фото: gov.kz
Биыл Екінші сессияның заңнамалық күн тәртібі өте мазмұнды болды. Палаталардың бес бірлескен отырысы, Мәжілістің 39 пленарлық отырысы және Сенаттың 43 пленарлық отырысы өткізілді. Қазіргі сессия барысында екі палатаның қарауында 179 заң жобасы болды, оның 102-сі қабылданды.
Қабылданған заңдардың ішінде жылу энергетикасы, мемлекеттік сатып алулар, бұқаралық ақпарат құралдары, адам саудасына қарсы іс-қимыл, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау, құмар ойындарға тәуелділікпен күрес және басқа да мәселелерге қатысты заңдар бар.
Атап айтқанда, депутаттар букмекерлік кеңселер мен казиноларға қойылатын талаптарды қатаңдатып, онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізді, сондай-ақ қарызгерлер мен алимент төлеуден жалтарғандарға құмар ойын ойнауға тыйым салды. Мәжіліс төрағасының айтуынша, осылайша қоғамның әлеуметтік саулығын жақсарту бағытында маңызды қадам жасалды.
Сонымен қатар парламент мүшелері елдің басты қаржылық құжаты – республикалық бюджетті қабылдады. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік қорғау мәселесін шешуге қол жеткізілді. Бұдан бөлек, Парламент 46 халықаралық келісім мен шартты ратификациялады.
Жаңа конституциялық норма арқасында республикалық бюджеттің орындалу сапасына парламенттік бақылау айтарлықтай күшейгенін атап өтті. Депутаттар Жоғары аудиторлық палатаның төрағасының есебін жылына екі рет тыңдайды.
Осы кезеңде Мәжілісте және Сенатта үш парламенттік тыңдау және 10 Үкімет сағаты өткізілді. Спикер бұл кездесулер заң шығару процесінде қоғамның қатысуының тиімді механизміне айналғанын атап өтті.
Атап айтқанда, депутаттар букмекерлік кеңселер мен казиноларға қойылатын талаптарды қатаңдатып, онлайн-казино қызметін ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізді, сондай-ақ қарызгерлер мен алимент төлеуден жалтарғандарға құмар ойын ойнауға тыйым салды. Мәжіліс төрағасының айтуынша, осылайша қоғамның әлеуметтік саулығын жақсарту бағытында маңызды қадам жасалды.
Сонымен қатар парламент мүшелері елдің басты қаржылық құжаты – республикалық бюджетті қабылдады. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдардың әлеуметтік қорғау мәселесін шешуге қол жеткізілді. Бұдан бөлек, Парламент 46 халықаралық келісім мен шартты ратификациялады.
Парламенттің қалыптасу кезеңдері
Алғашқы қадамдар (1990–1995 жылдар)
1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін, елде заң шығару жүйесі жаңадан құрыла бастады. Бұл кезеңде бұрынғы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі өз қызметін жалғастырғанымен, оның жұмысы әлі де кеңестік жүйенің ережелері мен саясатына тәуелді болды. Халықаралық стандарттарға сай келмейтін сайлау жүйесі мен шектеулі бәсекелестік бұл органның легитимділігін төмендетті.
Қос палаталы Парламентке өту (1995 жыл)
1995 жылы жаңа Конституция қабылданып, Қазақстанда қос палаталы Парламент – Сенат пен Мәжіліс құрылды. Бұл құрылым елдің барлық аймақтарының мүддесін ескеруге мүмкіндік беріп, заң шығару жүйесін тұрақты түрде дамытуға негіз қалады. Алайда, сол кезеңде Парламенттің өкілеттігі атқарушы биліктің қатаң бақылауында болды, бұл оның дербестігін шектеді.
Саяси монополиядан плюрализмге (2007 жылдан кейін)
2007 жылы Конституцияға енгізілген өзгерістерден кейін партиялық тізімдер бойынша сайлау жүйесі енгізілді. Бұл қадам Парламенттің кәсіби деңгейін арттыруға ықпал етті. Алайда алғашқы кезеңдерде бұл жүйе саяси монополияның күшеюіне әкелді: "Нұр Отан" партиясы Мәжілістегі барлық орынға ие болды. Кейінгі жылдары қабылданған реформалар көппартиялылыққа жол ашып, Парламентте оппозициялық партиялардың да дауысы естіле бастады.
Президенттік басқару жүйесін күшейту және реформалар (2022 жыл)
Соңғы жылдары Қазақстан саяси жүйені реформалауды жалғастыруда. 2022 жылғы конституциялық реформалар Парламенттің өкілеттігін кеңейтіп, заң шығару үдерісін ашық әрі тиімді етуге бағытталды. Президенттің кейбір өкілеттіктерін Парламентке беру және партиялық өкілдікті арттыру – реформалардың басты жетістігі.
