Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Көркі ерекше көз тартатын бас шыршаның маңына жиналған жұрт бір сәт ертегілер еліне енгендей күйде болғаны рас. Айнала – жалт-жұлт еткен шамдар, түрлі-түсті киінген клоундар, Аяз ата мен Ақша қар, қуана коньки тепкен балалар, сырғанақ... Бәрі-бәрі жаңажылдық көңіл күйге бөлеп, қыс қызығын арттыра түсті. Бас шырша жарық декоративті ұлпа қармен және өрнектермен, сары-қызыл реңдегі 2500 ойыншықпен, гирляндалармен, басқа да әсем заттармен безендірілген.
Шырша шамын жағу рәсімінде елорда тұрғындары мен қонақтары үшін Қайрат Баекенов, Ринат Малцагов, AYREE, балалар хоры мен би ұжымдарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылды. Өнер жұлдыздары мерекелік кештің көрігін қыздырып, аязды күннің суығын сездірмеді. Жаңа жылдан жақсылық күткен жұрт әншілермен қосыла ән шырқап, биледі.
Бас шыршаның аумағында жаңажылдық жәрмеңке, сырғанақтар, ашық және жабық екі мұзайдыны, Аяз ата үйі, лабиринт, фуд-корт, арнайы тақырыптағы фотоаймақтар, шағын архитектуралық нысандар мен басқа да ойын-сауық орындары ұйымдастырылды. Жаңа жылды асыға күткен балалар әрбір сәтті құр жібермей, арнайы жасалған сиқырлы орындарды аралап, мәре-сәре болып суретке түсіп жатыр.
«Бүгін «Астана Арена» стадионында елорданың ең үлкен шыршасының шамдарын жақтық. Бұл 25 метрлік шыршаны Астананың жаңа жылының рәмізі деп айтуға болады. Мұнда екі мұзайдынын, 40 метрлік үлкен сырғанақ және балалар сырғанағын жабдықтадық. Бұл жерде Аяз атаның үйі, сауда павильондары бар. Сол жағалау мен оң жағалау тұрғындары үшін ыңғайлы. Бұдан бөлек басқа аудандарда 30 шырша шамы жағылғанын атап өткім келеді. Олар қаланың орталық бөліктерінде де, тұрғын аудандарында да орналасқан», деді «Нұра» ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова.
Иә, биылғы бас шыршаның таңғажайып көркі алыстан көздің жауын алады. Ұлпа қар мен түнгі көрініске керемет үйлескен жасыл шырша қаланың жердегі жұлдызындай жарқырайды.
«Биыл бас шыршамыз табиғи пішінде жасалған, сәукеле секілді жан-жағы жұқа желекпен сәнделген. Бұл шыршаны 2,5 мың ойыншықпен, 11,500 метр гирляндамен, 300 строб шамдарымен безендірдік», дейді «Астанабасжоспар» мекемесі директорының орынбасары Елнар Базыкен.
Жаңажылдық алаңға жиналған халық түрлі қызыққа батты. Біреулер сырғанақта зыр қақса, енді біреулері коньки тепті, шыршаның айналасында жапа-тармағай суретке түсіп жатқандардың қарасы да қалың болды. Жәрмеңкеге арнайы келген сатушылардың да саудасы қызды. Жәрмеңкеде түрлі қазақы нақыштағы бұйымдар, жаңажылдық сыйлықтар, қолөнер бұйымдары, қолдан тігілген жастықтар қойылды.
Жәрмеңкені аралап жүріп, сазсырнайдың дыбысын естідік. Қоңыр әуездің ізімен сазсырнайда ойнап тұрған сатушыға келдік.
