
«Ассамблея құрамасы» – сахнада мемлекеттік тілде ғана өнер көрсетеміз деген мақсатпен құрылған. Бұл – Ассамблеяның «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасының бір бөлігі.
Түрі басқа болғанымен тілі бір, тілегі ортақ этнос өкілдерінен құралған команданың қатарында өзбек, корей, славян және қырғыз жастары бар. Олар бір сахнада қоғамдағы түйткілді мәселелерді астарлы әзілмен жеткізеді. Өнерпаздары – еліміздің әр өңірінен жиналған жастар.
«Ассамблея құрамасы» командасының капитаны ретінде «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Астана қаласы КВН өкілдігінің басшысы Фурхат Курбановтың таңдалуы да бекер емес. Қайбір істі бастаудың өзіндік қиындығы бар. Өзіне артқан үмітті ақтаған Фурхат Курбанов іскерлігімен көзге түсіп, Ассамблеяның құрамасын жасақтауға атсалысып келеді. Ол жан-жақтан көзге түсіп жүрген қабілетті жастарды командаға шақырып, бір шаңырақ астына жинады, әлі де талантты қыз-жігіттерді іріктеп, жол сілтеп жүр.
«Астанадан Денис Романов, Рахат Батырхан, Қызылордадан Әліби Басаров, Ақтаудан Андрей Передельский, Жетісудан Екатерина Подгорнова, Түркістаннан Бексұлтан Жолдықожаев «Ассамблея құрамасының» айнасына айналды. Өнерімен қатар барлығы да мемлекеттік тілді жетік меңгерген. Ең бастысы құрметпен қарайды. Осы қасиеттері команданы алға жетелеп, өзгелерден ерекшелендіріп тұрады», дейді команда капитаны.
Әрбір жеңіс пен қуанышқа команда мүшелерінің үлесі бар. Команданың жетекшісі Әліби Басаров Қызылорда облысы Қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығының» директоры бола жүріп, әрбір ойынға жанашырлықпен қатысып, барын салып ойнайды. Сахнада 15 жылдық тәжірибесі бар өнерпаздың «Ассамблея құрамасына» келуі де кездейсоқтық емес.
«Күлкі өмірдің бір бөлшегі ғой. Әсіресе ол қоғамдағы күрделі мәселелерді әзілмен бере білсе... Дегенмен ол шеберлік пен жоғары біліктілікті қажет етеді. Ең бастысы күлдіремін деп бүлдіріп алмау керек», дейді Ә.Басаров.
Ал «Spectrum халықаралық мектебінің» қазақ тілі мұғалімі қызметін атқаратын Денис Романов оқушы кезінде «Мың бір ел» іс-шарасы аясында этнос өкілдері арасында «Жайдарман» ойыны өтіп, сол бәсекеде үздік ойыншы атанады. Көзге түскен талантты жігітті бірден «Ассамблея құрамасы» шақырады.
«Менің өмірім көңілді тапқырлар клубымен байланысты секілді. 10-сыныпта алғаш рет көңілді тапқырлар клубында ойнадым. Содан бері қол үзген емеспін. 2019-2024 жылдар аралығында Павлодар білім-инновация лицейінде еңбек етіп жүргенімде оқушылардан команда жинап, олардың авторы-жетекшісі болдым. Осы жылы «Spectrum» мектебінде түрлі этностардан құралған команда жасақтадым. Олар аймақтық Көңілді тапқырлар лигасында өнер көрсетті», дейді өз жетістіктерімен бөліскен Д.Романов.
Командадағы «арпа ішіндегі бір бидай», сахналық лақап аты «Сары қыз» атанып кеткен Екатерина Подгорнова – Талдықорған қаласының тумасы. Қазір Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университеті жанындағы колледж студенті. 2022 жылы Жезқазған қаласында өткен «Жайдарман» ойындарында Жетісу облысының «Ассамблея жастары» мүшелері бірінші орын алады. «Сары қыз» сол ойында көзге түсіп, «Ассамблея құрамасына» қабылданады.
«Мен Жетісу облысындағы кішкене ғана Абай ауылында өстім. Қазақ мектебінде оқыдым, достарым, көршілерім, таныстарым түгел қазақтар болды. Сондықтан менің қазақша сөйлемеуім мүмкін емес еді», дейді Е.Подгорнова мемлекеттік тілге деген сүйіспеншілігін білдіріп.
Құрама ішінде «Малой» сахналық әзіл атымен танылған Андрей Передельскийдің де өзіндік орны мен көрермені бар.
«Қазақ тілінің әзілдесуге ыңғайлы сөз орамдары жетерлік. Маған сахнада ойнау да, көрерменді күлкімен қуанту да ұнайды», дейді ол.
Алда талай аламан бар. «Жайдарман» үздіктері «Ассамблея құрама» командасының қатарын толықтыруды жоспарлап отыр. «Ел іші – өнер кеніші» деген мәтелді негізге алған команда өңірлерге шығып, талантты жастар арасында ойындар ұйымдастырып, болашақ команда мүшелерін іріктемек.
«Әзіл әлеміне үкілеп дарабоздарын қосқан Ассамблея мемлекеттік тілді этнос өкілдері арасында дамытуға күш сала береді. Ал «Ассамблея құрамасының» жеңісті де жемісті күндері әлі алда!», дейді команда жетекшісі Ә.Басаров.
Расында, күлкінің қоғам өмірінде атқарар пайдасы көп. Мәселен, қазіргі уақытта әзілқойлар мен тапқырлардың ордасына айналған «Жайдарман» нағыз жас дарындылардың мекені болып келеді. Жоба жастар арасында креативті платформалардың біріне айналған.