Шаруашылық • Бүгін, 12:22

Агробанк ашылса, мемлекеттік қолдау мұқтаждарға жетеді

75 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығының бүгінгі жай-күйі алаңдатарлық. Өкінішке қарай есеп басқа, іс жүзінде басқаша болып тұр. Бұл туралы Мәжілісте де, ел ішінде де айтылып жүр. Ұлардай шулаған шаруаларға ауылшаруашылығы еңбеккерлерінің алғашқы форумында айтқан Президент сөзі демеу болды-ау. Бұған дейін тек бір тараптан есеп беріліп келсе, енді Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін басқосуда сала мамандарымен ашық диалог құрылса, шаш етектен асқан талай шаруа өз шешімін табатын еді.

Агробанк ашылса, мемлекеттік қолдау мұқтаждарға жетеді

Көшпелі қазақ тың игеру науқанының нәтижесінде отырықшы елге айналған. Ол кезде негізгі егіс бидай, мақта, күріш, қант қызылшасы еді. Уақыт өте келе бау-бақша өнімдері өсіріле бастады. Мал шаруашылығы тұрақты дамыды. Барлық сала Үкімет бекіткен нақты жоспарға сай жұмыс істеді. Ал қазір әркім өз бетінше кәсібін дөңгелетіп отыр. Мемлекеттік қолдауға қыруар қаржы бөлінгенімен, қарыштап дамып шарықтап кеткен ауыл шаруашылығын көрмей келеміз. Президенттің Үкімет алдына қойған міндеттері агроөнеркәсіп секторына серпін береді деген сенімдеміз.

Ауыл шаруашылығы экономиканың қозғаушы күші болуы үшін бәсекеге қабілетті салаға айналу керек. Ең алдымен ел ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге билік мүдделі болуға тиіс. Ал қазір Үкімет, министрлік, атқарушы билік пен бизнес арасында байланыс байқалмайды. Сол себепті ауыл шаруашылығы шатқаяқтап тұр. Бұлай жалғаса берсе ауылдағы ағайынның тұрмысы қалай түзеледі? Кей әкімдер Президенттің отандық инвесторларды қолдау тапсырмасын ысырып тастап, тек шетелдік инвесторларға жергілікті жұртшылықтың мал жайылымдық және егістік жерлерін тартып алып беріп жатыр. Соның салдарынан адал еңбекпен малын бағып, егін салып табыс тауып жүрген ауыл адамдары кәсіпсіз де, нәсіпсіз де қалып жатыр.

Форумда Президент агроөнеркәсіп саласында атқарылатын алты бағытты атап өтті. Мемлекет басшысы: «Енді біздің алдымызда жиналған өнімді сақтау және оның бағасын құлдыратуға жол бермеу міндеті тұр. Үкіметке Азық-түлік корпорациясы арқылы шаруалардан астық сатып алуды тапсырамын. Бұл нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін керек. Астықты өңірлердегі қоймаларды босату мақсатында Ауыл шаруашылығы және Көлік министрліктері бидайды басқа облыстарға тасымалдауды жедел қамтамасыз етуі қажет. Бұл істе облыс әкімдерінің үйлесімді жұмыс істегені маңызды. Көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін жұмыстарын дер кезінде қаржыландыру – мол астық жинаудың кепілі. Жыл сайын төлемдерді кешіктіру салдарынан шаруалар егін егу барысында көп қиындықты бастан өткереді. Сондықтан менің тапсырмам бойынша көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңілдетілген несие биылғы желтоқсан айынан бастап берілетін болады. Соның нәтижесінде диқандар жанар-жағармайды, қосалқы бөлшектерді, басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді уақытында сатып ала алады. Қазақстан халқына арнаған Жолдауымда аталған салаға жеке инвестициялар тарту керек екенін айтқан едім. Агроөнеркәсіп кешенін мемлекет тарапынан субсидиялауды біртіндеп қысқартып, оның орнына банктердің ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруін ынталандырған жөн. Отандық қаржы институттары агрокәсіпорындарға ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаражат ұсынуға тиіс», деп дұрыс айтты.