«Сазсырнай ұлттық аспаптардың біріне жатады. Сазбалшықтан жасалған. Бұл адамның өкпесіне өте пайдалы. Өкпені ашуға, тынысты кеңейтуге, жүйкені тыныштандыруға көмектеседі. Бүгін жәрмеңкеге 100-ден аса сазсырнай алып келдік. Қазір отыз шақты сазсырнай сатылды. Бағасы – 3000 теңге. Сазсырнай ойнай алмайтындар болса, көрсетіп беріп жатырмын. Жалпы, сазсырнай жасауды өздігімнен үйрендім. Кәсіби музыкант емеспін, суретшімін. Ағаштан музыка аспаптарын жасайтынмын. Сазсырнайда бірнеше әуен ойнай аламын. Бір күнде 40–50 сазсырнай жасауға болады», дейді суретші Ермек Кәрім.
Иә, ғалымдардың айтуынша, үрмелі аспап сазсырнай – күйзелістен құтқаратын таптырмас ем. Мұны байырғы қазақтар уілдек деп бесіктің басына да іліп қойған. Жел соқса, дыбыс шығарып, баланы алдандырады. Шын мәнінде, сазсырнайдың дыбысы адамның жүйкесін тыныштандырып, жүрек ырғағының біркелкі болуына әсер етеді. Біздің елдегі демалыс орындарында, денсаулық сақтау шипажайларында, емханаларда әлі күнге дейін қобыз, сазсырнай, домбыраның күйлері сияқты халық аспаптарын музыка терапия ретінде қолданады.
«Оймақтай сазсырнайдың терапиясы мұншалықты пайдалы екенін кім білген немесе көбіміз білгенімізбен, сазсырнайдан дыбыс шығара алуымыз екіталай. Сазсырнайды ойнағанда алдымен өкпеге ауаны көбірек жинайсыз. Кейін ақырындап шығарасыз. Бұл өкпе қабаттарындағы шырышты қабықты қатайтады. Тамырдың кішкентай капилярларына, өкпе мен жүрекке дейін оттегіге толады. Ал оттегі аз болса, вирус еніп, өкпе суланып кетуі мүмкін», дейді сатушы.
Жәрмеңкеге «Хас шебер» қауымдастығының қолөнершілері де келген.
«Жәрмеңкеге қолмен тігілген кестесі бар жастықтар, табиғи тастар мен қолдан жасалған әшекей бұйымдар алып келдім. Жастықтар жақсы сатылып жатыр. Бағасы – 4000 теңге. Көбісі Жаңа жылға сыйлыққа алып жатыр. Бәрін өзіміз тігеміз», дейді қолөнерші Фариза Ожантаева.
Сондай-ақ қолдан тоқылған қыстық баскиімдер мен шәлі-қолғаптар да сатылымда тұр. Айта кетейік, аталған жәрмеңке қысқы қалашық аясында күнде өтетін болады.
Шырша шамын жағу салтанатына жиналған қауымның қуанышында шек жоқ. Балалар да ертегілер әлеміне тап болғандай күйге түсті.
«Қостанайдан Астанаға көшіп келгенімізге он жылдан асты. Астана – бас қала болғалы уақыт өткен сайын көркейіп келеді. Бұл – жастардың қаласы. Жарқын болашақтың қаласы деп ойлаймыз. Қыстың басты мерекесі – Жаңа жылдың алғашқы шыршасы жағылды бүгін. Мұндай күні немерелерді үйде қалай ұстап отырамыз, отбасымызбен ғажап сәтке куә болайық деп асыға жеттік. Жаңа жыл еліміз үшін, халқымыз үшін берекелі, мерекелі болсын», дейді қала тұрғыны Салтанат Аяпова.
Сондай-ақ жаңажылдық алаңда қала тұрғындарымен қатар алыстан ат терлетіп келген қонақтар да бар екен.
«Біз биыл Жаңа жылды балалармен қарсы алайық деп Қызылордадан арнайы келдік. Осы маңда тұрамыз. Мерекелік алаңды ертегідегідей ұйымдастырыпты. Көз тоймайды. Әр бұрышында бір қызық бар. Әсем шыршаның көркі де таңғалдырды. Келер жыл бәріміз үшін табысты болсын», дейді қала қонағы Нұрлан Оразбаев.
