Оңтүстік Кореямен тәжірибе алмасудағы ықпалдастық
Іссапарды көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125 жыл толуына орай әрі еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету және халықаралық серіктестікті дамыту мақсатында «Allur» жоғары инженерлік мектебі (ЖИМ) ұйымдастырды. Отандық инженер-ғалымдар Оңтүстік Кореяның жетекші ғылыми мекемелері мен өндірістік кәсіпорындарында, атап айтқанда, Dong-Eui University, Kyunsung University, Pukyong National University, SUDo High school, Hyundai Steel, Korron, Doosan мен Kia Hwasung-те болды.
«Allur» осындай іссапарлар шетелдердегі озық тәжірибені зерделеуге, оларды елімізге әкеліп, бейімдеуге мүмкіндік беретініне сенімді. Мысалы, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды политехникалық, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық, Қарағанды индустриялық университеттерімен, Рудный индустриялық университеті және А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетімен ынтымақтаса отырып, Мемлекет басшысының стратегиясына, жаһандық сын-қатерге сәйкес білім бағдарламаларын жаңғыртуды қолға алды және де Ғылым және жоғары білім Министрі С.Нурбек мырзаның тапсырмасына сай, дүние жүзінде озықты жоғары оқу орындарының тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстандағы шетел университеттерімен бірлесе отырып, жаңа бағыттар бойынша инновациялық білім беру жолдарын қарастырады. Сонымен қатар Қазақстанда Финляндияның XAMK қолданбалы ғылымдар университеті мысалында өндіріс қажеттілігін ескере отырып ғылымды дамыту және «инженер-ғалым», «инженер-кәсіпкер» жаңа мамандықтарды қалыптастыру моделі әзірленді.
«Елге оралғаннан кейін инженер-техник кадрларды даярлауға бағытталған оңтүстік кореялық тәжірибені отандық өндіріске енгізу бағытында кешенді іс-шаралар жоспарын әзірлемекшіміз. Бірінші кезеңде алдыңғы қатарлы шетелдің тәжірибелерін бейімдейтін жұмыс тобы құрылады. Келесі кезекте білім бағдарламаларын, оның ішінде өзекті тақырыптар бойынша курстар әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Мысалы, өнеркәсіпті автоматтандыру, цифрландыру және металлургиядағы «жасыл» технологиялар. Сондай-ақ дуальды оқыту барысында өндірістік кәсіпорындарда практикадан өтуді міндеттеу, мамандарды қайта даярлау бағдарламаларын да қамтитын боламыз. Технологиялар күннен күнге өзгеріп, жаңарып жатыр. Соған сәйкес кадрларымыз да жаңашылдықты тез қабылдап, жылдам меңгеруі керек», деп атап өтті ЖИМ басшысы Сәния Иментаева.
Инженерлік мамандықтарды дәріптеу, білім инфрақұрылымын дамыту, мемлекеттік және корпоративтік қолдау, сондай-ақ процестерді мониторингтеу және үздіксіз жетілдіру де жоспарланып отыр.
Машина жасау мамандарын даярлау
Қаныш Сәтбаевтың есімі еліміздің металлургия, машина жасау мен ғылымының қалыптасу кезеңімен тығыз байланысты. Ғұмырын ғылымға арнаған ғалымның елімізге сіңірген еңбегі бүгінде адам капиталын қалыптастыруда, өнеркәсіпке инновацияларды енгізуде әсері мол. Қ.Сәтбаев маман даярлаудың негізін қалаған ғылыми мектептер құрды. Оның бастамаларының арқасында елімізде инженер, механик, металлургтерді даярлауға бағытталған университеттер, институттар мен зертханалар пайда болды.
«Allur» жоғары инженерлік мектебі 2022 жылы Қостанайдағы автомобиль зауытының базасында құрылды. Басты мақсаты – заманауи біліктілікке ие инженерлердің жаңа буынын даярлау. Мектеп локализация, импортты алмастыру және инновациялық технологиялық шешімдерді енгізу мәселелерін шешуге ғылыми қоғамдастықты тартады.
«Ел Президенті озық технологиялармен жұмыс істей алатын және инновациялық шешімдерді енгізуге қабілетті жоғары білікті кадрларды қалыптастыру маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Жоғары инженерлік мектептің стратегиясы мемлекеттік саясаттың барлық негізгі тезистерін қамтиды. Бұл, атап айтқанда, дуальді оқыту арқылы теория мен практиканы біріктіру, дипломдық жобаларды нақты өндірістік міндеттермен байланыстыру, халықаралық әріптестік орнату және жас мамандарға қолдау көрсету. 2022 жылы инженерлерді даярлаудың ұлттық моделі іске қосылғаннан бері 300-ден астам студент осы бағдарламамен оқуын аяқтады. Бүгінгі таңда түлектер біліктілігін жоғары деңгейде көрсетіп келеді», деді ЖИМ басшысы Сәния Иментаева.
Адам капиталын дамытудағы өршіл жоспарлар
ЖИМ елімізде алғаш рет индустрия 4.0 қажеттілігіне сәйкес адам капиталын қалыптастыруға бағытталған стратегияны жүзеге асырады. Басты міндеттердің бірі – дарынды жастарды тартатын аймақтық жоғары оқу орындары базасында инженерлік кеңістік құру. Сонымен қатар «Allur» автокөлік компаниясының ЖИМ индустрия саласына инженерлік-техникалық кадрларды даярлаудың ұлттық үлгісін көрсететін бағдарламалық құжаттың тұжырымдамасын әзірледі. Айгүл Ахметованың айтуынша, осы бастама аясында цифрлық экономиканың сын-қатеріне бағдарланған бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру, тәжірибе алмасу үшін инновациялық алаңдар ұйымдастыру, зерттеу және әзірлемелерге инфрақұрылым құру, оның ішінде цифрлық зертханалар, роботтехника орталығы мен жасанды интеллектіні зерделеу платформаларын құру жоспарланып отыр.
Инженерлік кеңістікті қалыптастыру бірнеше мақсатқа қол жеткізеді. Біріншіден, өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрландыру мен жаңғыртуды жеделдетеді. Бұл инновациялық технологияларды енгізу арқылы экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Ал, сайып келгенде, жоғары білікті мамандарды даярлау еліміздің тұрақты технологиялық дамуына жағдай жасайды.