әс­кер­лер, қазіргі Ұлттық ұланның «Бүр­кіт» арнайы мақсаттағы бө­лім­ше­лерінің құрылған күні ретін­де атап өтіледі.

Әскердің арнайы күштерінің алғашқы командирі болып полковник Юрий Гаврилов тағайын­да­лып, 2000 жылы Петропавл, Орал, Шымкент, Астана, Өскемен, Қара­ғанды қалаларында бөлімше взводтары құрылды. 2003 жылы Астана қаласындағы Ішкі әскерлер Бас басқармасында «Бүркіттің» жауынгерлік және әдістемелік даярлау орталығы жұмыс істей бастады. 2005 жылы ол жауынгер­лік даяр­лық басқармасының жа­уын­гер­лік және әдістемелік даяр­лау бөлімшесі болып қайта құ­рыл­ды. Сөйтіп, бөлімше басшы­лығы жақын және алыс шетелдердің арнайы күштерінің құрылу тарихын, оларды қарулы және жергілікті қақтығыстарда қолдану тактикасын мұқият зерттеді.

 

Арнайы жасақтың асқаралы міндеттері

«Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің алдына қойылған міндеттер орасан. Атап айтқанда, ішкі істер органдарымен бірле­сіп жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесу, қоғамдық қауіпсіздікті, төтенше және соғыс жағдайының құқықтық режімдерін, терроризмге қарсы операцияны қамтама­сыз ету, төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-шараларға қатысу, ел аумағында қарулы қылмыскер­лер­ді залалсыздандыру, заңсыз әске­рилендірілген немесе қару­лы құралымдардың (топтардың), ұйымдасқан қылмыстық топтар­дың (қоғамдастықтардың) қызме­тін тоқтату жөніндегі арнайы опе­ра­цияларға қатысу, ауыр және аса ауыр қылмыстардың, дивер­сия­лардың, террористік актілердің жолын кесуге қатысу сынды тапсырмалар жүктелді.

Бұл міндеттерді орындауға «Бүркіттің» жігіттері әрбір келең­сіз жағдайға сақадай сай болуға тиіс. Сондықтан оқу-жаттығу дайындықтары кезінде бірінші кезекте ғимараттарда, көлікте лаң­кестер тұтқындаған, кепілге ал­ған адамдарды босату, елді мекен ішінде қылмыскерлерді залалсыздандыру, түзеу мекемелеріндегі тәртіпсіздіктердің жолын кесу сынды тапсырмаларды орындайды. Биіктен, судан, оттан, жарылыстан қаймықпауға дағдыландыратын психологиялық дайындыққа зор көңіл бөлінеді. Бір сөзбен айтқан­да, «Арнайы күштер шегінбейді, арнайы күштер жеңеді» деген қағидаға сәйкес дайындық жұмыс­тары жүргізіледі.

Олардың кәсіби шеберлігі елі­мізде орын алған бірнеше оқиға кезінде сыналып, тексерістен өт­кен болатын. Мәселен, 2000 жылы «Сұңқар» арнайы күштерімен бірлесіп іс-қимыл жасай отырып, Алматы қаласында ғимараттағы қарулы қылмыскерлерді ұстаса, 2010 жылы Ақтау қаласындағы қатаң режімдегі колониядан қаш­қан сотталғандарды құрық­тауда табандылық көрсетті. 2011 жылы Балқаш қаласындағы түзеу мекемесінде орын алған тәр­тіп­сіздікті басу, 2012 жылы Атырау қаласындағы терроризмге қарсы операция жүргізу, 2016 жылдың маусым айында 6655 әскери бө­ліміне шабуыл жасаған қару­лы террористерді қолға түсіруде олардың біліктілігі мен кәсіби қабілеттері шешуші рөл атқарды.

Аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау мен кепілге алынған адамдарды босату кезінде көрсет­кен батырлығы мен ерлігі үшін «Бүркіт» арнайы күштерінің 50-ден астам әскери қызметшісі Президент Жарлығымен мем­лекеттік наградалармен марапатталды.