Ел астанасының қыстың айтулы оқиғасына айналған 30-дан аса шырша шамын жағу рәсіміне жалпы саны 15 мыңнан астам адам қатысты. Ең биік 25 метрлік шыршаның тағы бірінің шамы «Қазақ елі» монументінің алаңында жағылды. Мұнда да сиқырлы қалашық жасалып, ойын-сауық орындары қойылды. Мерекелік бағдарлама ұсынылып, балаларға арналған аниматорлар шақырылып, түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылды. Мұнда да екі мұзайдыны, екі жарықпен көмкерілген сырғанақ, шағын архитектуралық нысандар мен жарық-люминациялық пано орнатылған.
Сондай-ақ Алматы және Сарайшық аудандарында жеті нүктеде шыршалар шамы жағылды. Тәуелсіздік даңғылындағы Оқушылар сарайы аумағындағы 20 метрлік шырша ауданның жас тұрғындары үшін көптеген ойын-сауық пен мерекелік іс-шара ұсынатын орталыққа айналды: мұз айдыны, слайд, ертегі ат-шанасы, Щелкунчик және Гномик фотоаймағы ұсынылды. 17 метрлік шырша «Sana Sport» спорт кешенінің алдында да слайдпен және көңілді аюлармен жанды. Сондай-ақ Қошқарбаев даңғылы 80/1, Рысқұлбеков көшесіндегі «Алма» саябағында, «Astana Music Hall» жанында 17 метрлік жаңажылдық шыршалар орнатылды.
«Нұрлы жол» теміржол вокзалының жанында 17 метрлік шырша мен шағын сәулет нысандары (бұғы, қасқыр, қоян және аю) бой көтерді. Ал Байқоңыр ауданында бес керемет шырша безендірілді. Атап айтсақ, Жастар сарайының аумағы мерекелік іс-шаралар мен отбасылық серуен үшін таптырмас орын болды. Алаңда 18 метрлік шырша шамы жағылып, мұзайдыны мен сырғанақтар ашылды. Тұрғындар мен қонақтар жарық бейнелерінің жанында мерекелік фотосуретке түсіп, арқа-жарқа болып жатты. Ж.Тәшенов көшесіндегі К.Ататүрік атындағы саябақ жүздеген шам мен сәндік элементтері бар қысқы қалашыққа айналып, аумақта 20 метрлік шырша шамы жарқырап, мұз айдыны мен сырғанақ өз жұмысын бастады. Бұған қоса жаңажылдық кейіпкерлер сипатындағы шағын сәулет формалары орнатылды.
Сондай-ақ «Өндіріс» (Ақбидай мен Қ.Кемеңгерұлы көшелерінің қиылысы) және «Кирпичный» (Чехоев және Жолымбет көшелерінің қиылысы) тұрғын алаптарында, «Қоянды» саяжай алабында тұрғындар 8 метрлік шыршалардың сұлулығын тамашалап, мерекелік көңіл күйді сезіне алды. Сонымен қатар аудан бойынша Кеншілер, 5 және Досмұхамедұлы, 6 мекенжайларында екі бес метрлік шырша орналасты.
Нұра ауданында да ауқымды жаңажылдық безендіру жүргізіліп, тоғыз жерде жаңажылдық шыршалар шамы жағылды. Ал Орталық саябақта ұзындығы 290 метр болатын желілік мұзайдыны жасалған. Мұнда серуендеуге, фотоаймақтарда Аяз атаның сыйлықтары бар ат-шанамен суретке түсуге болады. Орталық кіреберісте орнатылған 22 метрлік шыршаның да шамы осы күні жарқырады.
«Зеленый квартал» ТК алаңындағы гүлзарда, тоған маңында әртүрлі шағын сәулет нысандары мен фотоаймақ орнатылып, биіктігі 7 метр шырша қойылды.
