Кеше Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев пен Экономика министрі Ерболат Досаевтың қатысуымен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-тың алғашқы отырысы өтті. Онда холдингтің орта бизнесті дамытуға арналған жаңа бағдарламасы таныстырылды.
Отырысқа Үкімет мүшелері мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің басшылары мен бизнес өкілдері де қатысты. «Құрметті әріптестер бүгінгі жиынның мақсаты белгілі. Себебі, биылғы жылы бірқатар маңызды бағдарламалар жүзеге асырыла бастайды. Бірінші кезекте, әрине, Елбасының «Нұрлы Жол» бағдарламасы екені аян. Сондай-ақ, индустрияландырудың екінші бесжылдығына орай жасалған бағдарламалар іске қосылады. Солардың ішінде шағын және орта бизнеске Елбасымыз үлкен мән беріп отырғанын бәріңіз білесіздер. Осы тұрғыдан қарағанда бүгін талқылауға түскелі отырған жаңа бағдарламаның дұрыс жасалуы өте маңызды. Қазір Үкіметте кәсіпкерлікті қолдау шаралары күн тәртібінде деуге болады. Ондағы мақсат, бизнестің тиімділігін арттырып, ел экономикасын көтеру екені түсінікті», деді Ә.Исекешев.
Орта бизнесті қолдауға арналған «Бәйтерек» холдингі ұсынып отырған жаңа бағдарлама, еліміздің шикізаттық емес секторында бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған аймақтық және әлемдік деңгейдегі кәсіпорындар шоғырын қалыптастыруды көздейді. Жоспарға сай, бағдарламаның алғашқы кезеңі сынақ түрінде жүзеге асырылады екен. «Біз компанияларды дамытуға, шикізаттық емес экспортты өсіруге, өнеркәсіптік өндірісті арттырып, кәсіпорындарға жоғары табысты жұмыс орындарын құруға көмектесуді көздейміз. Алғашқы кезеңде негізінен үш салаға басымдық беріледі. Олар агроөнеркәсіп кешені, машина жасау және құрылыс материалдарының өндірісі. Ал енді бағдарламаға қандай компаниялар қатыса алады? Нақты көрсетер болсақ, активтері 2 млрд. теңгеден асатын, соңғы үш жылда тұрақты дамыған, осы уақытта бір рет болсын өнімін экспортқа шығарған және кемінде 200 жұмыс орны бар кәсіпорындар қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Ал сапалық талаптарға келсек, менеджмент, стратегия, бизнес үлгінің әлеуеті бағаланады. Бұйыртса, алғашқы жылдардың нәтижесіне қарай бағдарламаның ауқымы кеңейіп, оған бірқатар өзгеріс енгізу жоспарда бар», деді бағдарламаны таныстырған Қ.Бишімбаев.
Сөз болған бағдарлама аясында қарастырылған қолдау шаралары үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыт бойынша, «Бәйтерек» холдингі компаниялар тобының құралдарын пайдалану арқылы қаржылық қолдау көрсету – тікелей несиелендіру, банкаралық несиелеу, лизингтік мәмлелерді қаржыландыру, пайыздық үстемелерді субсидиялау, несиелерді кепілдендіру, экспорттық сақтандыру, экспортқа шығарар алдындағы қаржыландыру мен сауда операцияларын қаржыландыру, инновацияға гранттар бөлу көзделген. Екінші бағыт бойынша консалтингтік көмек көрсетіледі. Бағдарламаға қатысушы компаниялар басқару саласы бойынша әлемдік озық тәжірибелермен танысып, нақты көмектер алу мүмкіндігіне ие болады. Қажет болған жағдайда мамандарды арнайы оқыту да қолға алынады. Ал, үшінші бағыт – мемлекеттік органдармен арадағы жұмысты жолға қою. Бағдарлама аясында компаниялардың жұмысына қатысты мәселелерді шешіп, әкімшілік кедергілерге жол бермеу үшін мемлекеттік органдармен тығыз қарым-қатынас орнату көзделіпті.
Отырыста таратылған баспасөз мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері «Бәйтерек» холдингі мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, әкімшілік өкілдері еліміздің тоғыз өңірінде болып, бағдарламаны түсіндіру үшін 1,5 мың кәсіпкермен кездесулер өткізіпті. Қазіргі таңда бағдарламаға қатысуға 200-ден астам кәсіпкер өтініш беріпті.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».