Тағзым • Кеше

Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені ашылды

46 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Заманауи ғимараттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, бапкерлер мен спортшылар және спорт ардагерлері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені ашылды

Фото: Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Өңір басшысы көпшілікті келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен және ғимараттың ашылуымен құттықтады.

«Ел Президенті Жолдауында балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет екенін айтты. Осы бағытта облыста спорт инфрақұрылымын жақсартуға көңіл бөлініп жатыр. Өңірде 3500-ден астам спорт нысаны бар. Биыл 11 айда облыста 10 ірі спорт кешені пайдалануға берілді. Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері шаһарда «Түркістан-Арена» стадионы, «Olympic Center» спорт кешені, «Теннис орталығы», «Мұз сарайы» ғимараттары пайдалануға беріліп, спортшыларымыз тыңғылықты жаттығып жатыр. Қазіргі таңда ескек есу каналы мен халықаралық талапқа сай атшабардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұның бәрі – спорт саласына жасалған қамқорлық әрі үлкен қолдау. Ал бүгін қазақ халқының даңқты перзенті, Түркістаннан шыққан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені ел игілігіне беріліп отыр. Өңірде чемпионның атын ұлықтау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бүгін ашылғалы тұрған спорт кешенін де ел перзентіне лайықты құрмет деп білеміз. Біз спортты дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз», деді Дархан Сатыбалды.

Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова игі іске мұрындық болған азаматтарға алғысын айтып, аймақта «чемпионның ізбасарлары көбейе берсін» деген тілегін жеткізді.

«Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов та көпшілікті құттықтап, жаңа ғимарат чемпиондарды даярлауға үлесін қосатынын атап өтті.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлім етуінше ғимараттың құрылысына облыс әкімдігі тарапынан 2,7 млрд теңге бағытталған. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорынан технологиялық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге, ішкі әрлеуге, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 500 млн теңге бөлінген. Ғимараттың ауданы – 7248 шаршы метр, жалпы жер ауданы – 1,8 гектар.

Спорт кешенінде бокс, қазақ күресі, грек-рим, еркін күрес, әйелдер күресі, таеквондо, каратэ, үстел теннисі және ойын спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік бар. 300-ден астам жанкүйер сыятын көрермен залы, жаттығу залдарымен қамтылған. Республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге болады.

Айта кетсек, Түркістан облысында спорт қарқынды дамып келеді. Өңірде 29 олимпиадалық, 34 ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлері дамып жатыр. Биыл облыс спортшылары әлем чемпионаттарынан 106 медаль, Азия чемпионаттарынан 214 медаль жеңіп алды. Дүниежүзілік көшпелілер ойындарында 16 алтын, 10 күміс, 5 қола медаль олжалады.

облыс әкімдігі

облыс әкімдігі

облыс әкімдігі