«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:15

Бүгін – көшет, ертең – сая

44 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» эколо­гиялық акция­сы кең көлемде ұйымдастырылды. Науқан барысында өңірде 63 мыңнан астам ағаш көшеті егілді.

Бүгін – көшет, ертең – сая

Сәуір айынан бе­рі жүр­гізілген акцияға облыс­та 173 мыңнан астам тұрғын, 4 мыңнан астам мекеме мен кәсіпорын қатысты. 77 мыңнан астам аула, 2508 көп қабатты тұрғын үй, 74 мың жеке тұрғын үй, 300-ге жуық саябақ абаттандырылды.

– «Таза Қазақстан» акциясы тек тазарту емес, сау экологиялық сана қа­лыптастырудың бір қа­дамы. Баталы іске балаларымен бірге қатысқан ата-аналар өз елінің та­залығына қамқорлық жасап, болашақ үшін аса маңызды құн­дылық қа­лыптастырады. Кө­шеден басталған көрнекі іс келешекте қоршаған ортаны сақ­тайтын жаңа ұрпақты тәрбиелейді», дейді облыстық «Жасыл ел» жастар еңбек және құрылыс жасақтары шта­бының жетекшісі Қасиет Балмолда.

Экологиялық акция облыста сәуір айынан басталып, апта сайы­н өтті. Абаттандыру, са­нитарлық-тазалауды қам­титын облыстық нақтылы іс-шаралар жоспары бе­кітілді. Биыл өңір алапат су тас­қынын бастан кешірді. Табиғи құбылыстан кейін­гі өзен арналары мен аумақ­тарын қоқыстан тазалау мақсатында шіл­де, тамыз айларында «Таза жағалау» акция­сы ұйым­дастырылды. Қыр­күйек айында «World cleanup day», бүкіләлемдік тазалық күні акция­сы өтті.

– Сәуір айынан бері ұйым­дастырылған сани­тарлық тазалық жұмыс­тары барысында 6 мыңнан астам тротуар жөнделді, 63 мыңнан астам түрлі ағаш көшеті егілді, 1221 әлеуметтік нысан, 1251 тарихи-мәдени ескерткіш тазартылды. Экологиялық айлыққа 1805 техника жұмылып, 61 750 тонна қоқыс шығарылды, – дейді облыстық қоғамдық даму басқармасы жастар саясаты бөлімінің бас маманы Асылай Алтайқызы.

«Ғарыш сапары» меке­месі облыс аумағынан 197 заңсыз қоқыс орнын анықтаған еді. Бүгінге дейін оның 149-ы жойылды. Қалған қоқыс орындары да тазартылады дейді мамандар.

Республикалық ак­ция­ның өңірде өту барысы туралы бұ­қаралық ақпарат құ­ралдарында да үнемі жа­­рияланып, көпшілік уақ­тылы хабарланып отыр. Мәселен, облыстық газет бет­­терінде 171 мақала, жер­гілікті телеарналарда 103 сю­жет, интернет-ресурстарда 159 материал, әлеуметтік желілерде 1300-ден астам жазба, 130-дан астам бейнеролик дайындалған.

Қоғамдық орындарды ластап, қоршаған ор­таға зиян келтірген мекеме мен адамдарды заңға тартып отыру да керек. Биылдың өзінде өңірде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-2, 505-баптарына сәйкес 10 002 құқық бұзушылық анықталған. Нәтижесінде жауапты тұлғаларға 71 658 560 теңге көлемінде айыппұл салынды. Оның 33 065 596 теңгесі өндірілді.

Акция облыстың бар­лық ауданын қамтыды. Айталық, жақында ғана Жаңақала аудандық мәс­лихатының депутаты Бе­гайым Есенғалиеваның ұсынысымен №9 сайлау округінде орналасқан сая­баққа 200 түп ағаш көшеті егілді. Ізгі шараға аудан басшысы Алпамыс Көш­кінбаев, әкімдік қыз­меткерлері, ауыл тұрғын­дары, мұғалімдер қатысты.

«Таза Қазақстан» акциясы – келешекті көздеген бастама. Бүгін егілген терек ертеңгі ұрпағыңа сая болады, жемісін береді. Сондықтан мұндай игі­лікті істің соңы болмауы керек.

 

Батыс Қазақстан облысы