04 Ақпан, 2015

Келешектің кілті – жаңа технологияда

288 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Алматы қаласындағы Достық үйінде «Болашақтың қуаты: инновациялық сценарий және оны тарату тәртібі» атты бүкіләлемдік тұжырымдама жобасы талқыланды. Аталмыш талқылауға Энергетика министрлігінен, Парламенттен, елдегі ірі кәсіпорындар мен энергетикалық, зерттеу және жобалау институттарынан өкілдер мен ел ғылымына толайым үлес қосқан белгілі ғалымдар қатысты. Жиында ғалымдар 2050 жылға жобаланып отырған әлемдік энергия қуатын арттыру бағдарламасына Қазақстанның қатысуы мен өзіндік тың ұсыныстар енгізуі туралы ғылыми тұжырымдары мен пікірлерін ортаға салды. – Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстанның келбетін күллі әлемге қалыптастырып, жоғары дәрежеде өткізілуі тиіс. Бұл шараны қалай өткізсек, әлем бізді солай қабылдайтын болады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы көрмені өткізуде ұстанып отырған берік байламын сәтті жүзеге асыруға шақырамын. Елбасы ұстанымы аталмыш көрме арқылы елімізді барша дүниеге танытып қана қоймай, әлемдік қауымдастық тарапынан технологиялық, интеллектуалдық және инновациялық қолдау табу мүмкіндігіне қол жеткізу. Бұл идея әсіресе, қазіргідей әлемде түрлі кереғарлықтар белең алып, геосаясат пен экономикалық ұста­ным бойынша салқынқабақтық сезіліп тұрған тұста аса қажет, – деді Ұлттық инже­нерлік академияның басшысы Бақытжан Жұмағұлов ғалымдар алдында. Сондай-ақ, Б.Жұмағұлов аталмыш форумның сәтті өтуіне қол­дау көрсету ретінде Қазақстанның қолданбалы ғылым академиясы пре­зиденті Нұртай Әбіқаевтың, Энергетика министрі Владимир Школьниктің және Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің жолдаған құттықтау хаттарын оқып берді. Ұлттық инженерлік академияның корреспондент мүшесі әрі «BAY Systems» АҚ президенті Алтай Қадыржанов қазіргі таңда Қазақстанның алыс қашықтыққа электр қуатын тасымалдау мүмкіндігін айта келіп, мұның Ресей-Еуропа энергетика нарығында белсенділік танытуға және Ауғанстан, Иран, Пәкістан секілді оңтүстік аймақта орналасқан елдердің де нарығына дендеп енуге жол ашық екендігін жеткізді. Осы орайда ол алда еліміздің бас қаласы Астанада өтетін халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық қарсаңында аталмыш екі академияның жанынан мамандандырылған топ құрып, көрмені ұйымдастырушы және өткізуге жауапты ретінде тиісті басқару тетігіне ие әрі мемлекет тарапынан қаржылық қолдау жасалуын ұсынды. Дөңгелек үстел аясында Ұлттық инженерлік академия президенті Б.Жұмағұлов ғалымдар тарапынан айтылған пікірлер мен ұсыныстардың барлығы ресми тіркеліп, үстіміздегі жылдың көктемінде Астана қаласында өткізілетін басқосуда бүкіләлемдік тұжырымдама жобасын қабылдар кезде ескерілетіндігін жеткізді. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.