Өткен 11 айда елімізде ІЖӨ өсімі 4,4% құраған. Экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күші шикізаттық емес сектор болды. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ауыл шаруашылығында – 13,4%, құрылыста – 10,3%, сауда-саттықта – 8,2%, көлік пен қоймалауда – 8,1%, өңдеу өнеркәсібінде – 5,3% өсім балғанын баяндады. Сондай-ақ ақпарат және байланыс, электр энергетикасы салаларындағы оң серпін атап өтілді.
Премьер-министр экономикалық белсенділікті ынталандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар біршама нәтиже бергеніне назар аударды. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс пен көлік саласындағы өсім жылдық жоспарлы көрсеткіштерден асып түсті.
Өңірлердегі жағдай бойынша негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер көшбасшылары Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Түркістан облыстары, сондай-ақ Астана мен Шымкент қалалары өсуді қамтамасыз етті. Ең төмен көрсеткіштер Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Ақмола және Ұлытау облыстарында тіркелді.
Аталған өңір әкімдеріне қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін тиісті іс-шаралар қабылдау тапсырылды. Сонымен қатар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын жандандыруға тың тәсілдер қажет. Бағдарламалық құжаттардың орындалу барысын жүйелі үйлестіруді қамтамасыз ету маңызды. Тиісті тапсырма Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.
Үкімет басшысы экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру бағытында белсенді шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті.
«Бізде инвестициялық дамудың айқын бағыты бар. Бірақ инвестиция тарту – міндеттің жартысы ғана. Маңызды міндет – жобаларды сапалы сүйемелдеу, туындайтын мәселелерді шешу мен олардың табысты іске асырылуын қамтамасыз ету. Сыртқы істер және Ұлттық экономика министрліктеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмысын күшейтуді тапсырамын. Инвесторлардың проблемаларын бірден реттеп, шешімін табу керек. Сондай-ақ әкімдіктерге аймақтық инвестициялық штабтарда түйткілді мәселелерді жүйелі түрде қарауды тапсырамын», деді О.Бектенов.
Инвестиция мен қосымша құны жоғары өндірістерді тартуға дайын инфрақұрылымның қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Әкімдіктер тарапынан қажетті қаржыландыруға жеткілікті көңіл бөлінбейді, осыған байланысты өңірлер бюджетті қалыптастыру кезінде өнеркәсіптік алаңдардың инфрақұрылымын салуға қаражат бөлінуін ескеруі тапсырылды.
Электр энергиясы, жылу және сумен жабдықтау желілерінің тозуын төмендету бойынша ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Салалық министрліктер мен өңірлер «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын сапалы іске асыруды қамтамасыз етуі қажет. Ұлттық экономика министрлігі мен салалық мемлекеттік органдарға экономикалық және әлеуметтік жағынан тепе-теңдікті сақтай отырып, коммуналдық қызмет тарифтері мен бағаларының негізсіз өсуін бақылауға алу міндеті қойылды. Инфляцияға реттеліп көрсетілетін қызмет тарифтері мен бағаларынан болатын әсердің ең төмен үлес салмағын Экономикалық саясат жөніндегі кеңес белгілеген деңгейде сақтау жүктелді.
Энергетика министрлігіне табиғи газ бен мұнай өндіру көлемін арттыру бойынша шараларды күшейту бойынша тапсырма берілді. Премьер-министр 2025 жылы мұнай өндіруді жоспарланған көлемде қамтамасыз ету қажет екенін баса айтты.
Қараша айында жылдық инфляция 8,4%-ға дейін бәсеңдеді. Бұл – әлеуметтік маңызды мәселе, сондықтан, оны қатаң бақылауда ұстау қажет. Бұл жұмыста тұрақтандыру қорларын, форвардтық шарттарды, субсидиялау сияқты қолда бар тетіктерді белсенді пайдалану керек. Сонымен қатар импортқа тәуелді өнімдер өндірісін кеңейту қажет.
