25 Маусым, 2010

ЕҢ ҚУАТТЫ СУПЕРКОМПЬЮТЕР — ҚазҰТУ-да

823 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ базасында былтыр іске қосылған Қазақстан-Корей ақпараттық телекоммуникациялар технологиялары жөніндегі білім орталығы 186 атаулы курс бойынша әр деңгейдегі ІT мамандарын даярлауда. Жуырда өнімділігі жөнінен Қазақстандағы ең қуатты суперкомпьютердің тұсаукесер рәсімі өтті. Оған Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев қатысты. Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей тап­­сырмасымен еліміздің әртүрлі мекеме­ле­рінде 15 инженерлік ғылыми зертханалар ашылып, олар озық технологиялық қон­дырғылармен және компьютерлермен жаб­дықталған. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ Білім және ғылым министрлігі ұйым­дас­тыр­ған “Космостық және ақпараттық тех­нологияларды (суперкомпьютерді) ұжым­дық пайдаланудың ұлттық ғылыми зерт­ханасын” ашу жөніндегі ашық конкурсқа қатысып, жеңімпаз боп танылған болатын. Суперкомпьютердің осы университет базасында орнатылуы да соның жемісі еді. – Су­перкомпьютер 400 миллион тең­геге са­тып алынды. Әлемнің жетекші ел­дері мұн­дай компьютерлерді бұрыннан пай­да­ла­нуда және оның мүмкіндіктерін ғылым мен білімнің, экономиканың ең күрделі міндеттерін шешу үшін қолда­ну­да, – деді Білім және ғылым министрі Ж.Түймебаев. Суперкомпьютердің техникалық мүм­кін­­діктері өте зор. Онымен метеорология және экология саласында ұзақ мерзімді бол­жамдар жасауға да болады. Ұлттық қау­іпсіздікті қамтамасыз етуде де мүмкіндігі шексіз. Сондай-ақ аэрокосмостық және ав­томобиль өнеркәсібі, ядролық энер­ге­тика бағытындағы күрделі міндеттерді шешуге, мұнай өндіруде және газ өнеркәсібінде, пайдалы қазбаларды іздеп табуда және орналасқан жерін алдын ала болжауда келтіретін пайдасы өте зор. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.