Қаржылай қолдау болмай, ауыл шаруашылығы оңбайды. Әлемнің озық елдері агросекторға басымдық берген. Қазба байлық және өндіріс көздері жоқ жерде тек егін мен мал шаруашылығы арқылы аяққа тұруға болады. Фермаларды жоспарлы түрде дамытқан кеңестік заман осының бір мысалы. Әлі күнге сол үрдісті үзбей келе жатқан Өзбекстан, Тәжікстан сияқты көршілер де сол жүйенің бір дәлелі. Өйткені мал мен егінде береке бар. Кен - таусылатын байлық. Ал ата кәсіп - сарқылмайтын нәсіп. Мемлекет басшысының бастамасымен бұған дейін небәрі 500 млрд теңгенің төңірегінде бөлініп келген қаржы екі жылда екі есе ұлғайтылып, триллионнан асты. Оның ішінде 2,5%, 4%, 5% пайыздық несиелер бар. Бұл қаржы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты қаржылық ұйымдар арқылы үлестіріледі. Алайда, Президент жалпы шаруаларға және шаруашылықпен айналысқысы келетіндерге арнап бөлетін ақшасы агроолигархтардан әрі аса алмай жатқан сыңайлы. Себебі солардың өнімі өсіп әрі өтіп, былайғы шаруалар қып-қызыл шығынға батып жатыр. Мысалы, биыл министрліктің агросайты дұрыс жұмыс істемей, қарапайым адамдар субсидиясы мен арзан несиесін ала алмай қалған. Ал Президентке бәрі керемет деген есептер беріліп тасталды. Керек десеңіз тәп-тәуір кәдеге жарай бастаған «Ауыл аманаты» жобасына арналған қаржы да бөлінбей қалған. Бұл туралы «AMANAT» партиясы мәселе көтерді. Ал кешегі форумда Президент саланы қаржыландыруды жетілдіруді тапсырды. Келер жылы 700 млрд теңге бөлінеді. Қазірдің өзінде 3 есеге ұлғайтылған екен. Алайда, мемлекеттік қолдау қаржылық ұйымдар арқылы берілетіндіктен, жетер жеріне жетпейді. Жеткен күннің өзінде ақыры дауға айналып, соттасумен тәмамдалып жатыр. Қыруар қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпесін десек, агробанкті тездетіп ашу керек. Шаруалар қаражатты бір банктен алып, берешегін сол арқылы қайтарады. Қаржыландыру механизмі  бір жүйеге көшірілмей, бәрі бекер. Президент саланы қаржыландырудың ақсап тұрғанын ескерді. Әлбетте бұл құптарлық. Ендігі міндет - қарапайым шаруаларды шырылдатпай, мақсатты қаражатты дер кезінде бөлу және қолы жетпей жүргендерге беру.  

Диқандар биыл агросайттың сылбырлығынан егінге қажетті субсидия мен тыңайтқыштарды да ала алмаған. Одан қалса МӘМС төлемегендері үшін көпшілігінің есепшоттары бұғатталған. Мұны шаруашылығын енді дөңгелетіп бастағандарға жасалған қысастық деп түсінеміз. Биыл астық өсірушілер еккендерін ортасымен, өткізе алмай еңбектері еш кетті. Жалпы жылда осы, біресе баға бекітілмейді, біресе өнім өткізілмейді, импорт қысып нарықтан ығыстырылады. Отандық кәсіпкерлер өз деңгейінде қолдау тауып жатқан жоқ. Еліміз бойынша жылыжайдың бір жылда 232 гектарға азаюы қауіпті емес пе? Мәселен Түркістан облысында жылыжай көлемі елу пайызға кеміп кеткен. Соның салдарынан қазірдің өзінде қызанақ пен қияр бағасы төрт есе өсті.  Үкімет те, атқарушы билік те бұған мән бермесе де, Президент назарға алып, өнім өндірушілермен тығыз байланыста жұмыс істеуді тапсырды. Сол сияқты Қазақстанды экономикасының орнықты дамуына ықпал ететін нақты сектордың өркендеуіне қаржы бөліп, субсидия берудің ашықтығын қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығын нарықтық әдіс-тәсілдер арқылы нығайтту үшін  стратегиялық тұрғыдан мемлекеттік реттеуді ұсынды. Өкінішке қарай агроөнеркәсіп саласын маман еместер басқарып жатқандай, дұрыс дамымай келеді. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына ғалымдарды жұмылдырмақшы. Өте дұрыс. АҚШ, Қытай, Түркия, Жапония, Еуропа мемлекеттерінде барлық бағытта ғалымдар жұмыс істейді. Соның арқасында жан-жақты өсіп-өркендеп жатқан жайы бар.

