04 Ақпан, 2015

Оқулықтарды оңдау – өмір талабы

245 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Өткен жылы Жезқазған мен Бейнеу арасы теміржол желісімен жалғасты. Сондай-ақ, Арқалық – Шұбаркөл арасына болат жол төселді. Маңғыстау облысында магистралдық теміржол Түрік­менстанмен жалғасып, ежелгі Иранға шықтық. Осының нәти­жесінде Парсы шығанағы арқылы экспорттық жүктерді мұхиттарға шығаруға мүмкіндік алдық. Демек, біздің 20 мың ша­қырымды қам­титын ұлы магистраліміз ежелгі «Жібек жолының» ХХІ ғасырдағы алып бас­тамасы болып отыр. Аллаға шүкіршілік. Алда тұрған ендігі мақсат аз емес. Сапарға шыққан жолаушы, әрине, пойыздың жылдам жүруін, баратын жеріне ертерек жетуді қалайды. Бізде қазір пойыз жылдамдығы сағатына 200 шақырымды кұрайды. Заман өзгеріп, бүгінде жылдам жүйт­китін жүрдек пойыздар жүре бас­тады. Еліміз осы қарқынмен дами берсе жақын жылдарда шап­шаңдығы 300-350 кмсағатты құрайтын пойыздар қазақ жерінде де көптеп жүре бастайтыны сөзсіз. Осындай озық технологияны мең­герген, жетік білетін мамандар дайындау қажет десек, оларды оқытып, баулып өсіретіндер, әрине, теміржол колледждері, осы саланың институт, академиясы. Бір өкініштісі, қазіргі жас темір­жолшылар пайдаланып жүр­ген оқу құралдары өзге тілде жазылған. Сырттан әкелінетін оқу­лықтар техникалық жағынан талабымызға сай келгенімен тілі өзгеше, мазмұны да бөтендеу. Оларды жаңартып, дәуірге сай етіп өңдеп отыру қажет. Бұларды өз ана тілімізде, қазақ тілінде жазу – өмір талабы. Осындай абыройлы міндет теміржол саласының ғалымдарына жүктеледі. Бұл жайтты баса айтып отырған себебіміз – теміржол өзінің 100 жылдан астам тарихында әбден орысшаланып кеткен. КСРО дәуірінде өзіміз де оқу орындарын орысша тәмамдап, көзімізді орыс оқуымен аштық. Дистанция, бекет, тораптық стансалардың құжаттары әлі де орысша. Әрине, бұл саланың терминдері қазақшаға аударылып та жатыр, бірақ, сол аударманы өзіміз түсінбейміз. Көбісі жатық емес. Шынын айту керек, тіл мамандары терминдерді сөзбе-сөз аударады. Іс-әрекеттің технологиялық мәнін ұқпайды. Мысалы, 33 томдық «Орысша-қазақша сөздіктің» 8-томындағы теміржол шаруашылығының сөздігінде «Противоугон» деген сөзді 6 сөзбен аударыпты. «Рельсті қуып кетуге қарсы қойылатын аспап». Өмірде қай теміржол маманы жұмыс кезін­де осы 6 сөзді шұбыртып жүреді? Оған «Противоугон» дей салу оңай емес пе? Біз сол «Противоугонды» «Рельс құйыс­қаны» деп аудардық. Қазақ ер то­қымды жылқы құйрығына құйыс­қан арқылы байлап қоятыны бар. Ол ердің ат жалына қарай жыл­жымауын қамтамасыз етеді. «Противоугонның» мақсаты да сол құйысқандікі сияқты. Пойыз үнемі бір бағытта жүре берсе рельс арқаны да жылжып отырады, бұл жайт бағыт бұрмаларының жұмысын бұзады, автоматты құлыптану жүйесін тоқтатады. Екінші мысал, теміржол шаруашылығында 8-9 кәсіп бар. Олардың әрқайсысы жеке-жеке өндіріс. Мәселен, «Желез­нодорожный путь» деген өз алдына үлкен сала. Ол мекемесіз пойыз жүрмейтіні белгілі. «Желез­нодорожный путь» атау­ын сөздік­терге сүйене отырып қазақ­шаласақ «Теміржолдың жолы» болып шығады. Өйткені, сөздіктердің барлығында «Дорога – жол», «Путь – жол» деп ауда­рылған. Айналайындар-ау, біздің қазақта жол деген жалғыз атау емес қой. Әп-әдемі «Соқпақ, сүр­леу, із, даңғыл» деген атаулар бар емес пе? Өзіміздің бай тілімізді неге кәдеге жаратпасқа? Біз «путь» сөзін «сүрлеу» деп алсақ, теміржол тәржімашыларының төбе шаштары тік тұрады. Осын­дай қиындықтан кейін «Теміржолдар мен стансалар» атты кітапты шығаруға 10 жыл уақы­тым кетті. Шпал-рельс тор­көздерінен тұратын ұлы даң­ғылы­мыздың еңбеккерлері, әсіре­се, жас теміржолшылар қазір қазақ тіліндегі аудармаларға зәру екені анық. Ендеше, бай әрі құнарлы тіліміздің мүмкіндігін барынша пайдалану қажет деп ойлаймын. Кейінгі ұрпақтың тілі жатталып, құлағына сіңісті болсын деген ниетпен бұл бағыттағы жұмыстарға даңғыл жол ашу қажет. Айтайын дегенім осы еді, қарақтарым! Әбдіуәлі ДАНАЕВ, құрметті теміржолшы, Қазақ қатынас жолдары университетінің доценті. Жамбыл облысы.