Халықтың талап-тілектері мен сұранысының да сипаты өзгеруде. ЖаҺандану процестері қоғамдық қатынастардың жаңа форматын қалыптастырып отыр. Сол себептен де, Президент еліміздің саяси жаңғыруын,билік тармақтары арасындағы өзара қарым-қатынастардың оңтайлы балансын, сонымен қатар мемлекет пен қоғамның тиімді диалогын қалыптастыруды көздейтін саяси реформалар бағдарламасын ұсынды. Конституциялық реформаның негізгі бағыты ретінде биліктің барлық тармақтары арасындағы өкілеттіктер мен құзыреттердің барынша оңтайлы тепе-теңдігін қалыптастыруды айтуымызға болады.
Қазақстанның конституциялық құрылымын жүйелі трансформациялаудың ролі мен маңызы өте зор. Бұл жерде оның жауапкершілігінің де салмағын есте ұстауымыз қажет. Конституцияға енгізілген өзгерістерді Әділетті Қазақстан ұстанымының бастамасы деуге толық негіз бар. Ықпалды Парламенттің, халық сайлаған мәслихаттардың, адамдарға есеп беретін үкіметтің жұмыс істеуі үшін тиімді тетіктерді іске қосты. Президенттің барлық саяси күштер мен партиялардан дербестігін бекітуі – саяси плюрализм мен бәсекелі демократиялық ортаны дамыту үшін қажетті жағдайлар қалыптастыратыны да күмәнсіз.
Заң шығару үдерісінің қазіргі трендтері
- Цифрлық технологияларды енгізу: Парламент жыл сайын орта есеппен 100-ге жуық заң қабылдайды. Үкімет пен министрліктер соңғы он жылдың өзінде ғана 30 мыңнан астам нормативтік-құқықтық акт қабылдады. Бұл – ауқымды деректер жиынтығы деген сөз. Нормативтік-құқықтық актілерді жаңа технологиялардың мүмкіндіктерін пайдалана отырып талдау қабылданатын заңнамалық шешімдердің сапасын айтарлықтай арттыратыны анық. Бізде заңдарды әзірлеу мен келісудің жекелеген кезеңдері әлі де қағаз жүзінде жүргізіледі, яғни үдерістердің бір бөлігі цифрландырылмаған. Сондықтан заң шығару қызметінде жасанды интеллектіні, жалпы цифрлық технологияларды пайдалану мүмкіндіктерін талдаудың маңызы зор.
2021 жылы ұлттық жасанды интеллект платформасының жұмыс істеуіне байланысты заңнамалық деңгейде базалық нормалар енгізілген. Мемлекет басшысы заң шығару қызметін цифрландыруды тапсырғаны белгілі. Осыған байланысты Парламент палаталарында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтижелер бар. Цифрлық стратегияның жобасы әзірленді. «Е-Парламент» жобасы да іске асырылып жатыр.
Парламент жұмысында цифрлық шешімдердің қолданылуы оның ашықтығын арттырып, азаматтардың заң жобаларын талқылауға қатысуына мүмкіндік береді. Электрондық платформалар заң шығару үдерісінің тиімділігін арттырып отыр.
- Халықаралық стандарттарға бейімделу: Қазақстан заңнамасы халықаралық тәжірибеге сай жетілдірілуде. Бұл елдің жаһандық аренада құқықтық беделін нығайтуға бағытталған қадам.
- Көппартиялылықты дамыту: Парламентте әртүрлі саяси күштердің өкілдігі демократиялық принциптерді нығайтуға және әртүрлі көзқарастарды ескеруге мүмкіндік береді.
- Парламенттің дербестігі: Соңғы реформалар заң шығару билігінің атқарушы биліктен тәуелсіз болуына бағытталған. Бұл Парламентке заңдарды өз бетінше әзірлеу және бақылау функцияларын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Қазақстан Парламентінің дамуы оның саяси жүйесінің өзгерістерге бейімділігін көрсетеді. Алдағы жылдары Парламент дербестігін нығайту, заң жобаларын талқылауға қоғамды кеңінен тарту және саяси бәсекелестікті арттыру маңызды болып қала береді. Халықтың құқықтық мәдениетін дамыту және заң шығару үдерісін жетілдіру елдегі демократияны нығайту жолындағы негізгі міндеттердің бірі.
Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы Парламентінің дамуы – елдің демократиялық құндылықтарға ұмтылысының айқын көрінісі. Қабылданған реформалар мен жаңа бастамалар елдің саяси жүйесін нығайтып, қоғам мен билік арасындағы диалогты жақсартуға негіз қалады. Парламент қызметінің ашықтығы мен тиімділігі артып, Қазақстанның саяси тұрақтылығының кепіліне айналып отыр.
Шырынбек ОҢҒАРОВ,
ҚР ПІБ жанындағы Парламентаризм институтының сарапшысы