Жазушылар одағының мерейтойы – жазушылар үшін ғана емес, барша мәдени қауым үшін тарихи мәні зор оқиға.
Салтанатты жиынға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Еуразия Жазушылар одағының президенті Уфук Тузман қатысты.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Одақтың 90 жылдығына орай жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысының хатында: «Жазушылар одағы – руханиятымыздың алтын діңгегі. Бұл ұйым қаламгерлеріміздің кәсіби қауымдастығы ретінде төл әдебиетіміз бен мәдениетімізді өркендетуге және оны әлемге танытуға зор ықпал етеді. Сөз өнерінің қарашаңырағын ұлттық бірегейлігіміздің берік тұғыры деуге болады.
Қазір біз ұлттың жаңа сапасын қалыптастырып жатырмыз. Озық ойлы ұрпақ тәрбиелеу ісінде зиялы қауым айрықша рөл атқаруы керек. Осы жауапкершілікті терең сезініп, адамгершілік құндылықтарды кеңінен дәріптеп жүрген барша қаламгерлерге шынайы ризашылығымды білдіремін», делінген.
Салтанатты жиынға қатысқан Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі Арслан Қойшиев Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровтың құттықтауын жеткізді.
Ұлттық әдебиетті қолдау мәселесі ұдайы Мемлекет басшысының басты назарында.
2023 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы қайтарылды.
Қазақстан Жазушылар одағының 90 жылдығына орай жолдаған құттықтау хатында Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айғақтайтын ұлы қазына. Оны заман талабына сай дамыту – қаламгер қауымның ғана емес, мемлекетіміздің алдында тұрған маңызды міндеттің бірі», деп атап өтті.
Мемлекет басшысы өзінің қаламгерлерге жолдаған құттықтау хатында ақын-жазушылардың ұлтты ұйыстыру жолында қалтқысыз қызмет етіп жүргенін атап көрсеткен. «Аға буын негізін қалаған осы ұлағатты дәстүр үздіксіз жалғасып келеді» делінген хатта.
***
Ғасырға жуық тарихы бар Қазақстан Жазушылар одағы – ұлтымыздың рухани кемелденуіне зор үлес қосқан, сан ғасырлық мәдени мұрамызды жаңғыртып, өлең мен жырдың киелі бесігін тербеп келе жатқан шығармашылық орталық.
Қазіргі таңда Жазушылар одағы – 1015 мүшесі бар еліміздегі ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін «Жазушылар одағы – ұлттық интеллигенцияның басын қосып отырған қара шаңырақ» деп осынау тарихы терең ұйымға жоғары баға берген.
Одақтың 90 жылдығына мерейтойға алыс-жақын шетелдік қонақтар – ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы, ТМД және Еуропа елдерінің Жазушылар одақтарының төрағалары, Швеция, Ресей, Түркия, Қытай, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Татарстан, Башқұртстан елдерінен келген мәдениет пен әдебиет өкілдері, сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен келген ақын-жазушылар, зиялы қауым мен отандық бизнес өкілдері қатысып, олардың барлығы дерлік сөз сөйлеп, құттықтады.
Жазушылар одағының 90 жылдығына арналған салтанатты жиында «Әдебиет – рухани дамудың қозғаушы күші, қоғам тұрақтылығының кепілі» тақырыбында баяндама жасаған Одақтың қазіргі төрағасы Мереке Құлкенов: «Бүгінде біз Әділетті Қазақстанға қадам бастық. Қазіргі қазақ әдебиеті де жаңару үстінде деп нық сеніммен айта аламыз. Тың да тосын тақырыптар, жаңа жанрлар, соны стильдер, амбициясы зор авторлар әдеби процеске жаңаша серпін беруде», деп атап өтті.
***
Алыс-жақын шетелден келген қонақтар Жазушылар одағының 90 жылдық мерейтойымен құттықтап, сөз сөйледі.
«...Жазушылар Одағының тарихы терең және оның шығармашылық жолы қазақ әдебиетінің алтын қорына айналды. Осы 90 жыл ішінде сіздердің қаламдарыңыздан туған шығармалар көптеген ұрпақ үшін рухани азыққа айналды. Ұлттың мәдениеті мен тарихын, салт-дәстүрін, тұтастығын қаламмен өрнектеп, тек қазақ жұртына ғана емес, әлемге де таныттыңыздар.
