Астана қалалық полиция департаменті қызметкерлері елімізде қаржылық алаяқтықтың көбейіп кеткенін атап өтті. Экономикалық тергеу департаментінің дерегінше, 2023 жылы қаржы пирамидаларына 150 мыңнан астам азамат алданған. Олардың көбі жастар, соның ішінде студенттер. Қаржылық алаяқтықтың салдарынан ел экономикасына келтірілген шығын 20 миллиард теңгеден асып отыр. Экономикалық тергеу департаментінің жедел басқарма басшысы Азамат Ахметов, кездесуде қаржылық пирамидалардан бөлек, цифрлық активтер айналымындағы алаяқтық әрекеттердің қаупіне тоқталды. Оның айтуынша, цифрлық активтер, әсіресе криптовалюта саласы, қылмыскерлерге адамдардың алдаудың жаңа әдісіне айналған. «Табысыңызды еселеңіз» деген жарнамалар мен криптовалютаға қатысты ұсыныстар жастардың жылдам байығысы келетін психологиясын пайдаланып, оларды сан соқтырып кетеді. «Цифрлық активтерді қолданудың заңнамалық негіздері күшейтілгенімен, бұл салада азаматтардың құқықтық сауаты төмен болғандықтан оңай алданып қалады. Сонымен қатар заңсыз табыс тапқысы келетіндер де көп. Мысалы К. есімді азамат цифрлық активтерді қолма-қол ақшаға айырбастап, 1000 пайыз жылдық сыйақы мөлшерлемесімен заңсыз операциялар жүргізген. Тергеу барысында кеңседен құны 256 миллион теңге болатын цифрлық активтер алынып, қамауға қойылды. Сот шешімімен ол 5 жылға бас бостандығынан айырылды» деді А. Ахметов.
Сонымен қатар полиция департаменті өкілдері есірткі саудасына итермелейтін алаяқтардың жарнамалары туралы да сөз қозғады. Мәселен, телеграм әлеуметтік желілісінде «курьер іздейміз» деген жалған хабарламалар көптеп тарала бастаған. Жарнама берушілер жастарды аз уақыттың ішінде көп ақша табасың деп алдап, есірткі тасымалдау сияқты заңсыз әрекеттерге итермелеген. Осыған байланысты Азамат Болатұлы: «Студенттер, әсіресе қаржылық қиындықтарға тап болған жастар, мұндай ұсыныстардың астарында заңсыз әрекеттер жатқанын түсінуі қажет. Есірткі тасымалдау қылмысына қатысы барлар бірден түрмеге түседі. Есірткі таратушыларға қылмыстық жауапкершілік бұрыннан қарастырылған. Интернет ресурстар арқылы есірткі жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Қылмыстық кодекстің 299-1-бабының 1-бөлігіне сәйкес, алты жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Белгілі жағдайларда 14 жастан бастап жасөспірімдер де қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Егер есірткі құралдары заңсыз сатылса немесе күш көрсету арқылы таратылса, бұл ауыр қылмыс болып саналады. Егер сізге есірткі тұтынуды ұсынса, оның денсаулығыңызға, өміріңізге зиянын ойлаңыз. Әсіресе бұл заттардың тәуелділікке әкелетінін ұмытпаңыз», деп атап өтті.
Айта кетейік, бұндай жағдайға тап болғандар анонимді түрде 102 нөміріне хабарласуына болады. Жауапты мекеме тарапынан қажетті қолдау көрсетіледі.
Кездесу барысында ҚМА өкілдері интернет алаяқтықтардың таралу әдістеріне кеңірек тоқталды. Жалған сілтемелер жіберу арқылы адамдардың жеке деректерін ұрлау немесе ақшаларын тартып алу секілді әрекеттер жиілеген. Әсіресе, жастардың белсенділігін, олардың желідегі сенімін пайдаланып, алаяқтар түрлі қулық-сұмдыққа барады. Мұндай жағдайлар қаржылық шығын әкеліп қана қоймай, адамға психологиялық жағынан да ауыр соққы болуы мүмкін. Жастардың мұндайға тап болмауы үшін олардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру маңызды.
Күмәнді ұсыныстардан сақтанып, ақпаратты жан-жақты тексеру олардың қауіпсіздігіне кепіл бола алады. ҚМА мәліметтеріне сүйенсек, былтыр интернет арқылы алаяқтық әрекеттерден зардап шеккендердің 30 пайыздан астамы 18-25 жас аралығындағы жастар екен. Бұл мәселенің негізгі себебі – қаржылық және кибер сауаттылықтың төмендігі. Қаржылық мониторинг агенттігінің мамандары жастарды алаяқтық әрекеттерден сақ болуға үндеп, маңызды ережелерді ескеру қажеттігін айтады. Мамандардың айтуынша, ең алдымен күмәнді жұмыс ұсыныстарынан бас тарту керек. Әсіресе аз жұмысқа көп ақы төленетінін айтатын жарнамалардан сақ болу керек. Мұндай ұсыныстардың артында көбіне заңсыз әрекеттер тұрады. Заңды түрде жұмыс істеу үшін әрқашан келісімшарт жасалуы қажет. Ал алаяқтар бұл қадамды айналып өтіп, ізін суытуға тырысады. Сонымен қатар жеке деректерді құпия сақтау – қауіпсіздіктің басты кепілі. Ешбір жағдайда банк шоттарының мәліметтері мен құпиясөздерді бөгде адамдарға беруге болмайды. Бұл деректерді қолдану арқылы алаяқтар сіздің қаржыңызға қол жеткізуі мүмкін. Интернет кеңістігінде сақтық таныту да маңызды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы келетін сілтемелерді мұқият тексеру керек. Белгісіз, күмәнді сілтемелерге өтудің соңы жеке ақпараттың ұрлануына немесе зиянды бағдарламаларға тап болуға әкелуі мүмкін. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде белгісіз аккаунттардың хабарласуы да алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін. Мұндай аккаунттар көбіне жалған ақпарат беріп, жеке мәліметтерді алуға тырысады. Мамандар осындай қарапайым ережелерді ұстану арқылы алаяқтардан сақтануға болатынын атап өтті.
Қаржылық сауаттылық – тек жеке пайда үшін емес, қоғамның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін маңызды қадам. Іс-шараны ұйымдастырушылар осындай кездесулер арқылы жастар өз құқықтарын біліп қана қоймай, алаяқтыққа қарсы тұра алатын деңгейге жететінін атап өтті.