«Үркер» тұрғын алабындағы гүлзарда мұзайдыны мен қар сырғанақтары ашылып, кеңістік шыршамен безендірілді. Бұл күні биіктігі 7-ден 14 метрге дейінгі шыршалар шамы «Сарыарқа», «Керуен сити», «Азия парк», «Хан Шатыр» және «Айланд» ОСО сауда-ойын-сауық орталықтарының жанында да жарқырады.
Сығанақ пен Ш.Айтматов көшелерінің қиылысында сырғанақтар орнатылып, 8 метрлік шырша мен тақырыптық шағын сәулет нысандары орнатылды.
Сарыарқа ауданында түрлі биіктіктегі 3-тен 18 метрге дейінгі алты шырша шамы жанды. Аудан тұрғындары мен қонақтарына әдеттегідей мұз сырғанақтары, мұз айдындары және атмосфералық фотоаймақтар ұсынылды. Қала алаңы биіктігі 13 метр табиғи шыршамен безендірілді. Мұнда 600 шаршы метрлік мұзайдыны, мұз сырғанағы мен фотоаймақ, бұғылар мен аюлардың жарқыраған бейнелері дайындалды. Бөгенбай батыр даңғылындағы гүлзар аумағында 43 500 ш.м. мұзайдыны жасалып, шырша орнатылды. Сыйлықтары бар жарқыраған шарлар мен шана қыстың басты мерекесіне ерекше сән беріп тұр. Ал «Көктал» саябағында отбасылық демалыс үшін сырғанақтар, мұзайдыны және 18 метрлік шыршасы бар жаңажылдық алаң ашылды.
Есіл өзенінің жағасы жылда мұзды өлкеге айналатынын білеміз. Биыл да өзен бетінен үлкен мұзайдыны ашылып, әртүрлі деңгейдегі 8 сырғанақ жасады. Биіктігі 8 метр шырша орнатылды.
Сонымен қатар «Наз» театрының жанындағы алаң 3 метрлік мерекелік шырша мен тақырыптық фотоаймағы бар мәдени кеңістікке айналды. Юбилейная көшесі, 22-де биіктігі 8 метр табиғи шырша безендірілген. «Агроқалашық» тұрғын алабында, Оқжетпес-Герцен көшелерінің қиылысында көңілді уақыт өткізуге арналған сырғанақ, мұз айдыны және жарқын фотоаймақтар орналасқан.
Ал Есіл ауданында төрт негізгі нүктеге мерекелік шыршалар орнатылып, жарқырап тұр.
Сондай-ақ ЭКСПО аумағында 23 метрлік шырша пайда болып, мұзайдыны мен сырғанақтар ашылды. Шырша 4000-нан астам ойыншықпен безендірілген, олардың ішінде диаметрі 15-тен 40 см-ге дейінгі шарлар, гирляндалар, басқа да әсемдеуші құралдар бар. Салтанатты шырша шамдарын жағу рәсімінде бұл аумақта да қала тұрғындары шағын архитектуралық нысандар аясында фотосуретке түсіп жатты. Қабанбай батыр даңғылының бойындағы дөңгелек алаңда мерекелік шырша орнатылып, жарықпен безендіру жұмыстары жасалды. Ал Ботаникалық баққа 23 метрлік шырша қойылып, жаңажылдық көңіл күй сыйлады.
«Бәйтерек» монументінің айналасында, «Нұр жол» бульварында, Мәңгілік ел даңғылында, желілік саябақта, «Ұлытау» гүлзары сынды орындар шағын сәулет нысандары мен жаңажылдық инсталляциялармен безендірілді.
«Пригородный» тұрғын алабында да 10 метрлік шырша шамы жағылып, мұзайдыны жұмыс істеп тұр. Аюлар мен жұлдыздар сипатындағы шағын сәулеттік формалар пайда болып, қала тұрғындарын мерекелік көңіл күйге бөлеп отыр.
Жылдың басты мерекесі қарсаңында бас қаланың сәулеті артып, сұлулығы көз тартып, жарқ-жұрқ еткен әсем шыршалардың бой көтеруі елордамыздың сәніне сән қосып, жарқылына жарқыл қосып тұрғаны анық.