Мәселе • 19 Желтоқсан, 2024

Мигранттар мәселесі шешімін күтеді

56 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жуырда Халықаралық көші-қон ұйымы (IOM) мигранттарға байланысты 12-баяндамасын шығарды. Бұл құжатта әлемнің қай елінде мигранттар көп, қайсысында аз, қай елдерден келгені, үйлеріне қанша ақша жіберетіні, т.б. көптеген қызықты дерек қамтылған. Қазір дүние жүзінде шамамен 281 миллион мигрант бар.

Мигранттар мәселесі шешімін күтеді

Жат жерден бұйырған нәпақа

IOM дерегіне сәйкес, әлемде орта есеппен 30 адамның біреуі туған елінен жырақта өмір сүріп жатыр. Дүние жүзінде әйелдерге қарағанда ерлер мигранттары көбірек және бұл алшақтық ұлғайып барады. Мәселен, 2000 жылы олардың айырмашылығы 50,6 пайыздан (ерлер) 49,4 пайызға (әйелдер) дейін болса, 2020 жылы 51,9 пайыздан 48,1 пайызға жеткен.

Ұйым есебінің мәліметтеріне сүйен­сек, мигранттардың өз елдеріне жіберген материалдық көмегі (ақшалай да, заттай да) 2000-2020 жылдар аралығында 128 млрд доллардан 831 млрд долларға дейін өскен. Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша бес елдің мигранттары үйлеріне ең көп ақша жіберген: Үндістан – 111 млрд доллар, Мексика – 61 млрд доллар, Қытай – 51 млрд доллар, Филиппин – 38 млрд доллар, Франция – 30 млрд доллар. Осылар­дың ішінде Үндістан азаматтарының үйі­не жіберетін көмегі жылдан-жылға өсіп, алдыңғы қатардан түспей тұр. Ал АҚШ – 79 млрд доллар, Сауд Арабиясы – 39 млрд доллар, Швейцария – 32 млрд доллар, Гер­мания – 26 млрд доллар және Қытай ­18 млрд доллар көрсеткішпен донор елдер­дің қатарында тұр. Сонымен қатар БАӘ 2015 жылдан бері тұрақты түрде мигранттар күшін пайдаланып отырған елдерге қосылды.

 

Мигранттар қай елде көп?

Парсы шығанағындағы монархиялар – БАӘ (88 пайыз), Қатар (77 пайыз) және Кувейт (73 пайыз) халықтың жалпы санынан мигранттардың үлесі бойынша әлемде көшбасшы елдер саналады. Бұл аймақ­та­ғы басқа елдердің ішінде мигранттар­дың үлесі Бахрейнде – 55 пайыз, Оманда – 47 па­йыз, Сауд Арабиясында 39 пайызды құ­райды. Сонымен қатар мигранттар Лих­тенштейн (68 пайыз), Монако (68 пайыз), Андорра (59 пайыз), Люксембург (48 па­йыз), Сингапур (43 пайыз) секілді ергежей­лі мемлекет­терде көп. Ал мигранттардың үлесі Иорда­нияда – 34 пайыз, Аустралияда – 30 пайыз, Швейцария – 29 пайыз, Жаңа Зеландияда – 29 пайыз, Ливанда – 25 пайыз,­ Израильде – 23 пайыз, Канадада – 21 па­йыз,­ Швеция ­мен Қазақстанда 20 пайызды құрайды. Сон­дай-ақ Германияда халық­тың 19 пайызы, ­АҚШ пен Испанияда 15 па­йызы, Ұлыбрита­ния мен Нидерландта 14 пайызы, Франция мен Грекияда 13 па­йызы, Италия мен Беларусь­те 11 пайызы, Ресейде 8 пайызы – миг­ранттар. Ал әртүрлі елдердегі мигранттардың жалпы санын айтатын болсақ, АҚШ – 50,6 млн, Германия – 15,8 млн, Сауд Арабиясы – 13,5 млн, Ресей – 11,6 млн, Ұлыбритания – 9,4 млн, БАӘ – 8,7 млн, Франция – 8,5 млн, Канада – 8 млн, Аустралия – 7,7 млн, Испания 6,8 млн өзге ұлт өкілдерімен ал­дыңғы қатарда тұр.