 

«Күрең берет» – батылдық белгісі

«Бүркіт» жасағына тек үздіктер жиналады. Іріктеу өте қатаң. Ол жерде үміткерлердің физикалық дайындығына, ерік-жігеріне, тө­зім­ділігіне ерекше талаптар қо­йы­лады. Соның ішінде арнайы күш­тердің элитасына «Күрең берет» сынағынан өткен әскери қыз­метшілер қабылданады.

1991 жылдың шілде айында жауынгерлер Ішкі әскерлердің арнайы мақсаттағы бөлімшелері­нің нышаны – «Күрең беретке» біліктілік сынақтарын алғаш рет тапсырды. 1999 жылдан бастап бұл сынақ жыл сайын республика­ның әртүрлі климаттық белдеуінде өткізіледі және екі кезеңнен тұрады.

Бірінші кезеңде әскери қыз­метшілер жауынгерлік және ­ар­­найы даярлық нормативте­­рін тапсырады. Екінші кезеңде бі­­рін­ші кезеңнен өткен үміткерлер ­9 нор­мативті орындай отырып, ­65 ша­қырым қашықтықты жү­гіріп өтеді. Оның ішінде таулы аймақтарда, суда жүзу, тәжірибелік ату тап­сыр­маларынан өтіп, үш қарсы­лас­пен қоян-қолтық ұрыс жүр­гізеді. Мұның бәрі шектеулі уақыт аралығында жүзеге асырылады. Бұл емтихан – жоғарғы сыныпқа өту жолы, яғни сол арқылы үздік­тер «Күрең береттер бауырласты­ғы­на» қабылданады. Осы жылдар аралығында 300-ден астам «Күрең берет» иесі дайындалса, қазіргі таңда «Бүркіт» арнайы мақсат­тағы бөлімшелерінде 183 «күрең бе­рет» иесі қызмет атқарады.

Арнайы жасақ жауынгерлері құрылған сәттен бастап бірнеше рет республикалық және халықара­лық жарыстарға, соның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы және әлемнің басқа да елдерінің тактикалық-арнайы және терроризмге қарсы жаттығулары­на қатысып, жоғары орындар­ға ие болды. Үздік жауынгерлік да­йын­дықтарын көрсетті. Тәжі­рибе алмасу және кәсіби дайын­дығын арттыру мақсатында «Бүр­кіт» бөлімшелерінің әскери қыз­метшілері еліміздің мемлекеттік органдарының бөлімшелерінде, сондай-ақ Түркия, Қытай, Ресей елдерінде оқу-жаттығудан өтіп тұрады.

 

«Жас бүркіт» отаншылдыққа тәрбиелейді

Олар алғашқы күннен бастап он мыңнан астам жедел-іздесті­ру және арнайы операцияларға, ұйымдасқан қылмыстық топтар­дың қызметін жою, есірткі қылмы­сына, қарудың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі операцияларға қатысты.

ва

«Бүркіт» бөлімшелерінің әске­ри қызметшілері мен ардагер­лері әскерге шақырылғанға дейінгі жастармен әскери-патриоттық жұмысты белсенді жүргізіп келеді. Соның бір мысалы – 2003 жылдан бастап «Жас бүркіт» спорттық әскери-патриоттық қозғалысы­ның жұмысы жанданды. Былтыр «Жас бүркіт» қозғалысы өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтті.

Мемлекет басшысының әс­керге шақыру жасындағы және әскерге де­йінгі жастармен жұ­мысты кү­шей­ту, оларды отан­сүйгіштік ру­хы­н­да тәрбиелеу жө­ніндегі тапсыр­ма­ларын іске асы­ру шеңберінде 2022 жылы Ішкі істер министрі­­нің бастамасымен Ұлттық ұлан­ның арнайы мақсаттағы бөлімшеле­рі туралы «Бүркіт» көркем фильмі тү­сірілген еді. Кинокартина ке­йіп­керлері арқылы көрерменге Отанға деген махабат, достық пен отансүйгіштік, намыс пен абырой, Әскери антқа және қызметтік мін­детке деген адалдық шынайы жеткізілген.