Президент әлемдік азық-түлік нарығында бәсекеге төтеп беру үшін ғылымды дамытуға баса мән беруге, оның ішінде тұқым шаруашылығын жандандыруға  стратегиялық міндеттің бірі деп қарауға шақырды. Картоп пен қант қызылшасы бойынша отандық тұқымның үлесі 10 пайызға да жетпейтінін сынға алып, Үкіметке диқандарды елімізде өндірілген тұқыммен қамтамасыз етуге, ол үшін шетелдің озық технологиясын пайдаланып, көрсеткішті 2028 жылы 80 пайызға, ал жоғары сапалы элиталық тұқымның үлесі кемінде 15 пайызға жеткізуді жүктеді. Бізде тұқым сапасы төмен. Ал элиталық сорттар өте қымбат. Оның өзі импорт. Тұқым сапасы төмен болғандықтан, шетке шикізат күйінде тонналап сатылып, елімізге жем мен ұн боп қайта сатылып жатыр. Ал бір әкімдер отандық мақташыларды қолдап, мақта сапасын арттырудың орнына, қорлап жатыр. Кеңес өкіметінің кезінде ақ алтынның бағасы артық еді. Сапасыз десе де Қытай, Аустралия Қазақстанның мақташылары өсірген мақтаны әлдеқандай қылып сатып алып, кәдеге жаратып жатыр. Ал бізде мақта өңдеу дұрыс жолға қойылмаған. Бұрынғы зауыттардың көбі жабылып қалған. Тігін фабрикалары да санаулы. Жіп иіретін өнеркәсіп аз. Жалпы «Мақта туралы» заң қабылданбай, бұл саладағы мәселелер оң шешімін таппайды. Жүгеріні тиімді, мақтаны тиімсіз деу ақымақтық. Кеңес өкіметінің кезінде осы да далада жүгері де, мақта да қатар өсірілген. Бізге жалпы құмды, шөлейтті жерлерді игеру технологиясын Мысырдағыдай қолға алатын уақыт жетті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Былтырғы Жолдауда үш жылдың ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндетін қойдым. Біз негізгі азық-түлік тауарлары бойынша импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған бірқатар жобаны жүзеге асыра бастадық. Атап айтқанда, таяу жылдары сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға көбейтуге мүмкіндік беретін 116 заманауи тауарлы сүт фермасы салынады. Жалпы қуаты жылына 220 мың тонна құс етін өндіретін 29 фабриканы, сондай-ақ қуаты жылына 850 миллион жұмыртқа өндіретін 11 құс фабрикасын пайдалануға беру көзделген. 100 мыңға жуық ірі қараға арналған 6 бордақылау алаңын, сондай-ақ 50 мың бас уақ малға арналған бордақылау кешенін іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Үкімет алғашқы мамандандырылған биржа ашуды қолға алды. Бұл кешенде мал саудасының заманауи ережелері сақталып, фермерлер мен тұтынушылар арасында басы артық делдалдар болмайды», деді.