 

Еңбек күші ағылған елдер

Халықаралық көші-қон ұйымы Ресей мен Украина, сондай-ақ Ресей мен Қазақ­стан арасындағы көші-қон ағы­нын ерекше атап өткен. Сондай-ақ Африка елдері де мигранттардың келіп-кету бағы­ты­на айналған. Мәселен, 2020 жылы Бур­ки­на-Фасодан Кот-д’Ивуарға 1,4 млн адам, Оңтүстік Суданнан Угандаға 1 млн адам көш­кен. Халықаралық мигранттардың 40 пайыздан астамы (115 млн) – Азияда, 20 пайызы – Азияның алты елінде: Үндістан, Қытай, Бангладеш, Пәкістан, Филиппин, Ауғанстан азаматтары. Ал көші-қон донор елдерінің әлемдік рейтингін­де Үндістан – бірінші, Мексика – екінші, Ресей үшінші орында тұр. Сонымен қатар IOM мигранттардың Мексикадан АҚШ-қа, Сириядан Түркияға, Үндістаннан Араб ел­деріне, Ресейден Қазақстанға ағылаты­нын айтады. Ұйым статистикасына зер салсақ, Мексикадан АҚШ-қа – 10,9 млн, Сириядан Түркияға – 3,8 млн, Үндістаннан БАӘ-ге – 3,5 млн, Ресейден Украинаға – 3,3 млн, Украинадан Ресейге – 3,3 млн, Үндістаннан АҚШ-қа – 2,7 млн, Ауғанстаннан Иранға – 2,7 млн, Қазақстаннан Ресейге – 2,6 млн, Үндістаннан Сауд Арабиясына – 2,5 млн, Ресейден Қазақстанға – 2,5 млн, Бан­гладештен Үндістанға – 2,5 млн, Қытайдан АҚШ-қа 2,2 млн адам келген.

Жалпы, 1970 жылдан бері мигранттар­дың басым бөлігі АҚШ-қа кеткен. Содан бері бұл елде тұрақтап қалған адамдар­дың саны төрт есеге, яғни 1970 жылы 12 млн-нан 2019 жылы 51 млн-ға дейін өскен. Кейін­гі жылдары Ұлыбритания, Герма­ния, Польша, Канадаға қоныс аударғандар саны айтарлықтай артып келеді. Ал Түркия, Эстония, Литва, Жаңа Зеландия, Израиль елдерінде көші-қон күрт төмендеген.

Мигранттардың елден-елге ағылуы өз елдеріндегі экономикалық, әлеуметтік жағдайларға байланысты болса, сонымен қатар қақтығыс, зорлық-зомбылық, табиғи апат және басқа себептердің салдарынан болып отыр дейді IOM сарапшылары. Жер аударған адамдардың саны қазір ең жоғары көрсеткішке жетіп, 117 млн-ды құрап отыр.

 

ЕО тәртіпті күшейтті

Осы жылдың мамыр айында Еуро­одақ мемлекеттері төртжылдық келіссөз­дер­ден кейін Көші-қон пактісін бекітті. Деген­мен бұл құжат қауымдастықтың кей­­бір елдерінің көңілінен шықпады. Шве­­ция, Литва секілді елдер ұлттық қауіпсіз­дік мәселесі нақты көрсетілмегенін айтып, мигранттарды репатриациялауға қатысты жаңа шаралар қабылдауды да ұсынды. Еуропалық саясат орталығының сарапшысы Альберто-Хорст Нейдхардт Батыс БАҚ-тарына берген пікірінде: «Кейбір мүше мемлекеттер заңсыз мигранттарды туған елдеріне немесе басқа транзиттік елдерге қайтаруды реттейтін ережелерді қарады. Бірақ Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен репатриация мәселесіне жаңа көзқарас пен ереже қажет екенін, оның жолдарын қарастырып жатқанын айтты. Еуроодақтың тағы бір маңызды мәселесі Жерорта теңізі елдерімен заңсыз көші-қонды ауыздықтау туралы келісімдер болып отыр. Еуропалық комиссия Тунис, Марокко және Мысырмен келісімдерге қол қойды. Бәлкім, жақын арада Брюссель басқа елдермен келісім жасасатын шығар. Бірақ бұл – оңай іс емес», деді.

Қазір өміріне қауіп төнсе де, мыңдаған адам Еуропаға қарай бағыт алып, қайтатын емес. Былтыр Жерорта теңізімен Еуропа шекарасына кірмек болған 100-ден аса заңсыз мигрант іс-түссіз жоғалып, 3 мыңнан аса адам қайтыс болған. Осыдан соң Еуроодақ осы жылы 200 мыңға жуық адамды Еуро­падан шығаруға бұйрық берді. Мамыр мен тамыз аралығында 25 285 адам елден шығарылған. Еуроодақ мәліметі бойынша 6 айда Франциядан – 3 870, Германиядан – 3 710, Швециядан 3 185 адам жер аударылған. Ал сәйкесінше репатриация бойынша Францияға 30 мыңнан аса, Германияға 10 мың, Грекияға 6,5 мың адам оралған.

Сондай-ақ БҰҰ 2025 жылдың бірінші жартысында миллионға жуық сириялық босқын отанына оралатынын мәлімдеді. Сириядағы билік ауысып ел азаматтары осындай мәртебеге ие болып отыр. Енді кәрі құрлық елдері сириялықтардың пана сұрауға қатысты өтініштерін қарамай­ды. Сәйкесінше қаржылай сыйақы бе­ріп, Сирия азаматтарын отанына қайта­ру үдерісін жеделдетті. Жалпы, Сирия­да азаматтық соғыс басталғалы 5 млн-нан аса адам көшіп кеткен. Олардың көбі Түркия, Ливан, Иорданияға тұрақтаған.

Айта кетсек, Сириядағы азаматтық соғыстың тоқтауына Астанада Сирия­дағы жағдайды реттеуге арналған Астана үдерісінің маңызы зор. Биыл Астана халықаралық келіссөздердің 22-раундын өткізді.

 

Ең қауіпті жол

IOM 2014 жылдан бері дүние жүзінде 61 867 мигрант өлімі тіркелгенін айтты. Ең қауіпті көші-қон Жерорта теңізі, онда кемінде 22 871 адам қаза тапқан. Екінші әлемдегі ең қауіпті жол – АҚШ-Мексика шекарасы.

Лейбористік партия жетекшісі Кир Стармер басқаратын Ұлыбритания үкіметі алты ай ішінде заңсыз мигранттарды депортациялауды 2018 жылдан бергі ең жоғары деңгейге жеткізуге уәде берген еді. Осыған орай шекараны нығайтуға Ұлттық қылмыспен күрес агенттігінің 100 қызметкері жұмылдырылғанын хабарлады елдің ішкі істер министрі Иветт Купер. «Қылмыстық саудамен айналысатын топтардың» жолын кесу және мигранттардың қайықпен өтуі­не жол бермеу, мигранттарды заңсыз жұмыс­қа алған немқұрайды жұмыс берушілерге қарсы санкциялар жариялады. Британдық ішкі істер министрлігінің мәліметі бойын­ша, мұндай шаралар барысында Ұлы­британиядан 14 389 адамды шығарған.

Заңсыз иммиграциямен күрес мигранттарды сумен тасымалдайтын бандалармен күресуге уәде берген Стар­мердің сайлауалды науқанының негізгі тармақтарының бірі болды. 10 жылдан аса уақыт бойы Ұлыбритания­ның әр­бір үкіметі мигранттардың санын қыс­қартуға уәде берді. Еуроодақтан шығу­ды қол­даған британдықтар бұл ел ЕО-ның қы­сы­мына байланысты иммигранттармен қиын­дықтарға тап болған. Бірақ Brexit көмек­теспеген сыңайлы. 2015 жылы бұл елге өт­кен иммиграция 329 мың болса, ­2022 жылы 745 мың мигрантты құраған. Осы­лай­ша, Ұлыбритания заңсыз мигранттармен күресіп келеді. 

Соңғы жаңалықтар

Тамыры терең туынды

Басылым • Бүгін, 09:30

Әлемдік брендпен әріптестік

Өндіріс • Бүгін, 09:15

Ағайынды Төрехановтар

Тарих • Бүгін, 08:50