Ол ҚазМУ-дің соңғы курсында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне кіші әдеби қызметкер болып орналасты. Содан басылымда 36 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Бөлім меңгерушісі, редакция алқасының мүшесі болды. Сонымен бірге қазақ руханиятына «Ақ күмбез», «Жүрек жылуы», «Тергеу əлі біткен жоқ», «Көкжиек», «Қара шаңырақ, «Шерағамның шеруі» атты кітаптарымен олжа салды. Ақиқатты ту еткен қаламгердің өнегелі өмірі кейінгі жас ұрпаққа зор тағылым.
Ердің сойы – Ерағаң
Бас басылымды Арқа төсіне бастап келген Ержұман Смайыл «Егемен Қазақстанға» 25 жыл бойы маңдай тері сіңген көрнекті журналист. Ол – Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы Президент сыйлығының тұңғыш лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Айтулы қаламгердің мақалалары қоғамдағы қордалы мәселелерді дер кезінде шешіп, ел тәуелсіздігін нығайтуға зор үлес қосты. Жақсылар мен жайсаңдардың жалғасы болған ол соңынан ерген жас толқынға қамқорлық көрсетіп, қанаттандырды. Сондықтан шәкірттерінің бәрі оны «Ердің сойы – Ерағаң» деп құрметпен еске алады.
Қоғамшыл қаламгер
«Егеменде» елдік мәселелерді қозғаған мақалаларымен оқырманның ықыласына бөленіп, қоғамдық пікірдің орнығуына ықпал еткен қаламы жүйрік журналистің бірі Жылқыбай Жағыпарұлы еді.
Жылқыбай Жағыпарұлының байырғы Целиноград облысында қазақ мектептерін ашу ісі мен Ақмолада неміс автономиясын құру мәселесі туындағанда, алмас қылыштай жарқылдап алға шыққаны Арқа қазағына жақсы таныс. Өңірде республикалық «Тіл және мәдениет» қоғамының құрылуына мұрындық болып, ұйымдастыру комитетінің төрағасы болды. Ол – «Зар-нала», «Кек», «Қалам киесі», «Үміт толқыны», «Ұлт ұясындағы ұлағат» кітаптарының авторы. Ешкімді жатырқамай, жатсынбай, әр қазақты бауырындай сүйген Жылқыбай ағаның арлы аманаты – баршамызға ортақ парыз.