Егемен Қазақстан • Бүгін, 09:35

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

46 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елорадағы «Egemen Qazaqstan» газетінің бас ғимараты алыстан көзге айрықша көрінеді. Сән-салтанаты келіскен сегіз қабатты нысан еңселі, айбынды. Әсіресе маңдайындағы «Egemen Qazaqstan» деген жазу ерекше көрік пен мазмұн береді. Шынын айтқанда, қазақтың талай жақсылары мен жайсаңдарының ізі қалған бұл ғимараттың тарихы бас шаһар шежіресімен астасып жатыр.

«Egemen Qazaqstan» қалашығы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

1997 жылы 20 қазанда Президент Ақмоланы республиканың астанасы деп жариялау туралы Жарлық­қа қол қойды. 8 қарашада Қазақстан Республи­касының мемлекеттік рәміздерінің эталондары – Ту, Елтаңба және Президент байрағы Ақмолаға салтанатты түрде әкелінді. Ал 10 желтоқсанда ел астанасы Алматыдан Ақмолаға ресми көшті. Сөйтіп, 1999 жылы «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясы да жаңа елордаға қоныс аударды. Басылымға Үкімет шеші­мімен Ақмола облысы Целиноград ауданы әкімдігінің екі қабатты ғимараты берілді. 1954 жылы салынған нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Бірақ ғимарат әбден ескі еді. Сондықтан оны толық жаңғырту жасау керек болды. Осы жұмыстардың басы-қасында жүрген, сол жылдары «Егемен Қазақстан» АҚ вице-президенті, кейін президенті болған Еркін Қыдыр редакцияға жаңадан басқа ғимарат салу қажет болғанын айтады.

«Акционерлік қоғамға айналғандықтан біздің жарғылық қорымызды көбейту үшін министрлік 130 млн теңге қаржы бөлді. Егіздің сыңарындай көрші басылым «Казправда» дәл осындай қаржыға жаңа көлік сатып алды. Ал бізді көліктен бұрын кеңсе ғимараты қинап жүр еді. Себебі біз Астанаға көшіп келгенде берілген бұрынғы аудан әкімдігінің екі қабатты ғимараты ескі болатын, күрделі жөндеуден өтсе де төбесінің сылағы түсіп, ал жауапты хатшы отыратын бөлмедегі жырықтан дала көрінетін. Сонымен не керек, қалалық архитектура және құрылыс басқармасына барып кеңсе ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге рұқсат сұрадық. Бөлім меңгерушісі тәжірибелі, кексе әйел екен бізге таңырқай қарап:

– Күрделі жөндеуіңіз не, оны сырып тастау керек. 1954 жылы салынған ғой, – деді бізге. Содан жаңа ғимарат салмасақ болмайтынына көзіміз жетті.

Қаржы аз, бірақ тәуекел деп бас­тап кеттік. Қоғам президенті Сауытбек Абдрахманов Мемлекет басшысына  хат жазды, Премьер-министрге кірді, Парламент депутаттарымен сөйлесті, қысқасы 8 қабатты ғима­рат пен 4 қабатты жатақханаға жете­тін қаржы табылды», деді ол.

Алайда құрылыс жұмыстарын жүргізу оңай емес. Алдымен оның құжаттарын дайындау қажет. Ол үшін қаншама лауазымды тұлғаның табалдырығын тоздырасыз. Оған төзім керек. Осындай қиындыққа қарамастан бас басылым басшылығы өздеріне үлкен жауапкершілік жүктеп, ел игілігіне татитын ауқымды істі бастап кетті. Бас кеңсе ғимаратын салуға тендер жарияланды. Оны бұған дейін қалада біраз көрнекі құрылыс нысандарын салған «Мирасстройсервис» холдингі жеңіп алды. Оның басшысы – Мирасбек Хакімжанов. Еркін Сағындықұлының айтуынша, холдинг басшысы кісілігі мол азамат болыпты.

«Құрылыс жұмысы жақсы басталды. Бірақ бір жылдан кейін Мирасбек ағамыз қайтыс болды. Шынымызды айтсақ, не істерімізді білмедік. Бірақ ол кісінің отба­сы адамгершілік танытты. Егер: «Бізде осындай жағдай болды, сіздермен келісім жасаған адам өмірде жоқ», деп құрылыс жұмысынан бас тартса, не істер едік? Ағамыздың зайыбы ер азаматқа тән мінез көрсетті. Құрылысты өз жауапкершілігіне алып, соңына дейін жеткізді. Біз соған қатты риза болдық», деді.

Сонымен, «Егемен Қазақстанның» кеңсе ғимараты мен 9 секциялы жатақхана құрылысы газеттің 90 жылдығы қарсаңында толық аяқталып, пайдалануға берілді. Басылымның тоқсан жылдық мерейтойы­мен тұспа-тұс келген жаңа ғимараттың ашылуына газет ардагерлерімен бірге Президенттің өзі келіп қатысты.

Сондай-ақ редакция іргесінен «Егемен Қазақстан» 9 қабатты тұрғын үй кешені бой көтерді. Оны да «Мирасстройсервис» холдингі салды. Осы үш ғимарат жобасын белгілі сәулетші, Мемлекеттік Елтаңба авторларының бірі Жандарбек Мәлібек жасады. Ал 2015 жылы желтоқсанда 5 қабатты, 15 секциядан тұратын жаңа жатақхана ғимараты берілді. Осылай газет қызметкерлерінің бәрі баспанамен толық қамтылды. Бұдан бұрын «Жастар» шағын ауданынан газет қызметкерлеріне арнап, бір кіреберісті бес қабатты тұрғын үй салынған еді.

Қазір «Egemen Qazaqstan» редакция­сының бас кеңсесі орналасқан аумақ – үлкен архитектуралық ансамбльді құ­райды. Құдды жеке қалашық. Тың игеру кездерінде салған екі қабатты үйлердің орнына әсем, биік үйлер түскен. Бұрынғы М.Ломоносов атындағы көше «Егемен Қазақстан» газеті» көшесі деп аталды. Ол Абай даңғылы бойындағы «Қаламгерлер» аллеясына жалғасады. Онда Алаш ардақтылары – Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Ахмет Байтұр­сынұлының ескерткіші қойылды. Сонымен қатар ұлт руханиятының дамуы­на зор үлес қосқан Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтің де ескерткіші бой көтерді. Бұл еңселі ескерткіштер аллеяға айрықша көрік беріп тұр. Мұнда Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы мен қала әкімдігінің ұйымдастыруымен түрлі мәдени іс-шара,  жас ақындардың поэзия кештері өтеді. Былтыр редакция ғимараты алдынан «Журналистер аллея­сы» ашылды. Бүгін­де бұл аллея қала тұр­ғындары жиі серуен­дей­тін орынға айнал­ды.

Бір сөзбен айтқанда, «Egemen Qazaqstan» газетінің бас ғимараты жан-жағына сәуле шашып тұрғандай әсер береді.