«Bicra» рейтингінде бір саты көтерілдік. Банк секторының салалық тәуекелдері азайған. Яғни бұрынғыға қарағанда тұрақтырақ әрі қауіпсіз болып отыр. «S&P Global Ratings» мәлімдеуінше, бұған Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жасаған шаралар әсер еткен. Олар жыл бойы банк жүйесіндегі дағдарыстың алдын алуға, нарықтық өзгеріс кезінде тұрақты операциялық қызмет жасауға тырысқан. S&P пікірінше, бұл шаралар елдің қаржылық орнықтылығын жақсартуға ықпал еткен. Мәселесі көп кредиттердің үлесі азайған. 2020 жылы 18% болса, қазір 7-7,5%-ға төмендеген. Бұл жетістік елдегі 7 банкке өз рейтингін жақсартуға мүмкіндік берді.
Сонда қандай шаралар жасалған деген сұрақ тууы мүмкін. «S&P» бұл сауалға да жауап бере кетіпті. Біріншіден, жыл бойына банктердегі тәуекелдерді бақылау күшейген. Екіншіден, активтердің сапасын бағалау (AQR) жүйесі енгізіліп, банктердің жағдайы нақты тексеріле бастаған. Үшіншіден, тұтынушылық кредиттерді бақылау қатаңдады, яғни халыққа шамадан тыс несие берілмеуін қадағалады. Төртіншіден, қадағалау жүйесі жетілген.
Зерттеуге қарап, банк жүйесінің тұрақты екенін әрі қауіптің азайғанын көреміз. Банк секторының макроэкономикалық сын-тегеуріндер мен геосаяси тәуекелдерге орнықтылығы байқалады. Ал бір қызығы, агенттік отандық банктер активтерінің сапасы мен қаржылық көрсеткіштері күткеннен де асып түскенін хабарлап отыр.