Үкімет басшысы экономика өсімінің оң қарқынын сақтап қалу қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты министрлер мен әкімдерге бөлінген қаражаттың толық әрі уақтылы игерілуін ерекше бақылауға алу, Қаржы министрлігіне бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуына бақылауды күшейту тапсырылды.
Үкімет отырысында еліміздегі сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төніп тұрған жануарларды сақтау мәселесі де күн тәртібіне шықты. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев аталған бағытта атқарылып жатқан жұмыс пен «Қызыл кітапқа» енген жануарларды қорғау мақсатында бағдарламалық құжаттардың дайындалуы туралы баяндады.
Бүгінде «Қызыл кітапқа» енген жануарлардың 220-дан астам түрі бар. Экология және табиғи ресурстар министрі 2005–2023 жылдар аралығында атқарылған жұмыстардың арқасында тоғай бұғыларының саны 350-ден 1 147 басқа дейін, құландар 1 112-ден 4 493-ке дейін, арқарлар 8 835-тен 20 316-ға дейін, қарақұйрықтар саны 12,5 мыңнан 15,4 мыңға дейін өскенін айтты. Қазіргі таңда министрлік омыртқасыздардың 21 түрін алып тастау жөнінде ұсыныс енгізді.
Премьер-министр сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген фаунаны сақтау бағытында нәтижелі жұмыс істеуге экожүйелер мен жануарлар түрлеріне мониторинг жүргізуді, қорғау мен бағалауды көздейтін кешенді тәсіл қажет екенін атап өтті. Бұл мәселеде қажетті ғылыми зерттеулер жүргізу, халықаралық озық тәжірибе, жаңа технологиялар мен ақпараттық жүйелерді енгізу де маңызды. Қазіргі уақытта пилоттық режімде жұмыс істеп тұрған «Tabigat» табиғи ресурстар картасын негізге алу ұсынылады. Платформа қоршаған ортаның қазіргі жай-күйі, орман және су ресурстары, жануарлар дүниесі мен балық шаруашылығы туралы қажетті ақпаратты қамтиды. Премьер-министр аталған платформаны 2025 жылдың басынан іске қосуды тапсырды.
«Шетелдік ұйымдардың қолдауымен Қазақстанда Тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқысының популяциясын қайта жаңғырту бағытында бірегей жобалар іске асырыла бастады. Жануарлар дүниесінің сирек кездесетін түрлерін және жалпы алғанда еліміздің биоалуандылығын сақтау жөніндегі маңызды жобаларды жалғастуры қажет», деді ол.
Қазіргі уақытта Экология министрлігі әзірлеп жатқан Биоалуандылықты сақтау тұжырымдамасы сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлардың түрлерін сақтау жұмысында негізгі құжатқа айналуға тиіс. Олжас Бектенов министрлік басшылығына және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп, Тұжырымдамада көзделген барлық іс-шараны егжей-тегжейлі пысықтауды және құжатты 2025 жылғы тамызда Үкімет қарауына енгізуді жүктеді.
Жануарлар дүниесін қорғау туралы заңға сәйкес жергілікті атқарушы органдарға аңшылық алқаптардың резервтік қорында мамандандырылған ұйымдар құру жұмысын 2025 жылдың қаңтар айының соңына дейін аяқтау керек. Бүгінде еліміздің 9 облысында 15 млн га жер қорғалмаған күйінде қалып отыр.
Сонымен қатар ителгіні жойылып кетуден қорғау мәселесіне ерекше назар аударылды. Құстың бұл түрі Халықаралық табиғатты қорғау одағының қызыл тізіміне енгізілген. Тиісті ведомстволар бірлесіп, ителгі санын анықтап, оны қайта жерсіндірудің тиімділігін бағалау шарасын қолға алуы қажет.
Үкімет басшысы қоршаған ортаны қорғау қызметін күшейтуге назар аударды.
«Қазақстанда табиғатты қорғау қызметін жандандыру қажет. Флора мен фаунаға құрметпен қарауға, экологиялық проблемаларды ортақ күш-жігермен шешуге, сол арқылы еліміздің бірегей табиғатын сақтауға тәрбиелеу ләзім», деді Премьер-министр.