ТҮРКСОЙ ұйымы Қазақстан Жазушылар одағының шығармашылығына үлкен құрметпен қарайды. Сіздердің туындыларыңыздың түркі халықтарының әдебиеті мен мәдениетіне қосқан үлесі зор. Әдебиет – халықтар арасындағы көпір, ал сіздер сол көпірді мықтап байланыстырып, түркі әлемінің рухани бірлігін қалыптастыруға өз үлестеріңізді қосып келе жатырсыздар. Бұл 90 жылдық мерейтой – тек Қазақстанның әдебиеті үшін емес, бүкіл түркі әлемі үшін үлкен жетістік», деді Халықаралық ТҮРКСОЙ түркітілдес мәдениеті ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев құттықтауында.
«...Әлем әдебиетінің қазынасын байытқан рухани әлемде қазақ әдебиетінің алар орны ерекше. Сан ғасырлық қазақ эпостарынан кейін қазақ жазба әдебиетінің де жұлдызы жарқырап, әлемге танылған ұлы қаламгерлерді тудырды!
Қазақ жазба әдебиетінің басында тұрған Абай Құнанбаевтың есімін бұл күнде кім білмейді!
Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезов «Абай жолы» романында ұлы даланың ұлы перзентінің даңқты өмір жолын ғана емес, өткен дәуірдегі бүкіл қазақ халқының өмір салтын көркем суреттеп, келер ұрпаққа жететін өлмес шығармаға айналдырып, мәңгілік мұра етіп қалдырғанын мақтанышпен айтамыз», деді Қырғыз Республикасы Ұлттық Жазушылар одағының Төрағасы Қаныбек Иманалиев.
Татарстан Жазушылар одағының төрағасы Ркаил Зайдуллин: «...Қазақстан мен Татарстан арасындағы достық пен кәсіби қарым-қатынас та ежелден берік орнаған. Біз Қазақстандағы әдеби кештерге белсене қатысамыз, қазақ еліндегі рухани жиындарды жақсы көреміз және қазақ қаламгерлерін өз елімізде қуана қарсы аламыз. Біз – қанымызбен де, жанымызбен де бір туған ағайынды ұлтпыз, жүрегіміздің қылы әрдайым бірге жырлайды. Бұл бірлігіміз – біздің ортақ тарихымыз бен бүгінгі бауырлас әдебиетіміздің заңды нышаны».
***
Ұйымның 90 жылдығына арналған салтанатты іс-шараның аясында әдеби және қоғамдық маңызы зор сыйлықтар табысталды. Атап айтқанда, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Әзірбайжан Жазушылар одағының Төрағасы Анар Рзаев, Түркия Жазушылар одағының Төрағасы Муса Казым Арыжан, Қырғызстанның Ел жазушысы Арслан Қойшиев, Өзбекстанның Халық жазушысы Усманкул Азимов марапатталды.
«Қазақстанның Құрметті жазушысы» атағы Еуразия Жазушылар одағының президенті Уфук Тузманға, Әзербайжан Жазушылар Одағының хатшысы, ақын Рашад Мажитовке, Швед жазушысы, әдебиет зерттеушісі Пауэль Фрийеске, Қырғыз Республикасы Ұлттық Жазушылар одағының Төрағасы Қаныбек Иманалиевке, Татарстан Жазушылар одағының Төрағасы Ркаил Зайдуллинге, ақын Нұрланбек Қалыбаевқа, Өзбекстан Жазушылар одағы Төрағасының орынбасары Мажид Гайратқа, Башқұртстан Жазушылар одағының Төрағасы Айгиз Баймухаметовке, Ресей жазушысы Андрей Рейзвыхке, Якутия Жазушылар одағының Төрағасы, «Чолбон» журналының бас редакторы Гаврил Андросовқа, Чуваш Республикасы Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Василий Захаровқа табысталды.
Қазақстан Жазушылар одағының «Асыл сөз» әдеби сыйлығы поэзия номинациясы бойынша Байбота Қошым-Ноғайға, ал проза номинациясы бойынша Тұрсынжан Шапайға бұйырды.
Сонымен қатар әдебиет пен руханияттың дамуына қолдау көрсетіп жүрген меценаттарға беретін «Атымтай Жомарт» медалімен бір топ кәсіпкерлер марапатталды.