Қазақстанда баяғыдай мыңғырған мал жоқ. Есесіне транзит бар. Бордақылайтын ірі қара мен жылқы шеттен келеді. Өзімізде миллиондаған малдың бары рас болса, өнімі неге көл-көсір емес? Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытайға ірі қара терісін экспорттамақшы. Министрдің өзі тері илейтін зауыттар ашылса, 25 пайыз шығынын көтеруге көмектесетінін айтқан. Экспортқа кетіп жатқан мал терісі 13 мың тоннаның төңірегінде. Еліміздің 11 өңірінде 27 кәсіпорын былғары илеумен айналысып жатыр екен. Нәтиже қайда? Неге бізде мал терісі сырт киім, аяқ-киім, сөмке, белбеу шығарылмайды? Өзіміз өсірген бидайды өзімге қуырып беріп жатыр. Қытай сияқты бүкіл дүниежүзіне керектіні тігіп бермесек те, Түркия сияқты сырт киімнің нарығына шығу керек қой. Ауылдарда мал терісі жүн қабылдайтын пункттер ашу қажет. Қай өңірде мал мен жан көп болса, сол жерде тері илеп әрі киім тігетін кәсіпорындар ашқан жөн. Жеңіл өнеркәсіп тұрғысынан Қырғызстан мен Өзбекстаннан озат алмай жатқанымыз ақиқат қой. Тура сол сияқты біздің бидайдың мәселесі өзектілігін жоймай тұр. Үкімет 12 млн тонна бидайды экспортқа шығарса, нанға ұн қалмайды. Бұл нан өнімдерінің қымбаттауына себеп болып келеді. Жабылып қалған отандық диірмендерді іске қосып, ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, содан артылғанын ұн ретінде экспортқа шығарсақ сол тиімді әрі табыстырақ болады. Әйтпегенде қазір бидайдың жеуге арналғаны – 50, жемге арналғаны – 30 теңгеден шекара асырылып жатқаны қауіпті. Бидайдың барлығын дерлік экспорттап, өзіміз қымбат нан жеп жатырмыз. Диірмендер саны едәуір азайып кеткен. Халық қашанғы арзан бидайдың нанын қымбат сатып алып жеп жүр.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды белсенді түрде енгізу озық елдердің деңгейіне жетуге септігі тиетінін, биыл егіс алқаптарына бұрынғыдан екі есе көп тыңайтқыштың себілгенін, ғылыми тұрғыдан қажет тыңайтқыштың 41 пайызы екенін, өзімізде шығарылатын тыңайтқыштардың ауыл шаруашылығын толық қамтамасыз етпейтінін айтты. Сондай-ақ бүгінде құны 4 миллиард доллар болатын ауқымды инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатқанын, нәтижесінде 7 миллион тонна минералды тыңайтқыш өндірілетінін білдік. Мұның барлығы алдымен ішкі нарықты толық қамтамасыз етіп, одан артылғанын экспортқа шығаруға жол ашады. «Не ексең соны орасың» дегендей, тұқым мен тыңайтқыш сапасына мән беру керек. Алда әлі органикалық тыңайтқыш өндірісін дамыту міндеті тұр. Президент бұл тұста халықаралық тәжірибеде қойдың жүнін суармалы жерге тыңайтқыш ретінде пайдалануға кеңес беріп отыр. Бізге енді суарылмайтын жерлерді суландыру технологиясын енгізу қажет. Себебі еліміздің көп аумағы осыған байланысты игерілмей, ал, ел қоныстанған жерлерде жер жетіспей жатқан жайы бар. Ал ол үшін техника да керек. Үкімет ауыл шаруашылығына 8 мың техниканың берілгенін айтқан еді. Ал ескі-құсқы техниканы кәдеге жаратып жатқан диқандардың мұны жоққа шығарып, жаңа техника алудың арманға айналғанын айтады. Утилизациялық алымның салдарынан да техника қымбатқа түсіп, шаруалардың шамасы жетпейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10 пайызға дейін жеткізу жөнінде міндет қойдым. Бұл мақсатқа 120 миллиард теңге бөлініп, отандық ауыл шаруашылығы техникаларын жылына 5 пайызбен жеңілдетілген лизингке беру бағдарламасы басталды. Қазақстанда 8 ірі бірлескен кәсіпорын, соның ішінде «Клаас» неміс концерні мен ресейлік «Ростсельмаш» компаниясы табысты жұмыс жатыр. Биыл шамамен 160 миллиард теңгеге жуық қаржыға 4,5 мыңнан астам трактор мен астық жинайтын 815 комбайн (оның 107-сі «Клаас» компаниясына тиесілі) шығарылды. Үкімет еңбек өнімділігін арттыруға, импортталатын қосалқы бөлшектерді локализациялап, ұсақ бөлшектерден құрастырылатын өндірісті қолдауға және тұрақты жұмыс орындарын ашуға баса мән беруі керек», деп, техниканың қолжетімділігін арттыруды тапсырды. Себебі ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін күшейту қолға алынып жатыр. Ол үшін Қазақстанның  көлік-логистика мүмкіндіктері кеңейіп жатыр.

