Мектеп • 17 Желтоқсан, 2024

Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған II республикалық олимпиада аяқталды

57 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанада ауыл мектептерінің оқушыларына арналған қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы II республикалық олимпиаданың қорытындысы шығарылды. Қорытынды кезеңге Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауылдардан 450 оқушы қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған II республикалық олимпиада аяқталды

Фото: gov.kz

Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінің мәлім етуінше үш күнге созылған білім сайысының нәтижесі бойынша ең жоғары бағаға қол жеткізген 197 оқушы жүлдегер атанды, оларға 36 алтын, 65 күміс, 96 қола медаль табысталды.

«Үздік олимпиадалық команда» номинациясы бойынша I дәрежелі дипломмен Алматы облысының құрама командасы марапатталды. II дәрежелі диплом Түркістан, Атырау, Маңғыстау облыстары командаларына, III дәрежелі диплом Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстары командаларына берілді.

7 жеңімпаз елдің жетекші жоғары оқу орындарының ректорлық гранттарына ие болды (SDU – 4, Халықаралық Қ.А. Ясауи университеті – 3).

gov.kzЕске салайық, Республикалық олимпиада 13 пән бойынша үш кезеңде өткізіліп келеді. Биыл мектепішілік кезеңге 99 264 оқушы қатысып, олардың 53 593-і аудандық деңгейге өтті. Облыстық кезеңде 12 000 оқушы бақ сынаса, финалдық кезеңге 1 000-ға жуық оқушы іріктелген. Қоғамдық-гуманитарлық бағытта 450, ал жаратылыстану-математика бағытында 486 оқушы білім бәсекесіне түсті. Барлығы екі бағыт бойынша 418 жүлдегер анықталды.

Соңғы кезеңге қатысушы 940 оқушының барлығы болашақ интеллектуалдық жарыстарға дайындалу мақсатында «Дарын» республикалық сырттай мектебіне қабылданды. Ал I дәрежелі диплом иегерлері 2025 жылдың наурызында өтетін жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың соңғы кезеңіне қатыса алады.