Экономика • Бүгін, 10:50

Отандық өнімдердің экспорты артты

26 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет мұнайдан тыс секторды дамытуға бағытталған экономиканы құрылымдық өзгерту бойынша бірқатар шара қабылдады. Оның ішінде отандық тауар өндірушілерді қолдау арқылы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру ісі де бар, деп жазады Egemen.kz.

Отандық өнімдердің экспорты артты

Фото: gov.kz

Үкіметтің баспасөз қызметі, биылғы 11 айда осы бағытта атқарылған жұмыстардың қорытынды нәтижелерін ұсынды. 

Алдын ала бағалау бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 4,4%-ды құраған, бұл негізінен мұнайдан тыс секторды дамыту арқылы қол жеткізілген.  Экономика өсімінің 70%-дан астамы өңдеу өнеркәсібі, сауда, ауыл шаруашылығы және құрылыс есебінен қалыптасып отыр. 

Салалар бөлінісінде де динамика байқалады: ауыл шаруашылығында жалпы өнім шығару 13,4%-ға өскен, бұл 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш саналады; құрылыста – 10,3%; саудада – 8,2%; көлік қызметтерінде – 8,1%; байланыста – 5,3%; өңдеу өнеркәсібінде –  5,3%. Жалпы, аталған кезеңде отандық тауарлар өндірісі 5%,-ға, көрсетілген қызметтер 4,5%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 3,1%-ға артып, 15,8 трлн теңгеге жеткен.

Сыртқы сауда айналымы биылғы 10 айда $116,9 млрд-ты құраған. Отандық тауарлардың экспорты 5,1%-ға өскен, ақшалай баламада көрсеткіш – $68,5 млрд. Бұл ретте өңделген тауарлардың экспорты 10,2%-ға ұлғайып, $23,3 млрд-қа жетті.  Шикізаттық емес экспорттың тұрақты өсуі көбінесе отандық тауарларды Қытай мен Түркияға жеткізу көлемінің артуымен, сондай-ақ Еуропа нарықтарына шығумен байланысты. 

Қытайға экспорт көлемі 5,3%-ға өсіп, $12,3 млрд-ты құраған. Бұған мемлекет пен бизнестің бірлескен белсенді жұмысы ықпал етті. Қытай тұтынушылары арасында отандық өнімдердің танымалдылығын арттыру мақсатында ел компаниялары CIFTIS, CIIE, Digital Expo сынды үлкен көрмелерге және басқа да шараларға қатысты. Сондай-ақ jd.com, Doiyin, Alibaba электронды платформаларындағы ұлттық павильондар арқылы  тауарларды ілгерілету жұмыстары жанданып, стримингтер ұйымдастырылды.

Ирландия, Швейцария және Франция сияқты Еуро одақ елдеріне экспорттың өскені де түрлі салада  жетістік бар екенін көрсетеді. Сонымен қатар Қырғызстан мен Тәжікстан сияқты көршілес елдерге шикізаттық емес экспорттың өсуі Қазақстанның саудасы үшін Орталық Азия өңірінің маңыздылығын айғақтайды. 

Биылғы қызмет көрсету экспорты 10,5%-ға өсіп, $8,4 млрд деңгейінде тіркелді. Осы сектордың драйверлері болып  тасымалдау, ІТ, қаржы және басқа іскерлік қызметтер салалары аталып отыр.  

Сонымен бірге есепті кезеңде импорт  3,3%.-ға қысқарды. Импорттың төмендеуімен қатар жүретін экспорт көлемінің ұлғаюының нәтижесі экономиканың оң сауда балансының 33,4%-ға өсуі болды. Аталған көрсеткіш  $20,1 млрд деңгейінде қалыптасты.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл инфляция төмендеп, қараша айында жылдық мәнде 8,4%-ды құрады. 2023 жылдың тиісті кезеңінде инфляция 10,3% деңгейінде болды.

Қазақстанның дербес несиелік рейтингі инвестициялық сенімділік деңгейінде сақталды

2024 жылдың 9 қыркүйегінде Moody's халықаралық рейтинг агенттігі несиелік рейтингті «Тұрақты» деген болжаммен «Ваа2»-ден «Ваа1»-ге дейін көтерді. 

2024 жылдың 15 қарашасында Fitch еліміздің несиелік рейтингін «BBB» деңгейінде растады, сонымен қатар болжамды «Тұрақты» деңгейде ұстады. 

2024 жылдың 1 наурызында S&P болжамды «Тұрақты» деңгейде сақтап қалып, дербес несиелік рейтингті  «BBB-/А-3» деңгейінде растады. 

Несиелік рейтингтің жоғарылауы экономикалық және қаржылық тұрақтылықты нығайтуға, еліміздің халықаралық аренадағы беделін жақсартуға ықпал етеді, капитал нарықтарынан инвестициялар тартуға және экономикаға тікелей шетелдік инвестициялар көлемін ұлғайтуға оң әсер етеді. Айта кету керек, мемлекеттің рейтингі неғұрлым жоғары болса, сыртқы нарықта қарыз алу шарттары соғұрлым жақсы болады.