Мемлекет басшысы еліміздегі логистика мен сақтау жүйелерінің жеткілікті болмауынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер зор шығынға ұшырап жатқанын мысалға келтіріп, сақтау инфрақұрылымын, соның ішінде элеваторлар, көкөніс және жеміс-жидек сақтау қоймаларын дамыту үшін, сыйымдылығы 700 мың тонна болатын қоймалар салу мен жаңғыртудың кешенді жоспары қабылданғанын, бұл жұмыстарды ұдайы бақылауда ұстау керектігін ескертті. Біз дәстүрлі өткізу нарықтарын сақтап қана қоймай, түрлі елдердің талаптарына бейімделген икемді жеткізу жүйесін құра отырып, Экспортты әртараптандыру қалыптасқан өткізу нарықтарын түрлі елдердің талаптарына бейімделген жеткізу жүйесін құру арқылы түзіледі. Сондықтан тасымалдау тәртібінен бөлек, трассаларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру керек. Өйткені жолға қатысты шағым бір күн тыншыған емес. Сапасыз жолдарда зорға жүріп келе жатқан көліктерді тоқтата беретін біздің полицияға да арыз жетеді. Кеденнен тексеріліп өткен соң, ішкі жолдарда салмақ пен құжат тексеру үшін тоқтата беру халықаралық бизнеске кедергі келтіруге жатпай ма?

Президент: «Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Қырғызстан және Ауғанстанға жоспарлы түрде астық тасымалдау жұмысы басталды. Иран нарығына кіруге рұқсат алып, 250 мың тонна арпа жөнелттік. Сондай-ақ Қытайға, Еуропа Одағы елдеріне және Солтүстік Африкаға астық жеткізіледі. Теңізбен тасымалдауды арттыру үшін Құрық портында жаңа астық терминалы іске қосылды. Жаңа нарықтардың азық-түлікке сұраныс көлемі ұлғайып келе жатқанын ескерсек, Солтүстік – Оңтүстік және Транскаспий бағыты сияқты халықаралық дәліздердің рөлі арта түседі. Қазақстанды Еуразияның негізгі көлік-логистикалық орталығы ретінде құру жөніндегі стратегиялық міндет – менің кейінгі жылдардағы халықаралық деңгейде жүргізіп жатқан келіссөздерімнің басты тақырыбына айналды. Бұл мәселеде аталған дәліздерге ыңғайлы жол табу және ішкі логистиканы жақсарту өте маңызды. Сондықтан алдағы алты жылда (2030 жылға дейін) біз теміржол желісін ауқымды түрде жаңғыртуды көздеп отырмыз. Он бір мың шақырым темір жолды жөндеп, бес мың шақырымнан астам жаңа темір жол салу жоспарланып отыр», деді.

Қазір салынып жатқан «Дарбаза – Мақтаарал», «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз» және «Алматы қаласының айналма жолы» Орталық Азия мен Қытай бағытындағы жүк тасымалының артуына жол ашады. Сол сияқты  жыл соңына дейін «Астана – Балқаш – Алматы», «Талдықорған – Өскемен», «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахань» автомобиль жолдарының құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ең бастысы сапалы салынса, сақалды құрылысқа айналып кетпесе игі еді. Елден бұрын есебі беріліп, ақырында дауға айналып кететін нысандар жетерлік.

Президент ауылшаруашылығы еңбеккерлерімен өткен форумның жалғасы болатынын айтты. Тек үлкен агроөнеркәсіп иелерімен емес, түкпір-түкпірдегі егін және мал шаруашылығымен айналысып жүрген азаматтармен де ашық диалог алаңдарын құру қажет. Келісіп пішкен тон ешқашан келте болмайды. Расында да жергілікті шаруалармен атқарушы билік арасында байланыс жоқ. Министрліктің табалдырығын тоздырып шаршағандар, Президент пен Парламентке шағымданады. Бұл - күшті Президент, ықпалды Парламенттің көрінісі. Ауылдар өсіп-өркендесе, ауыл халқының қал-ахуалы жақсарады. Агросаланы мамандар басқару керек. Жалпы барлық саланы өз ісінің мамандары басқарған жөн. Сонда даму болады.

 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты