
Жуырда мекеменің жұмысымен танысуға «ТҮКШ дамыту жөніндегі қазақстандық орталық» АҚ, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі мен Қазақстанның Даму банкінің өкілдері шаһарға арнайы келді. Ұлттық жоба бойынша 2025-2029 жылдары ауызсу, кәріз су жүйелері, энергетикалық желілер елімізде түгел жаңғыртылады. Бұл өз кезегінде коммуналдық мекемелердің қызмет сапасын жақсартып, шығындарын азайтады. Нәтижесінде, халықтың қалыпты өмір сүруіне жағдай жасалады. Осы ретте коммуналдық ұйымдардың қызметі ғана емес, олардың тиімді басқарушылық ісі де маңызды рөл ойнайды. Делегация бұл мәселеге де баса назар аударды. Өйткені коммуналдық сала инвестициялық тұрғыда тартымды болу да керек. Нарықтық қоғамда кәсіпорын өз қызметімен табыс тауып, мемлекеттік бюджетке арқа сүйемеуі тиіс. Ұлттық жобада осы мәселе айрықша көрініс тапқан.
«ТҮКШ дамыту жөніндегі қазақстандық орталық» басшысы Нұрлан Солтамбековтің айтуынша, отыз жыл ішінде коммуналдық салада жаңғырту жүрмеді. Соның салдарынан барлық жүйе тозды. Сондықтан Үкімет коммуналдық шаруашылық саласын түбегейлі жаңғыртуға шешім қабылдады. Алайда оған бөлінетін қаражат бюджет есебінен емес, несиелік заем түрінде болады. Қысқасы, жаңғырту екінші деңгейлі банктер мен халықаралық қаржы ұйымдарының қаражаты арқылы іске асады. «Бәйтерек» холдингі – жобаны үйлестіруші негізгі оператор.
Н.Солтамбековтің мәлімдеуінше, басқару тұрғысынан «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС өте тиімді жұмыс атқарып келеді. Егер компания табысты болмаса, Еуропалық даму және қайта құру банкі несие бермес еді. Аталған қаржы ұйымы мекемеге жеті транш бойынша несиелік қаражат бөлген. Маманның пікірінше, коммуналдық саланы жаңғырту тариф бағасының өсуіне алып келеді. Қымбат тариф құны – коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртудың бірден-бір қаржы көзі. Сондықтан халық коммуналдық қызмет ақысының қымбаттауына дайын болу керек. Ұлттық жоба аясында елімізде 45 кәріз суларын тазалау қондырғылары кешені жаңартылады. Мыңдаған шақырым құбыр жүйелері ауыстырылады. Ең бастысы, тұрғындар үнемшілдікке үйренеді. Коммуналдық сала жаңарған соң қоршаған ортаға, экологияға тигізер зиянды әсері азаяды. Ұлттық жобада көзделген басты жоспардың бірі осы.
«Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС кәріз суларын тазалап, оны егіншілікке пайдалануға шаруаларға тегін босатып отыр. Сондай-ақ шайынды судан электр энергиясын өндіреді. Англиядан әкелген арнайы бактерия арқылы кәріз жүйесіндегі қалдықтарды түгелдей дерлік тазалауға мүмкіндік алды. Бұрын тазалау қондырғысы кешені маңында күлімсі иіс қатты сезілетін. Ол тіпті маңайдағы елді мекен тұрғындарына қолайсыздық тудыратын. Жаңа тәсілді қолданғалы күлімсі иіс кетіп, шайынды судан азғантай ғана қалдық қалатын болды. Ол кешен жанында көңге айналғанша сақталып жатады. Табиғи тыңайтқышты қала әкімдігі гүлзарлар топырағын байытуға пайдаланып жүр. Бактерияның арқасында кәріз су жүйесінде ештеңе қалмайтын болған соң жаман қалдықтарды тазалайтын, сақтайтын бұрынғы қондырғылар істен шығарылып, резервке қойылды. Осының өзі кәсіпорын жұмысының тиімділігі мен үнемшілдікке құрылған стратегиясын көрсетеді.
Н.Солтамбековтің айтуынша, әрбір сумен жабдықтаушы мекеме осы тәсілмен жұмыс істеуі керек. Яғни модернизация арқылы жұмсалатын шығындарды азайтып, тауардың өзіндік құнын түсіруге күш салу қажет. Мықты басқарушылық әдіс болмаса істің бәрі бекер. Айталық жаңғырту нәтижесінде қондырғылар жаңаланар. Бірақ жылдар өте бәрібір техника да, технология да тозады. Сондай кезде жүйелі менеджмент болмаса коммуналдық сала қайтадан баз-баяғы қалпына түсіп қалуы ғажап емес. Осы орайда «Су ресурстары-Маркетинг» серіктестігінен үйренер үрдіс көп.
ШЫМКЕНТ